«Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқандар жауап береді»: «Хутор» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаев үндеу жасады
Талғарда бір топ адамның қолынан көз жұмған Шерзат Болаттың өліміне күдіктілердің бастығы делінген «Хутор» бандасының басшысы Хасан Қасымбаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Ол өзіне жала жабылғанын, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратылып жатқанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Хасан Қасымбаев желіде таралған ақпарат отбасының мазасын қашырғанын алға тартты.
“Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттағы Қасымбаев Хасан деген мен боламын. Талғарда болған қайғылы оқиға, Шерзат деген баланың қазасына, туған-туысқандарына, әке-шешесіне қайғырып көңіл айтамын. Әрине, қиын. Ешқайсымыздың басымызға бермесін. Мен де әкемін. Бала тәрбиелеп, өсіріп отырмын.
Біздің отбасымызға да оңай болып тұрған жоқ. Қанша күннен бері ұйқы жоқ. Жалған ақпарат менің және отбасымның мазасын қашырды”, – деді ол.
Өз сөзінде Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін мәлімдеп, қылмыскерлердің жазаға тартылатынына сенім білдірді.
“Банда, ОПГ деп жатыр ондайға қатысым жоқ. Заң алдында проблема болмаған, сотталмағанмын. Әрине, інісі сотталған деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқан тұлғалардың бәрін заң бойынша жауап беруін сұраймын. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң бойынша арыздарын жазсын. Қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазаларын алады деп ойлаймын”, – деді ол үндеуінде.
Айта кетейік, 16 жастағы Шерзат Болатты қатыгездікпен өлтірген күдіктілердің “Хутор» бандасына қатысы бар дегенді растайтын ақпарат тарады.
Сондай-ақ бұған дейін Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әкесі «Хутор өкілдері» өзін қалай қорқытқанын айтып берген еді.