Адвокат тұтқынды «өз-өзін өлтіруге жеткізбеуді» билікке ескертті

0

Адвокат Айман Омарова бүгін Азаттық тілшісімен әңгімеде қазір Алматы облысындағы қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан клиенті Жанна Өмірованың «өзіне қол салуға әрекет жасағаны» туралы Facebook әлеуметтік желісінде сенбіде жазған постына қатысты түсініктеме берді.

Омарова 29 желтоқсанда Facebook-тегі парақшасына «Егер Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА 155/8 мекемесінде отырған клиентім Жанна Өміроваға бірдеңе болса, ол үшін мекеме қызметкерлері мен ҰҚК жауап беретін болады!» деп жазған. Адвокат осы постында 24 желтоқсанда тұтқын Жанна Омарованың «өзіне-өзі қол салмақшы» болғанын, бірақ «мекеме әкімшілігі бұл оқиғаны жасырып қалғанын» хабарлаған.

Бүгін Азаттық тілшісімен әңгімеде адвокат Айман Омарова 29 желтоқсанда Алматы маңындағы ЛА 155/4 мекемесінде қамауда отырған Жанна Өміровамен кездескенін айтып берді.

Адвокаттың сөзінше, түрмедегі кездесуде Өмірова оған 24 желтоқсанда «көп дәрі жұтып алғанын», сосын өзін жайсыз сезініп, оған дәрігерлік көмек жасалғанын айтып берген. Өмірова 21 желтоқсанда оның өтінішін қараған соттың тұтқынның жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға ауыстырудан бас тартуына түрме әкімшілігі мен ҰҚК кінәлі деп санайды.

ЛА 155/4 мекемесі бастығының орынбасары Болат Аманов Азаттыққа тұтқын Жанна Өмірованың 24 желтоқсанда мекеменің медициналық бөліміне әлдебір дәрілер ішіп алғанын айтып барғанын растады. «Оны түбегейлі тексерді, бірақ улану белгілері табылмаған соң аудандық немесе облыстық емханаға жіберген жоқ» деді Аманов. Оның сөзінше, 29 желтоқсанда қамау мекемесіне келген адвокат Айман Омарова тұтқын Жанна Өміровамен кездескен. Бұдан соң адвокат әлеуметтік желіде жариялаған постты қазір мекеме әкімшілігі зерттеп жатыр деді Аманов.

Қапшағай қаласының 36 жастағы тұрғыны, өткен жылы «терроризмді насихаттады» және «алауыздық тудырды» деген айыптармен бес жылға сотталған Жанна Өмірова бұған дейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитетін (ҚАЖК) «өзін-өзі өлтіруге жеткізді» деп айыптаған. 24 желтоқсанда түрмеден Азаттыққа телефон соққан Өмірова «қоштасу хатын» оқып берген.

Оқи отырыңыз: Сотталушы ҚАЖК-ні «өзіне қол салуға жеткізеді» деп айыптады

Өмірова Қазақстан президенті мен күш құрылымдарының басшылары атына жолдаған үндеуінде Қазақстанда сотталғандардың «мүлдем құқығы жоғын» мәлімдеген. Ол «бассыздықтан, баласыз өтіп жатқан өмірден және заңсыздықтан шаршағанын» айтып, ЛА-155/4 мекемесінің әкімшілігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетін (ҰҚК) өзін босатуға кедергі келтіріп отыр деп айыптаған.

23 желтоқсанда Алматы облысы Іле аудандық соты Жанна Өмірованың жазасының өтелмеген бөлігін шартты жазаға ауыстырудан бас тартқан. Өмірова кәмелет жасына толмаған және зейнет жасындағы жалғыз анасының қарауында қалған балаларының қасында болу үшін жазасын жеңілдетуді сұраған. Жанна Өмірованың күйеуі Жақшыбек Бимурзаев «терроризмді насихаттады» деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына он жылдан асқан.

Дереккөз: Азаттық