Адвокат «митинг заңын бұзды» деп қамалғандардың аштық жариялағанын айтады

0

Адвокат Жанар Балғабаева 23 желтоқсанда Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша қамау мекемесінде отырған бірнеше белсенді аштық жариялағанын айтты.

— Мен бүгін түске дейін қорғауымдағы Қанат Жақыпов пен Асхат Жексебаевпен кездестім. Олар өздеріне қатысты желтоқсанның 20-сы күні өткен аппеляциялық соттың шешімінен кейін, наразылық білдіріп, аштық жариялағандарын растады. Олар «бейбіт митинг заңын бұзды» деп айыпталып, қамауда отырған жиырмадан аса адамды босатуды талап етіп отыр. Екеуі қазір тек су ішіп жатыр. Жексебаевтың жағдайы жаман емес, ал кездескен кезде Жақыповтың басы айналып тұрды. Қанат Жақыпов осыған қатысты мәлімдеме жасап, мен арқылы құқық қорғаушылар мен журналистерге беріп жіберді. Онда Жақыповтың мұндай қадамға неліктен барғаны жазылған, — деді адвокат Жанар Балғабаева.

Қанат Жақыповтың мәлімдемесінде Әкімшілік кодекстің 488-бабы (Бейбіт митинг ережесін бұзу) бойынша жазаға тартылып, қамауда отырған жиырмадай адам үшінші күн аштық жариялап жатқаны жазылған. Жақыпов мәлімдемесінде «сот шешіміне наразы екенін айтып, босатуды талап еткен». Белсенді бұл талап орындалмайынша, аштықты тоқтатпайтынын атап өткен.

Тәуелсіздік күні қарсаңында әкімшілік жазаға тартылып, 13 тәулікке қамалған Ноян Рақымжанов та қамауда аштық жариялағанын айтады. Ол бүгін, 23 желтоқсанда қамаудан босап шықты.

— Менімен бірге Райымбек есімді бір жас жігіт шықты, екеуімізді алып тастағанда жиырмадан аса адам аштық жариялап отыр. Біз де екі күн аштық жарияладық, — деді белсенді.

Алматы қалалық полиция департаменті Азаттыққа қамауда отырғандардың аштық жарияланғанын растамады.

Қазақстанда 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында жоспарланған билікке қарсы митинг алдында Алматы мен Нұр-Сұлтанда оннан астам белсенді қамалған. Олар қарашаның соңында өткен митингілер үшін жазаланған.

Ал Тәуелсіздік күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда Желтоқсан көтерілісі мен Жаңаөзен оқиғасында қаза тапқандарды еске алу шарасынан кейін полиция билікке наразылық танытқан ондаған адамды ұстаған. Ақтау, Шымкент, Оралда кейбір белсенділерді үйінен әкеткен.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 16 желтоқсанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда 55 адам «заңсыз митингіге қатысты» деп ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп деп есептейді.

Azattyq