Адвокат: Каримованы колониядан ауруханаға әкетті

0

Азаттықтың Өзбек қызметімен телефон арқылы сөйлескен адвокат Манжа шілденің 18-і күні Ташкент облысы Зангиат ауданындағы №21 колонияға барып, ішке кіре алмағанын айтты.

– Түрме әкімшілігі Гүлнара Каримованың адвокаты екенімді растайтын құжат сұрады. Мен оларға куәлігімді көрсеттім. Осыдан соң түрме әкімшілігінің өкілдері сыртқа шығып кетіп, қайтып келгенде менен Швейцария прокуратурасы берген рұқсат қағазды талап ете бастады. Бұған дейін менен еш жерде мұндай құжат сұраған емес. Түсінгенім бойынша, олар мені қорғауымдағы клиенттен алшақ ұстағысы келеді. Колония қақпасының алдында алты сағат күткеннен кейін, Ташкентке оралуға мәжбүр болдым, – деді ол.

Адвокаттың сөзінше, оған қорғауындағы клиентпен кездесуге әйелдер колониясының басшысы Гульрух Каримова рұқсат бермеген. Кейінірек Манжа оның суретін Twitter парақшасына жариялады.

Грегуар Манжа «Гүлнара Каримованың денсаулығы нашарлап кеткендіктен онымен кездесуге тыйым салуы мүмкін» деп топшылайды.

Швейцариялық адвокат колония қақпасының алдында рұқсат күтіп тұрған кезде, түрме аумағынан бірнеше жедел-жәрдем көлігінің шыққанын байқаған. Сенімді ақпарат көзінен алған дерегіне сүйенген Манжа жедел-жәрдем көліктерінің бірінде Гүлнара Каримова болғанын айтады. Оның сөзінше, Каримова отырған колонияда соңғы аптада екі әйел қайтыс болған.

Гүлнара Каримова отырған әйелдер колониясындағы жағдаймен жақсы таныс шенеуніктердің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне түзеу мекемесінің екі тұтқыны «колония әкімшілігінің cалғырт қарауынан жан тапсырғанын» айтты. Шенеунік швейцариялық адвокаттың «№21 колонияда тұтқындар жиі өледі» деген пікіріне қосылып, өзі білетін ақпаратпен бөлісті.

– Марина Финк деген тұтқын көп қан жоғалтып, ал Тожинисо Маматкулова деген екінші әйел қан қысымы кенеттен көтеріліп көз жұмды. Екі әйелдің өліміне миға қан құйылу мен гипертония себеп болған. Дәл осы диагноздар Гүлнара Каримоваға да қойылған. Өлер алдында екі әйел де түрме әкімшілігіне жағдайы ауыр екенін айтып, сапқа тұруға шықпай, іште қалуға рұқсат сұраған. Бірақ колония басшысы Гульрух Каримова олардың өтінішін қабылдамай, науқас әйелдерді жоқ дегенде бір сағат аптап күннің астына тұрғызып қойған. Зангиаттағы әйелдер колониясында соңғы бірнеше айда кем дегенде сегіз тұтқын қайтыс болған, – деді ол.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Гүлнара Каримова отырған түрме басшылығынан жауап ала алмады.

Өзбекстан әділет министрлігі «№21 колониядағы жағдайға қатысты ақпаратты ішкі істер министрлігінен алып, швейцариялық адвокаттың Каримовамен кездесе алмауына қатысты сұрақтарды Бас прокуратураға қою керек» деді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі шілденің 18-і күні ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның баспасөз қызметіне хабарласқанымен, телефон қоңырауына ешкім жауап бермеді.

Швейцариялық адвокаттан бөлек, Каримованың қызы Иман №21 әйелдер колониясындағы шешесіне тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен оның денсаулығы күн санап нашарлай бастағанын үздіксіз жазып жүр.

Өзбекстан әділет министрлігі мен омбудсмен бұл ақпаратты жоққа шығарып, Гүлнара Каримоваға колонияда пайдалы ас берілетінін, ал оны медициналық тексеруден өткізу үшін білікті дәрігерлер шақырылғанын мәлімдеді.

Маусым айының соңында Швейцарияның бас прокуратурасы Каримованың ақша жымқыру және пара алу жолдарын тексеру кезінде бұғаттаған 130 миллион франк ақшаны Өзбекстанға қайтару туралы қаулы қабылдаған.

Бірақ кейінірек Швейцария соты Каримова ісі бойынша бұғатталған 850 миллион доллардың 555 миллионын Өзбекстанға қайтару процесін уақытша тоқтату туралы шешім шығарды.

Гүлнара Каримова Мәскеудегі Mercedes-Benz Fashion Week шарасында. 2 сәуір 2011 жыл.

Гүлнара Каримова Мәскеудегі Mercedes-Benz Fashion Week шарасында. 2 сәуір 2011 жыл.

Иман Каримова мен швейцариялық адвокаттың айтуынша, ақша аударымын уақытша тоқтатуға Гүлнара Каримованың колониядағы денсаулық жағдайының күрт нашарлауы себеп болған.

Өзбекстанда Гүлнара Каримоваға қарсы екі қылмыстық іс қозғалған. Іс материалдарындағы мәлімет бойынша, мемлекетке келген жалпы шығын екі милиард долларды құрайды.

2015 жылдың тамыз айында Ташкент соты Каримованы салықтан жалтару, ақша жымқыру, бопсалау және басқа да қылмыстар бойынша кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Осыдан кейін Каримованың үстінен алаяқтық, шетелдік валютаны жасыру, кеден заңнамасы мен қылмыстық жолмен тапқан табысты заңдастыру тәртібін бұзу баптары бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған.

2017 жылдың желтоқсан айында Гүлнара Каримова 10 жылға түрме жазасына кесілді. 2018 жылдың шілде айында сот оның жазасын жеңілдетіп, бес жылға үйқамақта қалдыру туралы ұйғарымға келді. Каримова жазасын қызы Иман тұратын үйден шықпай, интернет пен телефон пайдаланбай өтеуі керек болатын. 2019 жылы наурыз айының басында Өзбекстан бас прокуратурасы Гүлнара Каримованың сот шешімімен үйқамақтан колонияға ауыстырылатынын хабарлады. Өзбекстан билігі Гүлнара Каримованың сот талаптарын бұзып, бірнеше рет телефонмен сөйлесіп, үйден шыққанын айтты.

Осыған дейін үш ірі мобильді компания – Telia, Vimpelcom және МТС Өзбекстанның телекоммуникациялық нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға миллиондаған пара бергенін мойындаған. Осы мәлімдемеден кейін АҚШ билігі Гүлнара Каримоваға 865 миллион доллар көлемінде пара алды деп ресми түрде айып таққан.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз