Домой Жаңалықтар Адвокат Ақжарқын Тұрлыбайдың хатын жариялады

Адвокат Ақжарқын Тұрлыбайдың хатын жариялады

0
720

Қытайда өмір бойына сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты қыздың анасына жазған хатын жариялады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Адвокат Сұңқар Нұрмағанбетовтың айтуынша, Ақжарқын қазір Қытайда жазасын өтеп жатыр. Оның сауда жасауға, тұрақты түрде отбасына қоңырау шалып тұруға, сонымен қатар хат алып, хатқа жауап беруге мүмкіндігі бар екенін айтты.

Заңгер Ақжарқынның анасына жазған хаттарының бірін жариялады.

«Аяулы анашым. Отбасыммен бірге болуды қаншалықты армандайтынымды білсеңіз ғой. Балалық шағымды, сіздерді қатты сағындым. Білесіз бе, біздің жүрегіміз бір-бірімен тығыз байланысты. Біз әлі де жақынбыз. Мен отбасымыздың әрбір мүшесін сағындым және жақсы көремін. Сізден тағы да хаттар мен фотолар күтемін. Сүйіспеншілікпен, қызыңыз Ақжарқын», — делінген өткен жылдың 15 желтоқсанындағы хат мәтінінде.

Нұрмағанбетов Ақжарқын елге қашан оралады деген сауалға да жауап беруге тырысты.

«Қазақстанның сотталған азаматтарын беру 2015 жылы Бейжіңде қол қойылған екіжақты келісіммен реттеледі. Мұндай келісім барлық елде жоқ. Бұл факт», — дейді Нұрмағамбетов.

Процедура келесі қадамдардан тұрады:

  • өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығынан айыруға қайта қарау туралы шешім;
  • ҚР Бас прокуратурасына сотталған азаматтарды қайтару туралы өтінішхат жолдау;
  • ҚР Бас прокуратурасының және Сыртқы істер министрлігінің Қытай тарапымен сотталған азаматтарды қайтаруды жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылы.

«Өте маңызды сәт — жаза биыл қайта қаралуы мүмкін. Осыған күш салудамыз. Ең алдымен бізге қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтамын», — дейді Нұрмағамбетов.

Еске сала кетейік, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанжоу әуежайында ұсталған еді. Кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Біраз уақыттан кейін сот үкімі жойылып, іс қайта қарауға жолданды.

Ақжарқын Тұрлыбай сот үкімін бір жылдан бері күтіп отыр. Маусымда қазақстандық дипломаттар Қытайда сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың колонияда йога мен ағылшын тілін үйретіп жүргенін хабарлады.