Әділхан Макин екі рет оқудан шығарып жібергенін айтты
Беделді халықаралық конкурстың жеңімпазы өз жоспары жайлы әңгімелеп берді
НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде — Sputnik. Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан әнші Әділхан Макин жайлы көп адам біле бермейтін, дегенмен бүгінде жас әртіс ән сүйер қауым мен кәсіби мамандардың аузында жүр. Қазақстандық талант «Славян базары» халықаралық конкурсында Гран-при иеленгеннен кейін кеңінен танымал болды. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне мұндай керемет жетістікке қалай қол жеткізгенін айтып берді.
24 жастағы әнші Әділхан Макин ән айтуды бала күнінен бастаған. Дегенмен тым ерте пайда болған талантқа туыстары аса қатты назар аудара қоймайды. Өйткені туыстарының ешқайсының музыкадан хабары болмаған. Жас әншінің айтуынша, ол Maкиндер әулетінде сахна мен музыканы жақсы көретін алғашқы адам болған.
«Анам заңгер, әкем әскери қызметкер. Бала күнімнен спортпен шұғылдандым. Шығармашылық қабілетім бар екені сол кезде-ақ байқалды. Балабақшада тәрбиеші «Қара мысық» қойылымын қойды. Мен басынан аяғына дейін басты рөлді ойнап шықтым, ән салдым. Дегенмен біз бұған ерекше көңіл бөлмедік», — деп еске алды жас әнші.
16 жасында музыкамен шындап айналысқан
Әділхан мектеп жылдарында мұғалімдерге үйірмелер мен ән байқауларына қатысатынын айтып, сабақ оқудан жалтару үшін спортпен, музыкамен айналысқан екен. Алайда біраз уақыттан кейін «мұғалімдерге арналған сылтау» сүйікті ісіне айналып шыға келеді.
«Тоғызыншы сыныптан кейін өз еркіммен музыкалық колледжге түстім, дәл сол кезде ата-анам сапарда болды. Грантқа түстім. Ата-анам келгенде, анам: «ақыры соны қалаған екенсің, бұл – сенің таңдауың» деп сәттілік тіледі, ал әкем алғашында қарсы болды, кейін бірте-бірте мені қолдай бастады», — дейді Әділхан Макин.
Бірінші курсты бітіргеннен кейін жас музыкант астаналық өнер колледжіне ауысады. Бұл оқу орнында Әділхан ұзақ уақыт қала алмайды, өйткені ол барлық уақытын шығармашылыққа – вокал, музыка және актерлік шеберлікке ғана арнайды.
«Колледжден шығарып жіберді, кейін университетке актерлік шеберлік мамандығына түстім. Екі жыл бойы оқып, ол жерден де шығарылдым. Жалпы пәндер бойынша үлгерімім нашар болды, сабаққа қатыспадым, шығармашылыққа көп уақыт бөлдім, әр түрлі байқауларға қатыстым. Біраз уақыттан кейін Алматыға кетіп, Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша түстім. Қазір сонда оқимын, төртінші курсқа өттім», — дейді ол.
«Славян базарына» ілігуге үш рет әрекет жасаған
24 жастағы әртістің музыкалық байқауларға қатысудан мол тәжірибесі бар.
2012 жылы Әділхан әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен бірге «Жас қанат» ән байқауына қатысқан, бірақ ол жобаның финалына ғана жетті, ал Димаш бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ, әртіс «Дауыс» шоуының қазақстандық нұсқасын жеңіп алуға екі рет әрекеттенген, бірақ екі жағдайда да сәттілік оның жағында болмады. Макин еңсесін түсірмей, отандық «Х-фактор» музыкалық шоуында бақ сынап көреді. Бұл жобада ол финалға дейін барды.
Жас әртісті «Славян базары» халықаралық байқауының іріктеу кезеңінде де ауыр сынақ күтіп тұрды.
«Үш жыл қатарынан «Славян базарына» баруға тырыстым. Іріктеу кезеңдеріне қатыстым. Мұнда, Қазақстанда іріктеу өте қатаң, конкурста елдің намысын қорғайтын адамды мұқият таңдайды. Екі рет өтпей қалдым, тек үшіншісінде ғана бағым жанды. Беларусте үшінші нөмірде өнер көрсеткенімді айта кету керек. Конкурсқа өте мықты вокалистер қатысты, арасында атақты адамдар да болды», — дейді Макин.
Бейқам күн кешуге уақыт жоқ
Әнші авторлық әндер жаздырып, бейнебаян түсіріп, жеке репертуарымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Оның барлығын продюсердің көмегінсіз жеке өзі істемек.
«Продюсермен жұмыс істемейтінім анық. Өз әндерім жоқ. Бұрын әлемдік хиттерге аранжировка жасадым. Қазір белсенді жұмыс істеп жатырмын, бейқам күн кешуге уақыт жоқ, ән жазып, репертуармен жұмыс істеп, бейнебаян түсіру керек», — деп түйіндеді әртіс.
15 шілде күні қазақстандық әнші Әділхан Макин Беларустің Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық конкурсында Гран-при жеңіп алды. Фестивальдің жабылу салтанатында ол сондай-ақ Беларусь президенті Александр Лукашенко 2019 жылы құрған «Славян үміті» жүлдесімен марапатталды.
sputniknews.kz