Әділет министрлігі Олжас Сүлейменовтың партия құру жөніндегі өтінішін қабылдады

0

Әділет министрлігі «Қазақстан Халық Конгресі» Интернационалдық демократиялық партиясын құру жөніндегі өтінішті қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Қазақстан Халық Конгресі» Интернационалдық демократиялық партиясын құру ниеті туралы хабарлама Әділет министрлігіне 2023 жылдың 31 қаңтарында келіп түскен. «Саяси партиялар туралы» Заңның 6-бабына сәйкес партия кемінде жеті жүз адамнан тұратын азаматтар тобының бастамасымен құрылады. Саяси партияны Әділет министрлігі тіркейді.

Ведомство тіркеуші орган хабарламаны және құжаттарды алған күні ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасына олардың ұсынылғанын растайтын құжат беретінін хабарлайды. «Саяси партиялар туралы» Заңның 12-бабына сәйкес мемлекеттік органдарға ұсынылған тізімдердің дұрыстығын тексеру функциясы жүктелген.

«Ұсынылған құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша Әділет министрлігі сол күні «Қазақстан Халық Конгресі» Интернационалдық демократиялық партияның құжаттарды ұсынғаны туралы растама берді. Сонымен қатар, ұйымдастыру комитеті растама алған күннен бастап 3 айдан кешіктірмей құрылтай съезін өткізуі тиіс. Құрылтай съезінен кейін ұйымдастыру комитеті партияға мүшелерді қабылдау бойынша жұмыс жүргізеді, олар кемінде 5 мың болуы тиіс. Партияны тіркеуге арналған құжаттар құрылтай съезі өткізілген күннен бастап 4 айдан кешіктірілмей ұсынылуы тиіс», — деп ескертеді Әділет министрлігі.

Интернационалдық партия әлі бұл процедураның бәрінен толық өтпеген. Әділет министрлігі «Қазақстан Халық Конгресі» Интернационалдық демократиялық партиясын құру жөніндегі өтініш әзірге тек қарастырылып жатқанын, ол «партия тіркелді» деген сөз емес екенін ескертеді.

2023 жылғы ақпандағы жағдай бойынша республика бойынша 7 саяси партия тіркелген:

1. «Amanat» партиясы;

2. «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы;

3. Қазақстан Халық партиясы;

4. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;

5. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия»;

6. Қазақстандық Жасылдар партиясы «Байтақ»;

7. «Respublica» партиясы.

Еске сала кетсек, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Қазақстан халық конгресі» партиясын құратынын былтыр мәлімдеген еді.