Әділбек Қаба: 30 жылда ең болмаса қазақша 3 заң жаза алмадық

0

Тілге қажеттілік туғызудың бірінші жолы әрине, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру екені белгілі. Айта кететін нәрсе, бұл жұмысты мемлекет 30 жыл бойы тоқтаусыз жүргізіп келеді.

Орыс тілділер «бізге мүмкіндік беріңдер, оқытыңдар, үйретіңдер» деді. Оқытудан, мүмкіндік беруден кенде болғамыз жоқ. Әлі оқытып жатырмыз. Тілді оқытуға, мемлекттің миллиондаған ақшасы жұмсалды. Нәтиже қайда? Белгіленген меже бойынша еліміздің азаматтарының 90 пайыздан астамы әртүрлі деңгейде игергенімен,  әлеуметтік зерттеулер бойынша 52,7 пайызы қазақша еркін сөйлеп, жаза алады. Ал енді қалғаны 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, тіпті ниеттенбесе оған мемлекет кінәлі ме? Президенттің алдымен ниет болуы керек деп отырғаны да осыдан. Бірақ қашан ниеттенеді екен деп күтсек, тағы жүз жыл күтуіміз мүмкін. Осының бәрі қажеттілік туғызатын тетіктің жоқтығынан.

Иә, рас, іс қағаздары қазақша жүре бастады. Алайда, жүз пайыз қазақшаға көшті деп айтуға ерте. Әсіресе бизнес саласында. Ақиқатында әр құжаттың артында орысшасы бірге жүреді. Көбіне құжаттар алдымен негізінен орысша дайындалады, сосын оны көз үшін, есеп үшін қазақшаға аударады. Бұған біздің Заңдарымыз дәлел. Заңдар талқыланатын салыстырмалы кестелер дәлел. 30  жылда ең болмаса  қазақша 3 заң жаза алмадық? Бүгінгі күні қазақ халқы саны жағын өсті, 70-  пайызды құрайды деп мақтанамыз. Оны алдағы жалпы халықтық санақ та көрсетер. Алайда ұлт тілінде жазылмаса, оқылмаса, қоғамдық орындарда өз тілінде сөйлеспесе, заңын өз тілінде жаза алмаса, жиындары қазақша өтпесе санымыздың көбейгенінен не пайда?

Жаһандану бел алған сайын елімізге басқа елдің азаматтары бірі жұмыс бабымен, екіншісі басқа себеппен келіп қоныс тебе бастайды. Қазір келгендер бірден орысша үйренуге тырысатыны байқалады. Неге? Өйткені біздің қаладағы қоғам орысша сөйлейді. Автобуста, дүкенде, барлық жерде орысша қызмет көрсету белең алып барады. Бизнес тілі орыс тілінде…

Бұл да Президент айтқандай ниеттің жоқтығынан. Ниетін түзететін қажеттіліктің, талап пен бақылаудың жоқтығынан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін біз сөз етіп отырған мақаласында «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда “Ештен кеш жақсы” деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек»,- деуі де сондықтан.

Посткеңестік кеңістіктегі елдерде тіл саясатының заңнамалық базасының өзгеруі қарқынды түрде жүзеге асырылды. Мәселен, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан Кеңес өкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертті, Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғалы Мемлекеттік тіл туралы заңдарына үш рет өзгеріс енгізді. Көптеген елдерде мемлекеттік тілді білу – азаматтары үшін «міндет» болып табылады: «Әзербайжан Республикасының әрбір азаматы әзербайжан тілін білуге міндетті» (Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңы. 1-бап, 1.1-тармақ)«Француз тілін қолдану мыналар үшін міндетті болып табылады:…» (Француз тілінің қолданысы туралы № 94-665 Франция заңы («Тубон заңы»). 2-бап).

Ұлыбританияда белгілі бір лауазымда жұмыс істеуі немесе оқу орнында білім алуы үшін кез келген тұлға ағылшын тілін талап етілген деңгейде білетінін аталған тест бағдарламалары арқылы растауы қажет. Осы арқылы қоғамдық ортада тілді пайдалану сұранысы жасалынады.

Германияда Гете-Институты әлемнің 80-ге жуық елдерінде қызмет атқарады. Мәселен, Германияда өз ісін ашуға ниет білдіргендерге неміс тілін орта деңгейде меңгеруіне берілетін Гете-Институтының сертификатынсыз бірлескен кәсіпорын,  фирма ашуға рұқсат етілмейді.

Эстонияда еңбек нарығында эстон тілін білуі жұмыс орнын табу, өз ісін кеңейту үшін басты себеп, эстон тілін білген тұлғаға лауазымын жақсартуға, жоғары жалақы алуға көп мүмкіндік беріледі.

Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Конституциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Конституциясына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білуі керек. Тіл білмесең азаматтығын бермейтін елдер қатары жаңа мен атап өткенннен де көп екенін білесіздер. Олардың бәрі демократияны жоғары қоятын елдер.

Кімге, неге жалтақтаймыз? 18 миллион халқы бар Қазақстан емес, 150 миллион орыс тілде сөйлейтін халқы бар Рессейдің өзі тілін қорғап заң талаптарын өзгертті.

Мигранттардың тілдік бейімделуіне қатысты Ресей Федерациясының өзінде 2015 жылдан бастап заңнамада белгіленген нормативтер бойынша елде тұруға рұқсат алу үшін орыс тілі мен мәдениетінен (850 сөзден тұратын лексикалық минимум, Ресей Федерациясының тарихы, заңнамасы мен әкімшілік құрылысы, т.б.)  білімі жөніндегі сертификат талап етіледі. Сертификат алу үшін еңбек мигранттарын оқыту орталықтары құрылды. Орыс тілін білетін мамандарға азаматтық алу жолдары жеңілдетілді.

Қажеттілік туғызу керек. Еліміздің әр азаматы өз бетімен үйренуге, таза сөйлеп, жазуға, өмірде қолдануға мәжбүр болуы керек. Қайда барса да алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға мүмкіндік бар. Сол қажеттілікті туғыза алып отырмыз ба? Оны туғызатын не немесе кім?

Әрине ең алдымен заң керек. Қазіргідей солқылдақ заң емес. Қазіргі заңда қазақ тілі мемелекеттік тіл дейміз де екінші бабымен басқа тілге де құзыр береміз. Тіл туралы заң орындалуы керек дейміз де оны қадағалау, бақылау фнукцияларынан айырып тастаймыз.

Осыдан келіп қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән. Айтайық, бүгінгі күнде сауатсыз жарнамалардан көз сүрінеді. Жарнама ғана емес, көше бойындағы дүкендердің, фирмалардың, жекеменшік нысандардың маңдайшасында тұрған атауларының қазақшасын оқыған жұрттың  ашуы келеді. Жергілікті тіл басқармаларына барып шағынғанымен, басқарма қызметкері тексеріп, бақылауға ала алатын заң бабын алып тастаған. Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан әдістемелік көмек көрсетуден, аса алмайды. Былтырғы жылы бұл мәселеге халық наразылығының күшейгені сондай, «Тіл майданы», сияқты топтар құрылып, Павлодарда Руза Бейсенбайтегі     тіл абыройын қорғап митингке шығуына тура келді. Халық петиция жинап, бүгінгі депутат Қазыбек Исаның белсенді жұмысымен  Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етті. Осындай кезеңде біз бүкіл тіл күрескерлерінің басын қосып «Тіл қорғандары» онлайн тобын құрып жұмыс бастағанымызға жұрт куә. Оның құрамына еліміздегі басқа да ұлт өкілдері кіргенін, тіпті Этнос өкілдері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы үндеу қабылдағаны да мәлім. «Тіл қорғандары» алғашқы отырысында бірқатар талаптарын қойып, ұсыныстарын айтқан болатын.

Енді сол талап-тілектер бойынша осы уақыт ішінде не істелді:

Бірінші, «Тіл қорғандары» Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін көтерген болатын. Бұл талап бойынша Тіл комитеті Мемлекеттік тіл туралы заңның тұжырымдамасын жасап ұсынды.

Екінші, «Тіл қорғандары» «сауатсыз жарнамалардың көбеюіне бақылауға, қадағалауға  мүмкіндік беретін заң баптары жоқ» деген мәселеге көтерген. Осыған орай «Көрнекі ақпараттар туралы» заңға  бақылау тетігі болатын бап ұсындық. Бүгінгі күні Мәжілісте қаралуда.

Алайда заң бабына енгізілген бақылау фнукциясы кәсіпкерліктің, бизнестің қызметіне кедергі болады деген желеумен «Атамекен» бұған қарсы болып, алынып қалып еді. Ол бап енген жағдайда кәсіпкерлер өзінің ілетін жарнамалық мәтінін жергілікті тіл басқармасына көрсетіп, сауаттылығын тексертіп алар еді. Ал қазір ілген жарнамасын немесе маңдайшадағы атауын қате болғандықтан алып тастауға немесе қайта жасатуға мәжбүр болады. Бұл оларға қып-қызыл зиян әкеледі. Одан бөлек қате жарнама ілген кәсіпкер күлкі, мазаққа қалып, бизнесінің атына нұқсан келеді, беделі түседі.  Қайта сайланған Мәжіліс депутаттары ұлтжанды азаматтармен толыққанына қарап ерекше үміттенеміз. Заңды жүргізетін жұмыс тобын депутат Берік  Әбдіғалиұлы күні кеше Атамекенмен өзара талқылау өткізіп, бақылау фнукциясын енгізуге келісетін ыңғайға келе бастағандай. Алдағы күндерде осы заң Парламентте қаралғанда біз айтып отырған бақылау тетігі болатын баптардың енуіне ықпал етеді деп сенеміз.

Үшінші, арнайы Алматы телеарнасы «Тіл қорғандары» теле бағдарламалары жасалды.

Төртінші «Тіл қорғандары» жіберген суреттер мен видео материалдарды заң бұзушылық болған өңірдегі тіл басқармаларына, өзге де жауапты мекемелерге жіберіп түзетіп отырдық.

Бүкіл өңірлерде сауатсыз жарнамалармен Тіл заңының бұзылуына байланысты жаппай рейдтер өткізілді.

Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабының талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 2020 жылы республика бойынша заң талаптарына сәйкес келмейтін 11625 көрнекі ақпарат анықталып, 7463-і түзетілді (64,2%).

Бұл – көңіл жұбатарлық көрсеткіш емес.

Мәселен Атырауда 438 заңсыздық анықталса, оның  71-і яғни 16,2 пайызы ғана түзетілген,

Жамбылда 4191 заңсыздық анықталса, оның  1021-і янни  24,3 пайызы ғана түзетілген,

Шымкент қ. 335  заңсыздық анықталса, оның 98-і яғни  29,2 пайызы ғана түзетілген. Неге? Өйткені оны бақылайтын, қадағалайтын заң тетігі жоқ.

Бесінші, Фейсбук, инстаграм, телеграм сияқты әлеуметтік желілерінде «Тіл қорғандарының» және Тіл комитетінің акунттарын аштық.

Алтыншы, Тіл қорғандары тобындағы заңгерлермен талқылай отырып Жадынама жасадық.

Жетінші Тіл қорғандары көтерген балалар мультфилмін жасауға қатысты бірқатар жұмыстар жасалды.

Ең өкініштісі тіл үйренбек түгілі жөргектегі балалардың тілі орысша шыға бастады. Бұл – ұлт қауіпсіздігі үшін қауіпті. Тілін жоғалтқан ұлт – ұлт болудан қалады. Өзге үстем ұлтқа сіңіп кетеді.

АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай тағы басқа мемлекеттер анимациялық фильмдерге стратегиялық тұрғыдан мән беріп, мұны идеологиялық құрал ретінде пайдалануды үрдіске айналдырған. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңіру.

Мәжіліс және Сенат депутаттарына Тіл қорғандарының «Кинематография туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 3 қаңтардағы № 212-VI Заңына сәйкес әлеуметтік маңызы бар фильмдер санатына жататын қазақ тілінде түсірілетін анимациялық фильмдерді қаржыландыруға қосылған құн салығынан (НДС) босату мүмкіндігін қарастырмаса болмайды деген пікірін жеткізгім келеді.

Бүгінгі күнде ата-ана баланың қасында көп бола алмайтындықтан, қазіргі балаларды телефон, ютуб тәрбиелеп жатыр. Ютубты қазақшалау деген сөз, сол контентті қазақ тіліндегі сапалы материалдармен толықтыру деген сөз. Ол да тіл үшін жасалатын үлкен жұмыс.

Сегізінші «Тіл қорғандары» еліміздегі көптеген сайттардың орыс тілінде ғана екені, сөйтіп заң бұзушылық белең ала бастағанын да көтерген болатын.

Осыған орай  Тіл саясаты комитеті «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасын жасап іске асырды.

Аталған Жоба аясында мониторингтің екі бағыты қамтылды:

1. Көрнекі ақпараттар;

2. Ресми интернет-ресурстар.

Еліміздің 8 қаласында, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Орал, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау қалаларында көрнекі ақпараттарда және бұқаралақ ақпарат құралдарының, сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық компаниялардың және жоғары оқу орындарының ресми сайттарының мемлекеттік тілдің  талаптарына сәйкес жүргізілу барысы тексерілді.

Мониторингтің қорытындысы бойынша төмендегідей кемшіліктер орын алғаны анықталды, атап айтқанда:

1, Ресми сайттарға кірсеңіз негізгі бет бірден орыс тілінде ашылады. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңына сәйкес басымдылық  мемлекеттік тілге берілу керек. Кез келген мекеменің (кәсіпорынның) ресми сайттары бірден мемлекеттік тілде ашылуы керек.

2, Сайттардағы ақпараттардың басым бөлігі тек орыс тілінде жүктелген. Оған сайттарда қазақ тілінде ашылған кейбір бөлімдердің ақпаратсыз бос тұруы немесе орыс тіліндегі ақпаратты орналастырып қоюы дәлел бола алады.

3, Қазақ тіліндегі бетке орналасқан ақпараттың көлемі орыс тіліндегі ақпараттардың көлемінен әлдеқайда аз болуы. Бұл ақпараттың бірінші орыс тілінде дайындалып, одан кейін қазақ тіліне қалай болса солай аударуды дегенді білдіреді.

4, Ресми сайттарға мемлекеттік тілдегі ақпараттардың дер кезінде, яғни ақпараттардың уақытында орналастырылмауы анықталды.

5, Кейбір ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың сайтында мемлекеттік тілдегі ақпараттар тексерусіз, корректорлық түзетулер жасалмастан орналастырылған. Сол себепті ақпараттарда орфографиялық, пукнтуациялық және стилистикалық қателер орын алғаны анықталды.

6, Әкімдіктердің ресми сайттарында бюджет туралы ақпараттар, статистикалық мәліметтердің басым бөлігі орыс тілінде жүктелген.

Жалпы 125 мекеменің ресми сайтына мониторинг жүргізілді. Осы мониторингтің қорытындысы бойынша 98 мекемеге ескерту хаттары жолданды, оның ішінде 33 хат – мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге, 16-сы – ұлттық компанияларға, 31-і – жоғары оқу орындарына, 16-ы – банктерге және 2-уі портал әкімшілеріне жолданды.

Осы жолданған ескерту хат бойынша 40 мекеме өздерінің ресми сайттарына түзетулер енгізгенін мәлімдеді (33 – мемлекеттік органдар мен әкімдіктер, 10 – ұлттық компаниялар, 11 – жоғары оқу орындары, 4 – банк).

Тіл жанашырларының артында халық тұр. Қазақ халқының саны да сапасы да өсті. Енді қоғамның барлық саласы мемлекеттік тілде қызмет еткенін қалайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс» деген пікірін басты бағдар етуіміз керек.

Дереккөзі: alash24.kz