Әділбек Ниязымбетов басшылық қызметке тағайындалды

0

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Әділбек Ниязымбетов Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Таңертең сағат 11-де қызметке тағайындау бойынша бұйрық шықты. Қазір Маңғыстау облысындамын. Екі ай бұрын директордың орынбасары қызметіне кірістім. Содан кейін бір аптадай директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істедім», — деді Ниязымбетов Sputnik Қазақстан тілшісіне.

Спортшының айтуынша, спорт мектебінің директоры болу туралы ұсыныс Маңғыстау облысының спорт басқармасынан 2020 жылдың қарашасында түскен. Сол уақыттан бастап спорт мектебінде жұмыс істейді.

Ал оның алдында спортшы Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың қыркүйегінен бастап Олимпиадалық дайындық орталығында әдіскер болып жұмыс істеген.

«Әріптестерім жұмыстан кететініме қатысты пандемия болған соң ештеңе айтпады. Бірақ жібергісі келмеді. Енді Маңғыстау облысына қызмет етейін деп келдім», — деді спортшы.

Айтуынша, спорт мектебінің директоры қызметіне кірісіп, жас спортшылардың атын елге, әлемге шығару жолында қызмет етеді.

Айта кетейік, Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы дүниеге келген. 2012 жылы 81 келі салмақта Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында күміс алды.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері.