«Әділ сайлау» талап еткен мәскеулік наразылар сотқа тартыла бастады

0

Мәскеу қалалық думасы сайлауына тәуелсіз кандидаттардың жіберілмеуіне наразылық білдіру кезінде, 27 шілдеде ұсталған ресейліктер сотқа тартыла бастады. Үстінен іс қозғалғандар қатарында акция кезінде ұсталған азаматтар да, акция басталмай тұрып полиция әкеткен сайлауға кандидат ретінде тіркеле алмаған оппозиционерлер да бар.

«Наразылық апологиясы» ұйымының хабарлауынша, оппозиционер Илья Яшин Щербин аудандық сотына жеткізілген. Жалғыз адамдық қараңғы камерада тәуліктен аса уақыт отырған оппозиционер Владимир Милов Симонов сотына жеткізілмек.

«ОВД-Инфо» құқық қорғау порталының жазуынша, бүгін, 29 шілдеде сот Мәскеудің 22 жерінде өтеді. Полиция азаматтарды жетпіске жуық бөлімшеден әкелмек.

«Наразылық апологиясы» ұйымының дерегінше, полициядан істер заңдағы ереже бойынша алдымен сот кеңсесіне емес, бірден кезекші соттарға түсіп жатыр. Белсенділер «бұл амал полицейлерге іске өзгеріс енгізіп отыруға мүмкіндік береді» дейді.

27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума сайлауына қатысқысы келген тәуелсіз кандидаттарды қолдау акциясы өтті. Ресей ішкі істер министрлігінің дерегінше, оған 3 500 адам қатысқан. Ал «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталының хабарлауынша, шеруге одан да көп адам қатысқан, 1 373 адам ұсталған, олардың 43-і — кәмелеткен толмағандар. ІІМ 1074 адамның ұсталғанын айтты. Акцияны тарату кезінде полиция шерушілерді аямай ұрып-соғып, резеңке таяқ қолданған. Жетпістен аса адам жарақаттанған.

Еуропа одағы мен Amnesty International құқық қорғау ұйымы наразыларды күшпен ұстаған Мәскеуді сынап, күштік құрылым әрекетін тергеуді талап еткен.

Қарай отырыңыз: Мәскеудегі шеру (27 шілде 2019 жыл).

Бұған дейін ондаған оппозициялық және тәуелсіз кандидаттар саяси себеппен өздерін Мәскеу қалалық дума сайлауына жібермей отырғанына шағымданған еді. Олардың басым бөлігінің айтуынша, сайлау комиссиясы оларды қолдайтын азаматтардың қолын тіркеуден бас тартқан.​ Сайлауға тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттар арасында мәскеулік депутаттар Илья Яшин, Юлия Галямина, Жемқорлықпен күрес қорының өкілі Любовь Соболь, Иван Жданов, саясаткерлер Дмитрий Гудков, Сергей Митрохин бар.​

Мәскеу қалалық думасына сайлау 8 қыркүйекте өтеді. Бір мандаттық округ бойынша барлығы 45 депутат сайланады. Парламентке енбеген партияға мүше адамдар сайлауға қатысу үшін бірнеше мың сайлаушы қолын жинауы керек.

Azattyq