Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…

0
Бауыржан Ерман бауырымның мына бір жаңалық-жазбасын бөлісіп қоюды жөн көрдім
ЖЕТІСАЙЛЫҚ ЖІГІТ АФРИКА ХАЛҚЫНА ҚҰДЫҚ ҚАЗЫП БЕРДІ
Қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков Африка құрлығындағы ауызсуға мұқтаж халыққа құдық қазып берді.
Қазақстан атынан сыйға тартылған құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан. Уганданың The Ngali Development Foundation (Нгали дамыту қоры) компаниясымен байланыс орнап, нәтижесінде құдық қазу үшін екіжақты келісімге келген.
Құдықтың құрылысы ақпан айында басталып, наурыздың 12 күні аяқталды. 13 наурызда ашылу салтанаты ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға алғыстарын білдірді.
– Біз таза суға қол жеткізе алмай отырған ауыл тұрғындарымыз. Қарапайым тұрмыс кешеміз. Азын-аулақ ешкі ұстаймыз. Қазір суды 5 шақырым жердегі өзеннен тасып ішіп отырмыз. Ол әрине таза су емес. Мұның бәрін балаларымыз тасып әкеледі. Мотоцикл, велосипеді бар адамдар сирек. Көбіне жаяу тасимыз. Балалардың қалай қуанғанын көрдіңіз бе?! Олардың қуанышын көріп, біз де ерекше қуанып тұрмыз. Елдос мырзаға көп рақмет. Біз Қазақстан деген мемлекет жайлы мүлде білмейтін едік. Осы жағдайдан кейін ешқашан ұмытпастай болдық. Қазір болған қуанышты көрген балалар Қазақстанды, көк туларыңызды мәңгі жадында сақтап қалары анық. Қазақстанға сәлем, – деді Наноко тұрғыны Соока Шариф.
Кәсіпкердің айтуынша, құдық қазуға қатысты екі таңдау болған.
– Құдық қазуға қатысты бізде екі таңдау болды. Бірі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан. Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені, Кениядағы қызметтің бағасы Угандаға қарағанда арзан болды. Кейін қос мемлекетке анализ жасап, Уганданың ЖІӨ-сі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік. Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген қорытындыға келдік. Бүгін құдығымызды қолданысқа бердік. Тұрғындардың, балалардың қуанышын көріп ерекше толқынысты күй кештім. Бұл жобамыз Қазақстан мен Уганда мемлекеттерінің арасындағы байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз, – деді ол.
Қайырымдылық шараға қолдау көрсету мақсатында қазақстандық саяхатшы-блогер Яков Федоров та барды. 65 мемлекетті аралаған саяхатшы бұл жолғы сапардың әсері бөлек екенін айтты.
Айта кетейік, Елдос Айбеков ТМД бизнес нарығында 15 жылға жуық кәсіппен айналысып келеді. Ол осы уақытқа дейін жалпы құны 15 млн тұратын ДЦП-науқастарына арналған аппараттарды тегін таратқан. Ай сайын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, материалдық, қаржылық көмек көрсетеді.
Мирас АСАН