АДАМДЫҚ пен НАДАНДЫҚ | «Айқын» газеті

0

«Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім!
Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты». Н.Назарбаевтың осы бір аталы сөзі бүгінгі жастардың жадынан шықпаса дұрыс болар еді.

Абайдың 38-қарасөзінде «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дү­ниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп бол­майды», – делінген. Неміс философы Зиммель «Білімді адам – өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам», – депті.
«Құр әншейін диплом алу үшін емес, заманауи білім-ғылым игеру үшін оқу керек. Қалтасында бірнеше дипломы бола отырып, жұмыс таба алмай жүргендер бар», – деген еді Мемлекет басшысы. «Немқұрайлы қарауға болмайтын тағы бір құндылық – білімге ұмтылу. Әлемдік сарапшылар білікті маман­дардың жетіспейтінін болжауда. Болжамдарға сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдік еңбек на­рығында тағы да жоғары білімді 40 миллион жұмысшының және кәсіптік-техникалық білімі бар 45 миллион маманның қажеттігі туындайды. Бүгінде инженерлерге, дәрігер­лерге, химиктерге, биологтарға, «нақты» және «жаратылыстану кәсіптері» бойынша маман­дық иелеріне сұраныс басым. Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия тәрізді елдерге қараңыздаршы, олар өздерінің идеясы мен технологиясын меңгерудегі ше­бер­ліктің, табандылық пен еңбектің арқа­сында табысқа жетуде. Сендердің білім­дерің­нен еңбектеріңнің нәтижесі көрінеді».
Елбасы табысты бизнес жүргізгісі келетін іскер жандарға қандай кітапты оқу керегі жөнінде кеңес бергені есімізде. Қазақшаға аударылған 18 ғылыми бестселлердің арасында Гарвард университетінің профессоры, танымал макроэкономист Грегори Мэнкьюдің «Эко­номикс» атты еңбегі елеулі. Бұл кітап 1997 жылдан бері әлемнің 25 тіліне аударылып, мил­лиондаған таралыммен таралған. «Жас­та­рымыз бизнеспен айналысқысы келеді, бірақ оны қалай жасау керегін біле бермейді. Мына кітапты оқымай қалай халықаралық деңгейде бизнеспен шұғылданбақсың?! Осындай туындыларды оқысаң, әлемде бизнес қалай жүргізілетінінің қыр-сырын білесің», – дейді Елбасы. Сондай-ақ Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» атты оқулығын да оқуға ұсынды. Бұл кітап кәсіпкерлік құбылысын жан-жақты зерттей отырып, студенттерді бизнесмен болуға үйретеді. Рикки Гриффиннің «Менеджмент» атты еңбегі мемлекеттік органдар үшін де, жеке сектор үшін де аса маңызды.
«Ғалымдар 2050 жылы адамдардың барлық зияткерлік әлеуетін басып озатын жасанды интеллект қалыптасатынын болжауда. Адамзат өзінен мықты құбылыспен бетпе-бет келеді. Сонда не істейміз? Оны қалай жеңу керек? Бұған дайын болу үшін әлемдегі үздік оқу орындары өздерінің зерттеу орталықтарын құрып жатыр. Оксфордта «Адам болашағы», Гарвардта «Болашақ қоғам» атты философия­лық жаңа институттар түзіліп келеді. Осы жайын­да біз де ойлануымыз керек. Біздің қазақ болашақ заманында қалай күн көреді. Жасанды интеллектпен не істейміз? Дамыған елдер жаңа өмірдің парадигмаларын анықтап, ықтимал қатерлердің алдын алу мәселесін ойластырып жатыр», – дейді Елбасы.
Саясаттанушы Айдос Сарым «Генри Миллердің айтуынша, әрбір шын мәдениетті, парасат биігіндегі адам өмірінде 20-30 мың кітап оқу керек деген екен. Бұған салса, біз қоңыз-шаян сияқтымыз-ау! Есептеп көрдім: төменгі планкамен 20 мыңды 365 күнге бөлсек, орта есеппен 55 жыл керек екен», – деп жазды.
Осы күні «балам оқымаса да адам болады» дейтіндер бар. Ия. Адам болады. Бірақ қандай адам? Надан адам болады! Әлпештеп отырған ұл-қызыңыздың надан болғанын қалайсыз ба?! Өзіңіз ойлаңыз…

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: Айқын