Адамдарды үстінен таптап, сыртқа шықтық: Қордайдағы апаттан аман қалған жолаушылар оқиға жайлы айтты — Қазақстан жаңалықтары
Жамбыл облысының аумағында автобус аударылған кезде зардап шеккен кейбір жолаушының жағдайы әлі мүшкіл. Ауруханаға түскен тоғыз адамның үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.
Ал, қаза тапқан 11 жанның мәйіті туғандарына табысталыпты. Марқұмдардың үшеуі Өзбекстан азаматы. Атышулы Қордай асуындағы жол апаты қалай болған? Оған кім кінәлі?
Он бір адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты Қордай-Алматы тас жолында болған. Сенбі күні таңғы бестер шамасында Шымкенттен шыққан екі қабатты автобус алдында соқтығысып тұрған екі көлікке қайта соқтығыспас үшін рөлін жол жиегіне бұрыпты. Қоғамдық көлікті мына темір қорғандар да қорғай алмаған. Қазір оқиға орнында бірде бір көлік болмағанымен жаны қиналған жандардың қаны жан жағында шашырап жатыр.
Бір-бірінің үстіне құлаған жолаушылар шырт ұйқыдан шошып ояндық дейді. Арасында әуелі түсім шығар деп еш қимылсыз бұрышта қатып қалғандар да болған. Шыны шағылып, шыңғырған дауыстан біреуді есіту мүмкін емес болғанын айтады. Жолда адам ба, сөмке ме қарамай, жан бағып автобустан шыққанша асығыпты.
— Білмеймін, ұйықтап жатқанмын.
— Қай жерлеріңізде жарақат? Қолыңыз басыңыз?
— Менің жарақатымды не істейсіз? Келіншегімнен айырылдым. Кетіңіздерші ана жаққа.
Әйелімен жолға шығып, қапияда айырылып қалған азаматтың басы жарылып, беті жыртылып, қолы сынған. Өздігімен жүруге мұршасы жоқ. Тілдесе алмадық, қайғыдан жүрегі қан жылап тұр.
Ал, Кугашевтер әулеті Ташкенттен әкесін жерлеп қайтып келе жатыпты. Бір отбасындағы үшеуі де аман болғанымен, жарақаттары ауыр. Бәрі жүргізушінің кінәсі дейді.
«Бұл текжылдамдықтан болып тұр. Егер жай келе жатқанда, тоқтатып алуға болар еді автобусты. Автобус төрт-бес рет аунаған. Суреттерін көрген шығарсыңдар. Төбесі қалмаған», — дейді тұрғын Бахриддин Кугашев.
Іші адамға лық толы қоғамдық көлікте екі жүргізушімен қосқанда 40 жолаушы болған. Оның 8-і оқиға орнында жан тапсырса, үшеуінің демі ауруханада үзілген. Қайтыс болғандардың көбі жоғары қабатта жатқандар. Аман қалғандарын түрлі жарақаттарымен Қордайдағы ауруханаға жеткізіпті. Өзбекстан, Тәжікстан және өз еліміздің азаматтары.
«Біз Өзбекстаннан өз жораларымды танимын. Үшеуі болды. Басқасын танымаймын», — деді Өзбекстан азаматы Өмірбек Айтбаев.
«Мен Тәжікстаннанмын. Біз үшеу едік. Менде жақсы. Жарақат жоқ», — деді Волиджон Дусаев.
Әбден камерадан қашып, сөйлеуден үзілді-кесілді бас тартқандар автобустағы жерлестері жайында толық ақпарат бермеді. Тек Қазақстанға нәпәқа іздеп келгендерін айтты. Ал, екі жүргізуші сап-сау. Еш жерлері жарақаттанбаған. Ауруханадан полицейлер оларды да апыр-топыр тергеуге әкетті. Тілдестірмеді. Бәрі құдды келісіп алғандай, камера көрсе, алды-артына қарамай қашуда.
Жол апатынна қаза тапқандардың мәйіттері күні кеше туғандарына табысталған. Марқұмдардың 8-і Қазақстан, 3-еуі Өзбекстан азамтары екен. Шекарадан өткіздік дейді шенділер. Ал, ауруханада зардап шеккен тоғыз адам жатыр, кейбірінің жағдайы ауыр.
«Оның үшеуі жансақтау бөлімінде. Біреуі Өзбекстан азаматы. Алтауы алты адам әртүрлі бөлімшелерде. Екеуі Тәжікстан азаматы», — деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.
Жамбыл облысының әкімі Қордай-Алматы тас жолында апат болатындай ешқандай себеп болмады, бәрі жүргізушілердің жүгенсіздігінне дейді. Ал, оқиға орнын құтқарушылар тып-типыл ғып тазалап кеткенімен, әр жерде бір жолаушылардың құлақшыны, майысқан аяқ киімдері мен жүргізушінің визиткасына дейін шыны астында бүктетіліп жатыр.
stan.kz