Адам үшін ең қорқынышты жаза осы
Естеріңізде болса, экс-министрдің үстінен 2010 жылдың қыркүйегінде қылмыстық іс қозғалған.
Елімізге белгілі хирург, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев абақтыға қамалған сәті және түрмеден кейінгі өмірі жайлы айтып берді. Ол 8 ай бойы жалғыз адамдық камерада жатқан кезде басынан кешкен күйі жайлы әңгімеледі. Сондай-ақ, түрмеден шыққан соң шетелден бірнеше ұсыныс түскенін, алайда Отанын тастап кеткісі келмейтінін айтып өтті.
Бұрынғы министр туралы “Астана” арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
“Қамау жайлы сөз болған емес. Ол кезде мен денсаулық сақтау министрі едім. Бірнеше мәрте келді. Шын мәнінде мен сол адамдарға сеніп қалдым. Сұрақтарына жауап беріп тұрдым. Бір кезде олар “сізді ұстадық” деді. Неге десем: – Сіз қысым көрсетеді екенсіз, – деді. Психологиялық тұрғыдан нокаут алдым. Мені жасамаған ісім үшін айыптады. Айналасы 20 минуттың ішінде сөйлей алмай қалдым. Бірдеңе айтқым келеді, бірақ тілім бұралмайды. Кейін жедел жәрдем келіп, мені қарады. Қаржы полициясындағы жігіт еміс-еміс есімде. “Тезірек, тезірек” деп айқайлап жатты. Ақырында емханада ояндым. 8 ай жалғыз адамдық камерада жаттым. Адам үшін жалғыздықтан асқан қатаң жаза жоқ шығар?! Бұл ең қорқынышты жаза, Құдай ешкімнің басына бермесін”, – деп еске алады Досқалиев сол бір ауыр кезеңді.
Естеріңізде болса, экс-министрдің үстінен 2010 жылдың қыркүйегінде қылмыстық іс қозғалған. Досқалиев қызметін асыра пайдаланды, ірі көлемде пара алды деп айыпталды. 2011 жылдың тамыз айында сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Кейіннен аппеляциялық шағым түсірген экс-министрдің шағымын президент мақұлдап, ол 1,5 жылдан кейін мерзімінен бұрын босап шақты. Досқалиев сол бір ауыр кезеңде өзін “тірі өлік” сезінгенін айтады.
“Бір кезеңде мынадай күй кештім. Көзілдірік киген кезде, терең демалсаңыз, көз алдыңыз бұлдырлап кетеді. Тұман, тұман, тұман… Жаймен құлағым да нашар еститін болды. Мен өлім деген осы екен деп ойладым. Сол күйімді ешкімге айтып бере алмаймын деп өкіндім. Басқа ештеңеге өкінбедім. Қазір бәрі артта қалды. Жамандық тез ұмытылады. Жалпы болмысымнан да кек сақтайтын адам емеспін. Қиындық жеңу үшін де қажет. Бүкіл әлемді тек қана ессіздер жек көріп кетеді. Мен алдыма мақсат қойдым. Қалпыма қайтып келемін, аяққа тұрамын дедім. Бір ғана ойым – басқа адамдарға тәуелді болмау еді”, – дейді экс-шенеунік.
Түрмеден босап шыққаннан кейін шетелден бірнеше ұсыныс түскен. Алайда дәрігер Отанын тастап кеткісі келмегенін айтады.
“Бірінші кезекте, маған біздің халықтың ашықтығы ұнайды. Біздің адамдар тұйық емес, қонақжайлы. Біздің қазақтардың бойында ерекше мінез бар. Мүмкін ғасырлар бойы қалыптасқан шығар, білмеймін. Қазақ халқы адамды жақсы көре біледі. Оны дәрігер ретінде білемін. Біреу науқастанып қалса я болмаса біреуге қан қажет болса, адамдар кезекте тұрады. Әрі бұл менің Отаным. Осындай Қазақстанды мен жақсы көремін. Басқа ешқандай елге оны айырбастағым келмейді”, – дейді Досқалиев.
Айта кетейік, Жақсылық Досқалиев бүгінде Республикалық трансплантация орталығын басқарады. Бұл қызметке ол 2013 жылы келген.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/