Адам – «тірі тауар», өліп қалғанша сата беруге болады — сарапшы

0

Ғазиза – арбауға түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандарға алғаш қол созғандардың бірі. Ол жұмыс істейтін «Родник» ұйымының мекенжайы ашық түрде аталмайды. Бізге де ұйым мекенжайын емес, жақын маңдағы емхана алдында жолығуды ұсынды. Мұны ол ұйым бенефициарларының қауіпсіздігі үшін жасалған амал деп түсіндірді. Бұл туралы Malim.kz сайты жазды.

Ғазиза келіскен уақыттан сәл ерте келіп, емхананың алды сұхбат беруге  ыңғайсыз екенін айтты. Біз әңгімелесуге қолайлы жер іздеп, жүріп қалдық. Бірақ сол он минут Ғазиза Сапарғалиқызының болмысын аша түскендей.

«Тыныш, адам жоқ жерге барайық. Қазір ХҚКО-ларда бұрынғыдай кезек жоқ қой. Сонда барсақ па?.. Біз сонша жыл жасырын дерекпен жұмыс істеген соң ба, айтатынымыздың бәрі жасырын сияқты. Біреу естіп қоя ма деп тұрасың (күліп)» дегенше, тып-тыныш аула тауып алдық.

Оқу бітіріп, он бес жылын білім саласына арнаған Ғазизаның өмірі кенет өзгереді. Сонша жылдық қызметтен кетіп, өзін өзге салада сынап көргісі келген ол әлеуметтік қызметке бет бұрды.

«Он бес жыл химия, биология пәндерінен сабақ бердім. 2006 жылы оқу жылын аяқтамастан, өзімді басқа салада сынап көргім келді. Мектептен кетіп, «Родник» ұйымына адам саудасы істері бойынша шақырту алдым.

Ол жылдары елде адам саудасы мәселесі көтерілмейтін, еш жерде айтылмайтын. Қорықтым. Жолдасым мен балаларыма білдіртпесем де, ұйымның барлық дерегін жазып, үстелге қойып кеттім. «Мен үйге келмесем, осы ұйым кінәлі» дегенім еді ғой. (күліп)

Ұйым да жаңа ашылып жатқан екен. Алғашында Қазақстандағы халықаралық көші-кон комитеті қолдау көрсетті. Адам саудасы ісінде басты мәселе – қауіпсіздік. Негізгі қағида – зиян келтірместен, көмек көрсету.

Ғазиза әрі қарай құрбан деген сөздің орнына бенефициар деуді ұсынды.

Сол себепті, олардың толық аты-жөні де аталмайды. Әр бенефициарымызға арнайы код бекітіледі, құжаттары сейфте сақталады. Мекенжайымызды біздің донорларымыз бен қалалық полиция департаменті криминалистика бөлімі ғана біледі.

Адамдарды көшеден іздеп таппаймыз. Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімі қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейміз. Сондай-ақ, бенефициарлар арасында шетел азаматтары көп болғандықтан, елшіліктермен де тығыз байланысымыз бар.

Ұйым бүгінге дейін адам саудасы ісі бойынша 600-ге жуық адамға көмек көрсеткенімен, оның бәрі бірдей сотқа жетпеген.

Бізге кейс яғни, дерек қай жақтан келіп түскені, адамның түр-түсі маңызды емес. Бастысы – жедел қызмет көрсету. Келіп түскен әр адам сегіз түрлі көмек алады: тұрмыстық, экономикалық, психологиялық, арт-терапия, еңбекке баулу, құқықтық, білім алу.

Бенефициарлар құтылып шыққан соң, жоғарыда аталған көмекті алу-алмау – өз еркі. Бұдан бөлек әрқайсысы құпиялық шартын сақтауға міндеттеледі.

Заң тұсы ақсап тұрғанын, адамдардың ұзақ сот процесстеріне шыдай бермейтінін айта кеткен жөн шығар. Өздері жәбір көріп, бостандыққа шығып, жақындарымен қауышуға асыққан адамдардың бір күнде бітпейтін сот процесстеріне шыдамы жетсін бе?..

Өкінішке қарай, біздің қолымызда сиқырлы таяқша жоқ. Қолдан келсе, заң алдында бәрі жауапқа тартылғаны дұрыс қой.

Ақпараттық компания жасалатын жерлер бар. Мигранттар шекара асып, бірінші кезекте аяқ тірейтін жер – Алматы қаласының маңы Алтын орда базары. Вокзалдар мен базарлар, автобустарда сол ақпараттық компаниялар жүргізіледі. Қызыл желі телефоны жұмыс істейді.

Кейбіреулер өздерінің құрбан екенін де білмейді

Былтыр бір кейс болған. Жамбыл облысындағы Шу өңірінде малшы болып істейтін азамат бірнеше жыл бойы іздеуде болған. Аяғындағы екі саусағынан айырылған, денесін жара басқан. Еңбегі үшін ақша да алмайды екен. «Қашып-құтылуға тырыспадыңыз ба? Сотқа шағымданасыз ба?» дегенде «Өзім ғой кінәлі. Бір рет малдың суын кешірек бергенім бар» деп түрлі жауап айтты. Қанша рет басынан таяқ жеп, қанаудың қай түрін көргенін кім білсін?..» деген Ғазиза құлдықта болған адамдардың психологиясы шөгіп кететінін айтып, бір күрсініп алды.

Сәл кідіріп, Ғазиза адамдардың қарапайым супермаркетке барғандағы қуанышын есіне алды.

«Ең сорақысы, сонша жыл тегін жұмыс істеп, құлдықта жүрген азаматтар алғаш кезде қапастан келгендей күйде жүреді. Сегіз жыл еңбек құлдығында болған бенефициарымызды өмірге қайта бейімдеу үшін біраз уақыт қайда барсақ та, өзімізбен алып жүрдік. Бір күні «Білесіз бе, мен Америкада жүргендеймін, 8 жыл ішінде өмір осынша өзгеруі мүмкін екен-ау» деген сөзін естіп, жүрегім езілердей болды.

«Родник» ұйымы – адам саудасы мәселесін көтеріп, басына іс түскендерге елде алғаш болып көмек қолын созғандардың бірі. Он жылдан бері ұйым оларды жоғарыда аталған сегіз көмектен бөлек, уақытша баспанамен қамтамасыз етіп келді. Алайда осыдан бір жыл бұрын баспана жабылды. Бірақ уақытша панадан өзге көмек әлі де көрсетіледі.

«Біз де шаршаймыз. Дағдарысқа ұшыраған адамдармен жұмыс жасау өзіңді күйретіп, қажытып жібереді. Жыл сайын шипажайларға барғанның өзінде, ол жерде жатып, демалмайсың. Демалыс бенефициарлармен тиімді жұмыс тәсілдерін талқылаумен өтеді. Қазіргі таңда «кәсіби күю» деген психологиялық кезең жайлы айтылып жүр ғой».

Бір жарым жыл бұрын орталық жетекшісі Нина Балабаева қызметкерлері үшін маңызды шешім қабылдайды. Он бес жыл қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесіп келген ұйым бар білгенін өзге ұйымдарға үйретіп, өздері бұл саладан сәл алыстауды ұйғарады. 2019 жылға дейін «Родник» бенефициарларына 8 түрлі көмектен бөлек, баспанамен қамтып, 24/7 қолдау көрсететін. Ал ол адамдармен күндіз-түні байланыста болу қызметкер үшін де психологиялық ауыр, денсаулыққа да зиян. Сол себепті орталық бір жыл бойы үздіксіз өз тәжірбиесін өзге ұйымдармен бөлісіп, маман тәрбиелеп шығарды.

«Біз шаршадық деп, қолды сілтеп, кете салмадық. Бір жыл бойы маман тәрбиеледік. Бастысы бұрын мүлде қозғалмайтын тақырып бүгінде мемлекеттен қолдау тауып отыр. Тек біздің орталықтағы баспана бенефициардың азаматтығына қарамастан, көмек көрсететін. Ал мемлекет меншігіндегі осы профильді баспана талабы басқашалау: мемлекет ақшасы тек мемлекет азаматына жұмсалуы керек деген мотивация болса керек, өзге ел азаматтары ол баспанада қала алмайды».

Потенциалды құрбан портреті жоқ: Қазір сізді де сатып жіберуім мүмкін

Елдің бәрі ауылдан келген, білімі жоқ жан сол адам саудасы құрбанына айналады деп ойлайды. Дипломым бар екен деп, құрбан болмаймын деп ойлау – қате.

Біз сол іспен айналысатын қылмыскерді «арбаушы» деп атаймыз. Біреу келіп, көлікке отырғызып, «құлдыққа саламын» десе, тұра қашасыз ғой. Арбаушы — «жоғары санатты» психолог. Ол сіздің жақын танысыңыз болуы да мүмкін. Әлсіз тұсыңызды зерттеп, керегіңізді беремін деп алдайды. Адамның «керегі» — ақша ғой. Табысқа жеткен танысын мысал етіп, сен де сол табысқа жетесің дегеніне қалай сенгеніңді байқамай да қаласың. Сол себепті құрбан портетін шығару мүмкін емес. Адамның алданып қалуы  – арбаушының мықтылығына байланысты. Екеуміз де жайлы жағдайда, жақсы әңгіме айтып отырмыз. Сіз де маған сене бастадыңыз. Кішкене әрекет есем, сізді де сатып жіберуім мүмкін.

Тіпті бұл туралы «сабақ алдым, енді ұрынбаймын» деп те айта алмайсың. Екінші жолыққан арбаушы өз ісінің қулығын меңгерген болса, бармағыңызыңды қайта тістеп қалуыңыз бек мүмкін.

Бұрын еларалық құлдық көп еді, соңғы жылдары ішкі құлдық саны артты. Бұрын сексуалдық құлдықта болғандар көп болса, қазір сол еңбек құлдығы кең етек алғаны байқалады.

Оңай ақша, рахат қой!..

Бір адамды бір жерге жеткізгенің үшін қолыңа шытырлатып, ақша ұстатады. Оңай ақша, рахат қой!.. Біздің байқауымызша, бұл – қаржы пирамидасы формуласымен істелетін кәсіп. Әдетте бенефициарлардан неге қашпағанын сұрасақ, «Өз орныңа басқа біреуді әкел» дегенін айтады. Ол әкелген адамға артынан тағы екі адам әкелуін міндеттейді, солай кете береді.

Қазір осы адам саудасы бойынша сот процесстерінің соңына жетпей жатқаны көп. Оны соңына жеткізіп, қылмыскерді түрмеге отырғызуға жәбір көргеннің шамасы жете бермейді. Бұл жағдайда, осындай істерді мемлекет назарға алуы керек шығар. Заңды күшейту керек.

Әйтпесе бұл ең табысты кәсіптердің бірі болып қала береді. Өзіңіз ойлаңызшы, тіпті есірткінің табысы соншалық көп емес. Адам – «тірі тауар», өліп қалғанша айналымға салып, сатып жүре берсең болады. Бұл – сұмдық. Бұлай жалғастыра беруге болмайды.

Алғашында тыныш жер іздеп, өте баяу сөйлеген Ғазиза заң әлсіздігін айтқанда, дауысын көтере сөйлегендей болды. Кейін жұмысы жайлы тағы мақтана сөйледі.

«Біздің жұмыс осы. Тым жасырын, бірақ пайдасы зор. Әңгімемізді үшінші құлақ естімес үшін, баяу сөйлеп үйренгенбіз. Артық назарға ілікпес үшін, сұрғылт түсте киінеміз. Оның үстіне бенефициарлардың алдында сән көрсеткендей киіну – олардың мысын басады, психологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Тезірек қалыпқа келуі үшін, олардың өздерін бөтенсінбеуі маңызды» — деген Ғазиза суретке түсіретінімізді ұмытып кеткен соң, тым қарапайым киінгені үшін ыңғайсызданып тұр екен.

Елімізде 2018-2020 жылдары адам саудасы бойынша 1100-ге жуық қылмыстық іс тіркеліп, 242 азамат адам саудасымен айналысқаны үшін сотталған.