Адам суицидке жанын ауыртқан адамды жазалау үшін барады — психоаналитик — Қазақстан жаңалықтары

0

Жанды ауыртқан үлкен жара, үлкен шарасыздық, үмітсіздік, дәрменсіздік. Жараның терең болатыны соншалық, адам өмірмен қош айтысуды жөн көреді. Бұған себеп көп болуы мүмкін. Яғни адам осы жан-жарасын емдеп жаза алатынына үміті жоғалған кезде осындай қадамға барады. Осылай деп түсіндірді психоаналитик Анна Құдиярова балалар мен ересектердің суицид жасауының себебін Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Анна ҚұдияроваСурет: Владимир Третьяков

«Ең алдымен «Бұл адам неге мұндай қадамға барды? Неге ол кенеттен саналы түрде өмірімен қош айтысып жатыр?» деген сұрақ туындайды. Өйткені суицид әдеттегі өлімнен осынысымен ерекшеленеді. Адам өз өмірінен ерікті түрде бас тартып отыр. Кейде адамдар, әсіресе, балалар, жасөспірімдер, жас қыздар, жігіттер өмірімен қош айтысу үшін емес, белгілі біреуге қарсылық танытып, бірінші кезекте ата-анасының еркіне қарсы тұру үшін жасайды. Мысалы, саясатты алайық. Адам алаңда тұрып өзін өртеп жіберіп жатады. Бұл – мемлекет пен билікке деген қарсылық. Нақты себеп әртүрлі болады. Оның сол адамның тарихын терең зерттеу арқылы ғана табуға болады», — деді маман. 

Әрі қарай Анна Құдиярова суицидті адам өзінің жанын ауыртқан жандарды жазалау үшін де жасайтынын айтты. Алайда кейде өлемін деп қорқытпақ болатын жасөспірімдер күтпеген жерден көз жұмып жатады. Яғни олар суицид жасауға ұмтылудың қаншалықты қауіпті екенін ескере бермейді. 

«Сіздің туған балаңыз тыныс ала алмай, өліп жатыр делік. Осы сәтте кез келген жаны бар адамның қатты қиналатыны сөзсіз. Балаңызды құтқарып қалу үшін сіз бәріне барасыз. Бірақ жасөспірімдер суицид жасауға ұмтылу, расымен де, өмірмен қош айтысуға алып келуі мүмкін екенін біле бермейді. Олар ойын мен нағыз суицид арасындағы ара-жікті ажырата алмайды.

Сол кезде ата-аналарға «Сіздер балаларыңызға қатысты мәселелерде дана шешім қабылдап, оларды махаббатқа бөлей алдыңыздар ма?» деп сұрайтын едім. Балаларыңызбен қалай түсінісесіздер? Бәлкім арада түсінісу деген жоқ шығар. Түсіністік бар дегеннің өзінде ол терең емес болуы мүмкін», — деді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова. 

Мұнымен қатар, психоаналитик маман ата-аналардың «Баламның қарны тоқ, киімі бүтін болса болды» деп ойлайтынын бөлісті. Айтуынша, адам жануарлар әлемінен жаны, ғылым тілінде айтқанда – психикасының болуымен ерекшеленеді. Адамның жаны ауырған кезде ол өзіне қалай да назар аудартқысы келеді. 

«Бәлкім осы сұхбаттан кейін көп адам «Шын мәнінде, қарым-қатынасымыз қандай болды? Оны қалай жақсарта түсуге болады» деп ойланатын шығар. Терең түсіністік бар жерде қалай болғанда да, тіпті, тоңазытқыш бос тұрып, анасы баласын сынаса да, суицидке орын болмайды. Ал суицид қарым-қатынастағы сызатты көрсетеді. Егер суицидке ерлі-зайыптылардың бірі барса да, себебі тура осындай.

Олардың арасында өзара түсіністік жоқ деген сөз. Түсінісе алмағандықтан, олардың біреуі суицид жасайды. Біз, психоаналитиктер, әрдайым тұлғаны қолдаймыз. Біз әрдайым жаны қиналып, көмек сұрап келген адамды жақтаймыз. Тіпті, ата-анасы немесе туыстары, көршілері ол адамды «жаман» деп сипаттаса да», — дейді Анна Құдиярова. 

Сөз соңында психоаналитик маман суицид жасаудың табиғат заңына қарсылық екеніне тоқталды. 

«Кім Құдайға сенсе, Құдай табиғатқа сенеді. Ал табиғат бізді өзімізді өлтіру үшін жаратқан жоқ. Сіз өмір сүру үшін келдіңіз. Тіпті, саясаттың өзінде «лас дүниелер» орын алмайтын жол бар деп білемін. Неге адам саясат үшін, басқа үшін өмірін қияды? Егер себеп осындай болып жатса, онда «Бұл адамның психологиялық ауытқушылығы қандай дәрежеде?» деген сауал туындайды», — деп аяқтады сөзін психоаналитик. 

Естеріңізге сала кетсек, 16 қыркүйек күні әнші Жанар Хамитованың өзіне қол салып көз жұмған болатын. 

stan.kz