«Адам салынған сөмке». Алматы әуежайында пранкерлер ұсталды — Бір үзік
Алматы әуежайында қызметкерлермен әзілдескісі келген бірнеше адам ұсталды. Олар сөмкенің ішіне адамды отырғызып, багажға өткізбекші болған, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әуежайдың Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
Оқиға 23 қаңтарда болған. Жігіттердің арасында, әуежай өкілдерінің мәліметінше, 2018 жылы жолдың қарсы бағытымен көлік жүргізіп «танылған» Назар Роллан да болған.
«Жігіттердің бірі Астанаға рейске тіркеліп, «жүк» тізбегіне үлкен сөмкені қойды, оның салмағы тегін алып өту (23 келі) лимитінен асып тұрғаны анық еді. Агент жолаушыға затын екі бөліп салуға немесе артық салмақ үшін төлем жасау керектігін айтқан», — деді әуежай өкілдері.
Жігіттер сөмкені тастап, кассадан алшақ жерде тұрды. Осы кезде кассир сөмкеден адамның қолы шығып тұрғанын байқаған. Әуежай маманы авиациялық қауіпсіздік қызметін және ТІІБ өкілдерін шақыртқан.
«Қауіпсіздік саласының мамандары сөмкеден шыққан жігітті ұстаған. Басқалары осы әрекетті видеоға түсіріп тұрған, алайда оны Интернетте жариялап, лайк жинау бәрібір де мүмкін болмас еді — хайптың барлық қатысушысы ұсталды. Астанаға ұшып кетпекші болған адамды да ұстап қалған», — делінген хабарламада.
Осы әзілі үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша 20 АЕК (50 500 теңге) немесе 20 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.
Жігіттердің бірі Instagram желісіндегі парақшасында қалжың үшін түсірілген видео туралы баяндайды. Сосын ол ұсталған сәтте түсірілген видеоны жариялады.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz