Адам құқықтары жөніндегі уәкіл үкімет басшысына жүгінді

0

Омбудсмен Премьер-Ми­нистр Бақытжан Сағынтаевқа жол­даған үндеуінде атқарушы билік органдарының ұлттық құқық қорғау мекемесімен өзара іс-қимылын оң сипаттай келіп, бірқатар маңызды мәселелерге назар аударған.

Омбудсмен жүйелі сипат­қа ие үндеулері мен ұсыным­дары орталық мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет тиісінше қарастырылмағанына Үкімет басшысының назарын аударған. Осыған байланысты ұлттық құқық қорғау меке­ме­сінің үндеу хаттары аза­мат­­тард­ың шағымдары мен өтініш­терінің талдамасынан негіз­делгені, сондай-ақ онда Қазақ­стан Президентінің мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі тапсырмаларына тікелей сай келетін нысаналы ұсыныстар қамтылғаны атап көрсетілген.

Осылайша, Мемлекет бас­шысының биылғы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әзірлеуді тапсыр­ған «Жол картасына» мектепке дейінгі мекемелердің қыз­метін жетілдірудің нақты ұсынымдары Үкіметке қарау үшін ұсынылды. Бұған дейін басқа да өзекті мәселелер бо­йынша, атап айтқанда «Алтын алқа» белгісімен марапатталған көп балалы аналардың мемле­кет­тік тұрғын үй қорынан бі­рінші кезекте тұрғын үй алу құқығын іске асыруда құқықтық коллизияны жою, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейтін тұрғын үй ұсы­нылған азаматтарды есепке қою мәселелері бойынша үндеу хаттар жіберілген болатын.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»