Адам есімін дефиспен жазу тіл заңдылығына сай ма?

0

Президенттіке үміткер Сәдібек Түгелдің есімі Қасым-Жомарт деген сияқты «Сәді-Бек» деп бөлек жазылады екен. Сайлау учаскелеріндегі парақтардың бәрінде үміткердің есімі солай келтірілген. Ал, адам есімін екіге бөліп, дефиспен жазу – қазақ тілі заңдылығына сай ма?

Қасым-Жомарт, Сәді-Бек: Адам есімін дефиспен жазу тіл заңдылығына сай ма?

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұрын Қасымжомарт деп бірге жазылатын. Қазір Қасым-Жомарт деп бөлек жазылып жүр. Бас қала да Нұр-Сұлтан, үміткер де Сәді-Бек. Алайда түгел мырза есімінің 90-жылдардан бері құжаттарда осылай бөлек жазылатынын айтады. Ал азаматтық хал актілерін тіркеу мамандарының айтуынша, есімді бөлек жазу заңға қайшы емес. 2011 жылы «Неке және отбасы» кодексіне өзгерту енгізілгелі бері, балаға екі атты қатар беруге әрі дефис арқылы бөліп жазуға рұқсат екен. 

«Жақында ғана туған баланы тіркедік. Ата-анасы оған Әли-Дар деген есім берді. Әли-Хан деп те дефис арқылы бөлек жаздыратындар да бар. Мәселен, биыл бізде 2 жарым мыңға жуық жаңа туған сәби тіркелсе, оның 50 шақтысының ата-анасы дефис арқылы бөлек жазылатын есім берген», – дейді Түркісіб ауданы бойынша АХАТ бөлімінің басшысы Жанна Дюсембаева. 

Алайда филологтар есімді оңды-солды дефис арқылы бөлу тіл заңдылықтарына қайшы екенін айтады. Кісі есімдері де орфографияға бағынады. Егер әр сөз толық мағынаға ие болса, онда бөліп жазу орынды екен. Ал «Қасым» және «Жомарт» сөздері бөлек мағына беретін сөздер, дейді ғалым. 

«Сонымен қатар дефис қойып жазуға болмайтын сөздер бар. Мысалы, олар бек, бай, жан, гүл деген сияқты кісі есімдерінде көмекші есімге айналып кеткен сөздер. Оларды ешқашан дефис арқылы жазуға болмайды», – дейді Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Құралай Кудеринова. 

Алайда тіл мамандарының наразылығына қарамастан, ел есімді дефиспен бөліп жазуды сәнге айналдырып жіберуі әбден мүмкін, дейді АХАТ қызметкерлері. Себебі ел – еліктегіш әрі ырымшыл. Мәселен, қазір ораза айында дүниеге келген ұлдардың атын бәрі жаппай Рамазан деп қойып жатыр екен. 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз