Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ заңды аттамау керек – Аида Балаева

0

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желі арқылы отандық өнер өкілдеріне қатысты қоғамдық тәртіп бұзушылықтарғы қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр А.Балаева соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кеткенін айтқан. Осыған байланысты қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет екенін ескерткен.

Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалык емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман — елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт. Өкінішке орай, соңғы кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кетті. Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс, дейді министр.

Өзін нағыз “мәдениет қайраткерімін” дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес деген пікірін де білдірген. Олардың қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналатынын атап өткен министр өнер майталмандарының көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс екенін еске салған.

“Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ.
Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады, деген А.Балаева барша өнер адамдарын Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруі тиіс екенін ұмытпауға шақырды.