Адам басына 20 мың теңге төлейсің»: Дәулет Мұқаев ас беру кезіндегі ысырап мәселесін көтерді

ҚР Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев адам өлімінің бизнеске айналғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халық қалаулысы мешіттегі ысырапшылдықтың алдын алу керегін баяндады.
Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20 мың теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз. Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан. Минималды баға – 7 мың теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не?! Мысалы Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек 7-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ! Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?!”, – деп ашуланды депутат.
Мәжілісменнің сөзінше, қара жамылып қайғы жұтып отырған отбасыға тағы да салмақ салу дұрыс емес екенін айтты.
“Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан сайын соққы болып отыр.Ысырапшылдықтың алдын алу неге мешіттерден басталмайды?!» – деп жазды жеке парақшасында.
Еске салайық, Қостанай облысында жаназаға дейін ас беруге тыйым салынғанын жазған едік.