Адам бақытты өмір сүруі үшін оның тәуелсіз Отаны болуы қажет
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында қазақстандықтарды еліміздің басты мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік – жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым. «Адам бақытты өмір сүруі үшін, оның тәуелсіз Отаны болуы қажет» деген даналық сөз бар. Бүкіл халқымыз ақсарбас айтып, егемендік байрағын көкте желбіреткеніне, міне, 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан тамырын тереңге жайып, өрісін кеңейтіп, кемелдене түсті. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық», — деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Еуразияның жүрегінде орналасқан жаңа елорда – жаңғырған Қазақстанның символы саналады деп атап өтті.
«Биыл Ақордалы Астанамыздың 20 жылдығын жұрт болып жұмылып, жоғары деңгейде атап өттік. Бұл мерейтойға еліміздің барлық өңірі атсалысып, шаһарымыздың көркейе түсуіне зор үлес қосты. Еліміз бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды. Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда. Жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кірісті», — деді президент.
Елбасы биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз – соның айқын дәлелі деп атап өтті.
«Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.