Адал еңбекке – лайықты жалақы

0

Төмен жалақы алатын қызмет­кер­лердің еңбекақысын көтеруге қатысты бас­таманы қолдаушылардың бірі – «Изолит» ЖШС. Зауыт электр оқ­шаулағыш материалдар шығарумен айналысады. 97 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Орташа жалақы 100 мың теңгенің төңірегінде. Серіктестіктің бас директоры Александр Бебешконың айтуынша, биыл өндіріс қуаты 107,5, қызметкерлер саны 6,6 пайызға артқан. Мұнда оннан астам өнім түрі шығарылса, біразы Ресей, Беларусь, Украинаға жө­нелтіледі. Енді Армениямен келісімшарт жасалыпты. Электр оқшаулағыш материалдардың бірі лакотканиді ғарыш саласына, ұшақтарға, пойыздарға пайдаланылатындықтан, сұраныс жоғары. Былтыр жалақы мөлшері 13 пайызға арттырылса, биылдан бастап тағы 10 пайызға көбейіп, 110 мың теңгеге жеткізілмек. Сол сияқты «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС-да Елбасының төменгі жалақыны өсіру жөніндегі тапсырмасына орай осы жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне түзетулер енгізіліп, ең төменгі жалақыны 58-62 мың, орташа жалақыны 110 мың теңгеге дейін еселеу жоспарланған. Серіктестіктің «ЖБИ Единство» және «Альянс жолы» секілді еншілес бөлімшелерінде 350-дей адам еңбек етсе, үштен бірі ең төменгі жалақы алады. Олар үшін де барлық жағдай қарастырылатын болады. 

Жасыратыны жоқ, республикада ең төменгі орташа жалақы қалыптасқан облыстардың бірі – Солтүстік Қазақстан. Президент «Солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмыс жүргізу керек, онда қызметкерлер жылына 5-6 ай ғана жұмыс істейді. Бұл мәселені ыждағаттылықпен қарап, шара қолдану қажет», деген еді Бурабай курорт аймағында елдің солтүстік аймақтарын дамыту жөніндегі жиын кезінде. Бұл талап өзектілігін әлі жойған жоқ. Оны статистика департаментінің деректері де айғақтайды. Қаңтар-қыркүйек айларында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 107670 теңгені құраған. Қаржы және сақтандыру қызметкерлерінікі 198721 теңге болса, өнеркәсіпте бар болғаны 108142 теңге. Сауда мен білім салаларында тіпті аз. Мамлют, Ақжар аудандарында облыстық деңгейден 20 мың теңгеге кем. Ауыл шаруашылығы да қалыңқы. Осы себепті болар, еңбекақыны көбейту жайы облыстық әкімдіктің отырысында арнайы қаралып, кейбір жұмыс берушілердің 28-30 мың теңге ғана айлық төлеп отырғаны белгілі болды. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бюджет саласында 43 мың, нақты секторда 101 мың адамның жалақысы көтерілетінін, бұл аздық ететінін, мәселе бүкіл экономика ауқымына қатысты екенін, сондықтан жалпы еңбекақыны көтеруге байланысты нақты шаралар қолдану, ішкі мүмкіндіктерді іздестіру қажеттігін атап көрсетті. «Көп жыл бойы жалақы жөнінен көш соңында қалып қойдық. Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келеді. 13 сала бойынша мемлекет қолдауы 150 миллиард теңгеге жетті. Сондықтан жұмысты ширатпай болмайды. Енді 

аудан әкімдері мен тиісті ведомоство басшыларына талап күшейтілетін болады», деді өңір басшысы.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Қайрат Пішенбаев облыс кәсіпорындарында жалақыны көтеру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп берді. Оның сөзіне қарағанда, аз жалақыны місе тұтып отырған жұмысшылардың айлығын 1,4 есе молайту белгіленген. Сонда 36847 теңгеден 52495 теңгеге дейін көбейеді. 3227 жұмыс берушімен меморандумға қол қойылыпты. Ең төмен жалақы төлеп отырған 13,5 мың кәсіпорынның 11,5 мыңы табан ақы, маңдай терді көтеруге дайын көрінеді. Сөйтіп 39 мыңға жуық адам қамтылмақ.

Мардымсыз жалақы көліктік бақылау, білім беру, денсаулық сақтау басқармаларында орын алған. Білім беру саласында жұмыс істейтін орта буын мамандардың жалақысы 30 пайызға өседі. Бұл шамамен 20 мың адамға жуық. 22 жекеменшік нысанда 585 қызметкер көбірек жалақы алатын болады, деді білім беру басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова. Денсаулық сақтау саласының жекеменшік секторында 300 маманның еңбекақысы ұлғаяды. 

Облыс басшысы айлық жалақыны өсіргісі келмейтін басшылар заң жолымен жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/