Абзал Құспан педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге қарсы шықты

0

Адвокаттың пікірінше, Қазақстанның құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болуы мүмкін

Белгілі қазақстандық адвокат Абзал Құспан педофилдер үшін өлім жазасын енгізуге неге қарсы екенін түсіндірді.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Ең негізгі сұрақ өлім жазасын енгізуге қатысты: қарсымын, себеп: Қазақстанның құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болу қаупі өте жоғары», — дейді Құспан.

Айтуынша, бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қылмыстың бәрі айқын сипатқа ие бола бермейді, тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында құқық қорғау органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін, деп санайды ол. Және оған олар саналы түрде барады.

«Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын! Екіншісі, қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары»,- дейді қорғаушы.

Үшіншісі, кәсібиліктің төмендігі немесе жоқтығы.

Абзал Құспан адам тағдыры таразыға салынар тұста, дүрмекке еріп, эмоцияға бой алдыруға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, заңға өзгеріс енгізуде, ең бірінші кезекте, ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс.

«Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін, бірақ біржола жойылмайды-ау. Құранда да, Библияда да Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе, қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ», — дейді ол.

Адвокат қылмыскердің табиғатына да тоқталды.

«Әдетте қылмыскер қылмыстық кодексті ашып «мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын» деп отырмайды. Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе – өздерін ешқашан ұстатпайтын Фантомас сезінеді. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша режимге сотталуға, кастрацияға ешқайсысы қуана қоймасы анық», — дейді Құспан.

Қазақстандық қорғаушы елде педофилия көбейіп кетті деген пікірмен әзірге келіспейтінін жеткізді. Себеп –  еш жерде нақты дәлел-дәйек жоқ.

«Педофил – ол бірінші кезекте ауру адам, сосын барып қылмыскер! Сондықтан кез келген ауруды емдегендей оны емдеп, сосын жазасын беру керек, оның ішіне, әрине, кастрация да кіреді», — деп түйіндеді ойын адвокат.

Айта кетсек, Сәтбаевтағы атышулы оқиғадан кейін қазақстандықтар балалар зорлық-зомбылығы үшін жазаны күшейтуді, атап айтқанда, педофилдерді өлім жазасына кесуді талап етті.

Былтыр президент сексуалдық зорлық-зомбылық, педофилия мен есірткі және адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жеке адамдарға, әсіресе, балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Құл-Мұхаммед ұлттық қауіпсіздікке жаңа қауіп төніп тұрғанын жариялады

Жаңа заң 2020 жылы 1 қаңтарда күшіне енді. Оған сәйкес, 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Сәтбаевтағы толқу

24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында тәртіпсіздік болды. Оған жоғалған 5 жасар қыздың белгісіз ер адамның пәтерінен табылуы себеп болған.

Бүлдіршінді бүкіл қаладан іздеді. Бала табылғаннан кейін күдікті тұратын үйдің маңына бір топ адам жиналды. Олар күдіктіні өздері жазаламақ болған. Ашулы топ барлық пәтердің есігін қағып, тұрғындардың зәресін ұшырған.

Халық толқуын басу үшін қалаға Ұлттық ұлан күштері тартылды.

Содан кейін жиналғандар күдіктіні беруді талап етіп, қалалық әкімдікке қарай бет алды.

Таңға қарай қалада жағдай тұрақталды.

Ер адам бүлдіршінді ұрлап, зорлады деп айыпталып отыр. Тергеу жүргізілуде.

Зардап шеккен қыз ата-анасымен бірге, психологтар мен арнайы дәрігерлер отбасымен күнделікті байланыста отыр.

sputniknews.kz