Абортқа кім рұқсат беру керек?

0

Денсаулық сақтау министрлігі 16 жасқа толған балаға ата-ана келісімінсіз медициналық қызметті тұтынуына рұқсат беруді ұсынып отыр. Бір қарағанда, онда тұрған не бар дейтіндей. Ал тереңдей түссек, 16 жастағы қыз жүкті болса, ата-анасына айтпай аборт жасата береді екен! Сонда Денсаулық сақтау министрлігінің көздегені не?

Сала вице-министрі Ләззат Ақтаева Мә­жі­ліс­тегі «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Әлеу­­меттік кеңестің отырысында қолданыстағы заң нормалары жоспарланбаған жүктілік ке­зін­де аборт жасатуға мүмкіндік бермейтінін ашық айтқан. Яғни, министрлік үшін бұл норма ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі. Үкі­мет отырысына келген ДСМ Қоғамдық ден­саулық сақтау саясаты департаментінің дирек­торы Айжан Исмағамбетова да заң нормасын ақтап сөйлей келе, бұл ұсыныс тастанды бала­лар­д­ың азаюына да септігін тигізетінін айтқан.
«Жоспарланбаған жүктілік – баланы қор­ғансыз күйде тастап кетудің бірден-бір себебі. Біз заңнамаға енгізгелі отырған норма осы мә­се­лелердің алдын алады», – деді ол Үкімет үйін­де журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда жасөс­пірім­дер арасында жүктілік пен аборт статис­тикасы төмендеп келеді. Ендеше бұл норманы енгізудің қажеті қанша? Демек, жастай жүкті болу азайса, онда аборт та азаяды. Зерттей келе, министрліктің көздеген тағы бір жоспары барын ұғындық. Қазіргі күні кәмелетке толма­ған­дар аборт жасатқанда болатын кері салдар үшін жауапкершілік медициналық қызметкерде. Ал егер 16 жастағы қыз өзі келісім берсе, ертеңгі күні ол, бетін аулақ қылсын, бақилық болып кет­се де, медқызметкер жауапкершіліктен құ­ты­­ла­ды. Өйткені бүгіндері пациенттің опера­ция­ға келісім беретін қағазында «операция сал­дарына өзім жауаптымын» деген сөйлем бар.
Әзірге, бұл норма талқылауда жатыр. «Ха­лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте қарастырылған норма қабыл­дан­са, жасөспірім абортқа келісім беретін құ­жат­қа өзі қол қояды. Министрлік мұның түрлі «тиім­ді» тұсын айтқанымен, қоғам мүшелерінің пі­кірі әралуан. Мәселен, дінтанушы, абайтану­шы Омар Жәлелұлы «бұл норма біздің қазақы дүниетанымымызға қайшы» деп санайды.
«Бұл – мәселенің салдарымен күресу. Бұл – ру­хани тәрбиенің жоқтығы, шарасыздық. «Бір апам – бір апамнан сорақы» дегеннен де сорақы заң, болашақ аналардың жолын кесетін заң. Бұл заң 16 жасыңда өз еркіңмен аборт жасатуыңа бо­лады, демек жыныстық қатынасқа түсуіңе де бо­лады дегенге алып келеді. Көрдіңіз бе, иман­сыз­дыққа итермелеп отыр. Қазақтың дүние­танымына да, шариғатқа да қарсы дегенім сол. Бұл заң жобасын қабылдауға болмайды. Одан да мектептерде тәрбиелік мәні бар шаралар өткізіп, ата-аналар мен оқушыларға кеңес беру ке­рек. Ертеңгі күні аборт жасатқаның үшін де жауап беретін күн туатыны туралы айтылуы ке­рек», – дейді.
Көп жыл медицина саласында еңбек еткен Мә­жіліс депутаты Зәуреш Аманжолова бұл ұсы­нысқа қарсы емес. Оған өз уәжі де бар.
«16 жаста бала кәмелеттік жасқа толды деп, қо­лына жеке куәлік береміз. Ендеше неге оған өзі шешім қабылдайтын құқық бермейміз. Жаңа туған сәбидің мәйіттерін қоқыстан тауып алып жатырмыз ғой, министрлік ұсынысы осындай сорақылықтың алдын алады. Қазір медицина дамыды, аборт жасау технологиясы жетілдірілді. Сон­дықтан 16 жаста аборт жасатқан қыз ертең ана бола алмай қалады деу қате. Ол әйелдің денсаулығына байланысты. Әрине, кәмелеттік жасқа енді толған қыздың аяғы ауыр болмауы үшін репродуктивті шараларға қатты мән беруі­міз керек. Оқушы қыздармен кездесіп, кеңестер берген жөн. Себебі, жүкті болған қыз ата-ана­сына айтудан қорқады, содан неше түрлі қай­ғылы жағдайға ұшырайды. Министрлік соның алдын алғысы келеді», – дейді депутат.
Психолог Лимана Қойшиева бұл нормаға бол­мысымен қарсы. «Аналық махаббаты оян­баған, аузынан ана сүті кеппеген жастағы ба­лаға ондай құқық беруге болмайды», – дейді.
«Бұл норманы енгізу – ерте жаста жыныс­тық қатынасқа түсуді насихаттаумен тең. Қазір ХХІ ғасыр, жастар үшін интернет ашық, неше түрліні көреді, ойы бұзылады, әсіресе қалалық жас­тар жыныстық өмірге ерте араласады. Ар­тық қыламын деп, тыртық жасап алуымыз әб­ден мүмкін», – деген ол жүкті болып қалған күн­нің өзінде аборт жасауға асықпай, дағдарыс орталықтарына хабарласуды ұсынады.
«Орталық мамандары жүкті қыздың ата-аналасымен сөйлесіп, жағдайдың ушықпауына ықпал ете алады. Біз, көп жағдайда, біржақты кетеміз, жүкті қызды ғана жазғырамыз да, құр­сақтағы баланың әкесін ұмыт қалдырамыз. Шын мәнінде, қыздың жүкті болуына ер адам­ның қатысы болады. Демек, ол да жауапкершілік алуы тиіс», – дейді.
Ал, сіз бұл ұсынысқа не дейсіз?!

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ