Әбіш Кекілбаев қазақ прозасына қандай жаңалық әкелді
Киелі Маңғыстауда 362 әулие өткен дейтін аңыз бар. Сол өлкенің жұрты «363-інші әулиеміз» деп әспеттеген суреткер жазушы Әбіш Кекілбайұлы көзі тірі болғанда бүгін 85 жасқа толып жатар еді.
Қарымды қаламгердің қазақ әдебиетінде алар орны бөлек екені көзі қарақты оқырман қауымға мәлім. Алайда, шеберге әдепкі жұрт тек тамсанғаны болмаса, шын бағасын тек өзге бір мықты шебер бере алатыны бар. Осы тұрғыдан алғанда, абыз Әбіштің жазушы ретіндегі болмыс-бітімін қалам ұстаған қауым ғана тап басып, тәпсірлеп бере алары сөзсіз.
Әбіш Кекілбай қазақ прозасына қандай жаңалық әкелді? Жазушы ретіндегі ерекшелігі неде? Әбіштің ең ұлы (немесе сүйіп оқыған шығармаңыз) туындысы қай шығармасы? Осы үш сұрақ төңірегінде топтастырған қазіргі қарымды ақын, жазушылардың пікірін оқырман назарына ұсынамыз.
Оңайгүл Тұржан, ақын
Ә.Кекілбайұлының қазақ прозасындағы ең үлкен жаңалығы – оның психологиялық портреттер галереясын жасай алуы. Мысалы «Ханша-дария» хикаясы адам миының астарындағы былайғы жұртқа білінбейтін ішкі алай-дүлей арпалысын баяндайды. «Күй» хикаясы да, «Шыңырауы» да, «Аңыздың ақыры» да сондай. Трагедияның тек сырт көзге көрінетін адам шошырлық кескінде болуы міндетті емес. Адамның миы ғаламшардың кішірейтілген формасы дегенді де бір ғұлама адам айтқан шығар. Сол кіші «ғаламшардың» қат-қабатындағы ой дариясының кейде тұнық, кейде астаң-кестеңі «Елең-алаң» романында да берілген. Бұл шығарма тарихи тұлғалардың іс-қимылдарының астарында жатқан психологиялық шиеленістер мен шегіністерге құрылған.
Басты ерекшелік – бұл ғұламаның асқан зерттеушілік шеберлігі немесе басқалар көрмей кеткенді көре алу қабілетінің арқасында қара тасты да жаһұттай сан қырлы етіп көрсете алуы. Яғни, кейіпкерін суреттесе, оқырман ол кейіпкердің іші-сыртын бірдей көріп тұрғандай әсер алады. Оқиғаны суреттесе, оқырманның өзі сол оқиғаның ішінде жүргендей әсер алады. Былай қарағанда жалаң тарихи деректер сияқты дүниелердің өзін тұтас эпопеялық деңгейге шығарып, көркем туындының діңгегіне айналдыра баяндайтындығы керемет. Оның шығармаларының қай-қайсысы да эпикалық сарында жазылған. Содан болар оқырманды зеріктірмейді. Терең философиясының өзі тілінің көркемдігімен, тіл байлығымен адамды тамсандырмай қоймайды. Бір сөйлемнің астарынан бірнеше сілтемені көре аласыз. Бұл ғұламаның туындыларында қазақ тілінің ежелгі де жаңа, тарихи да танымдық мол байлығы бар.
«Үркерін» де, «Елең-алаңын» да, «Аңыздың ақырын» да, «Ханша-дариясын» да, «Күйді» де бірінен бірі асып тұрған туындылар деп айтар едім.
Дидар Амантай, жазушы
Әбіш Кекілбаев қазақ және әлем прозасына көп еңбек сіңірді. Оның әкелген жаңалығы — қазақ романының тілін өзгертті. Роман үлкен эпикалық тілден кәдімгі модернді тілге айналды. Ол, әсіресе, «Шыңырау», «Аңыздың ақыры» хикаяттарында айқын көрініс табады. Бұрын роман эпикалық формада болатын. Үлкен, ұлы туындылар еді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы: 4 кітаптан тұрады, әрбір эпизоды бір-бір романға бергісіз оқиғаларға толы. Одан кейін Әбдіжәміл Нұрпейісов, Мұхтар Мағауиннің шығармаларын айтуымызға болады.
Шекспир мен Сервантес Еуропа прозасын қалай өзгертті, Әбіш Кекілбаев та сондай жаңалық әкелді. Яғни, тіл өзгеріп, мәні-мағынасы терең тартты. Жанрлық дамудың орнын шеберлік басты. Формасы шағын болғанымен, ішкі кеңістігі үлкен болды. Бұл енді модерндік прозаның белгілері. Осыдан кейін жеке авторлардың шығармалары модерндік сипат ала бастады.
Бізде көбі модерндік әдебиет ХХ ғасырдың басында басталды деп ойлайды. Жоқ, ол ХІХ ғасырдың ортасынан, тіпті басынан басталды. Тіпті, Шекспирге дейін созуға болады. Өйткені модернді шарттарды байқай аламыз. Модерннің бірнеше шарттары бар ғой. Хемингуэйдің әкелген әдіс-тәсілдері, Фолкнердікі… Фолкнердің ұзын сөйлемдері қысқа-қысқа сөйлемдерден тұрады, мысалы. Осылардың ішіндегі ең үлкен жаңалық – «әсерлендіру эффектісі». Яғни, шығармада деталь нақты болса, оқырманды сол оқиғаны өз басынан кешіріп отырғандай күйге ұшыратады.
Осы тұрғыдан келгенде, Әбіштің қазақ және әлем прозасына әкелген жаңалығы – тіл және шағын форма. «Шыңырау» және «Аңыздың ақыры» повестері керемет жазылған. Әбіш Кекілбай шағын форманың виртуозы деп айтуымызға болады.
«Аңыздың ақыры» мифтік тілмен, тұспалдармен, символдармен сөйледі. Тікелей айтылған ештеңе жоқ, барлығында бір жұмбақ, құпия болды. Соны оқырман шеше алуы керек.
Мен үшін Әбіштің басқа шығармаларынан осы екі туындысы — «Шыңырау» және «Аңыздың ақыры» повестері шоқтығы биік, ерекше формадағы еңбек.
Амангелді Кеңшілікұлы, жазушы
1960 жылдардың әдебиетінде тек Әбіш қана емес, қай-қай жазушы да өзінің жаңалығымен келді. Әрине, ол жаңалықтардың ар жағында Жүсіпбек Аймауытов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин секілді ұлы жазушылардың ізденісі жатыр. Бірақ қуғын-сүргін жылдары қазақтың зиялыларының бәрі «сыпырылып» кеткеннен кейін, жалпы әдебиетте де көп нәрсені айту мүмкін болмай қалды. Міне, осы кезде Әбіш ағамыз өзінің үлкен жаңалығымен келді. Ол жаңалық — аңыздар арқылы шындықты жеткізу. Бір жағынан қарағанда ол аңыз сияқты, ал бір жағынан қарағанда онда үлкен шындықтар жатты.
Сезанның «Алмалар» деген мықты картинасы бар ғой. Қарапайым адам оны тек алма деп қарауы мүмкін. Ал тереңіне үңіле алған адам Сезанның бұл картина арқылы не айтқысы келгенін ұғынады. Осы картина сияқты кез келген шығарманың да астында жатқан неше түрлі пласттар болады. «Шыңырау» дейтін повесіндегі Еңсеп бейнесі арқылы жазушы бәсекелестіктің неге апаратынын көрсетті. Адамды құртатын не? — Бір-бірінен асып түсуге деген құштарлық! Ол Кеңес одағы кезінде де болды, соны Әбіш ағамыз осы шығармасы арқылы керемет жеткізе білді.
Әбіш Кекілбайдың жазған дүниелерінің басты ерекшелігі — тілдік құдіреті. Тілі төгіліп тұрады. Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ тілінің зор мүмкіндігін оқырманға танытқан бірден-бір жазушы кім десе, мен Әбіш Кекілбаевты айтар едім. Оның замандастарының қай-қайсысынан да тілі көркем, құнарлы. Қазақтың тілінің қаншалықты бай, терең, мәнді, мағыналы екенін осы Әбіштің шығармаларын оқығанда түсінуге болады.
Латын Америкасының Маркес, Борхес секілді ұлы жазушылары бар ғой, Әбіш ағамыз сол тұрғыдағы үлкен суреткер.
Өзім ең сүйіп оқыған шығармасы — «Аңыздың ақыры». Бұл шығарманың ерекшелігі — қазақ прозасындағы алғашқы модерндік туындылардың бірі. Біз модернизм туралы енді ғана айтып жатырмыз ғой, оны осыған дейін қожық көріп келдік. Ал шындығында модернизм деген ескіні жаңаша беру, ескі дүниені жаңарту. Кезінде ирландтық жазушы Джоист форма мен мазмұнның инверсиясын жасады ғой, сол секілді Әбіш ағамыз да «Аңыздың ақыры» шығармасында көп нәрсені түсіндірмей, форма арқылы жеткізу тәсілдерін қолданып, эксперименттерге барды. Өкінішке қарай, ол кездері модернизм туралы айтуға тыйым салынды да, жазушының осы жаңалықтарын айта алмадық. Міне, осы «Аңыздың ақыры» маған жаңашылдығымен ұнайды. Онда, мысалы, бірде-бір диалог жоқ. Диалогсыз-ақ әміршінің ішкі жан дүниесінде болып жатқан нәрсенің барлығын керемет шеберлікпен өріп шыққан. Басынан бастап аяғына дейін тұнған психологизм. Осы шығарма жарық көргеннен кейін қазақ әдебиетінде осындай шығармалар көптеп жазыла бастады.
Әдебиетте «парадигмалардың ауысу кезеңі» деген ұғым бар. 60-шы жылдардың әдебиет өкілдері, оның ішінде Әбішпен қатар Мұхтар Мағауин де, Сайын Мұратбеков те, Қалиқан Ысқақ та, Ақан Нұрманов та бар, бұлар шын мәнісіндегі жаңа парадигманы — жаңа ұстанымдарды, жаңа концепцияны, жаңаша жазудың тәсілдері мен техникасын алып келді. Өкінішке қарай, олардың осы ерекшеліктері өз бағасын алған жоқ, жан-жақты талданған жоқ.