Әбдіқалықова бастаған министрлер өңір-өңірді аралап, азаматтарды жеке қабылдайды

0

Үкімет басшысының орынбасары министрлермен бірге келесі аптадан бастап облыстарға іссапармен барады

АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Келесі аптадан бастап премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған министрлер облыстарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездеседі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әбдіқалықова елімізде қолға алынған әлеуметтік іс-шаралар үш бағытта іске асатынын атап өтті. Бірінші — табысты арттыру арқылы тұрмысы нашар азаматтарды қолдау; екінші — табысы аз, тұрмысы нашар отбасыларды баспанамен қамту және денсаулық сақтау, білім беру салаларының сапасын арттыру; үшінші — өңірлік даму.

«Барлық шараны жүзеге асыру үшін үш жылға 2,3 триллион теңге бөлінеді. Осы бірнеше күннің ішінде барлық министрлік арнайы жол картасын әзірледі, енді сол бағытта жұмыс істейді», — дейді премьер-министрдің орынбасары.

Білім министрі: Сағадиевтің емес, мемлекеттің саясатын жүзеге асырамыз

Ең басты мәселелердің бірі – халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

«Келесі аптадан бастап мен өзім және осында отырған министрлер облыстарға іссапармен барамыз. Кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өңір-өңір бойынша бірнеше облысты қамтимыз», — деді Әбдіқалықова.

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбіқалықова туралы не білеміз?

Үкімет мүшелері алғашқы сапарын батыс өңірлерден бастамақ. Яғни, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары.

«Халықпен кері байланыс болу үшін сол жерде азаматтарды жеке қабылдаймыз. Кездесулер болады, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтары мен жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы, олардың дайындығы қаралады. Жергілікті журналистермен де кездесеміз», — деді үкімет басшысының орынбасары.

Әбдіқалықованың айтуынша, бір-екі айдың ішінде бүкіл облысты аралау жоспарланып отыр.

Назарбаев халықтың тұрмысын жақсарту үшін қандай тапсырма берді



sputniknews.kz