“Әбден белден басып, өктем сөйлеп қалған Мағауин демократияны түсінбейді-ау”: Журналист әйгілі жазушыны сынап тастады
Заңғар жазушыны сынаған жазбасын Ораз Әлімбек фейсбуктегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды kznews.kz сайты Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
«Мағауин неге Сәукетайдың шотын шауып жатыр?
АҚШ асып кеткен «диссидент» жазушы Мұхтар Мағауин «Тұрысбек Сәукетайға мемлекеттік сыйлық бер» деген сыңайда президент Тоқаевқа хат жазыпты. Жазушының мұнысы әбес қылық, себебі, бұл конкурс емес пе, «былай болады» деп Тоқаев қалайша нүктесін қоя салады?!
Әбден белден басып, өктем сөйлеп қалған Мағауин демократияны түсінбейді-ау дим.
Сәукетай шығармасы сыйлыққа лайық па, лайық емес пе, оны әдебиет сыншылары айтар. Біз бұл мәселеге басқа жағынан қарап көрейікші.
Мағауиннің Сәукетай үшін сөз айтуында басқа гәп бар сияқты. Мұны қысқартып айтсақ, Мағауин Сәукетайға сөз қарызын қайтарып жатыр. Осы орайда аргументті нықтау үшін «Мағауиннің мұраты» атты мақаладан үзінді келтіруді жөн санадым (мақаланың толық нұсқасының сілтемесін бірінші комментке салдым).
«Мағауиннен диссидент жасап жүрген кім?
Жұртта қалып, М.Мағауиннің артынан «Қайран, ерім-ай» деп жылап жатқандардың ішінен екі адамды ерекшелеп атаса болады. «Жұлдыз» журналында М.Мағауин басшы болғанда, соның талай жыл орынбасары қызметін атқарған Тұрысбек Сәукетай 2010 жылдың 14 ақпанда «Общественная позиция» газетінде «Мұқтардың мұңы» атты көлемді мақала жариялады. Мақаланың аты айтып тұрғандай, Мағауиннің өзі айта алмай жүрген «мұңын» жария етті. Ал «Жас алаш» газетінің бас редакторының орынбасары Әмірхан Меңдеке «Мұхтар Мағауинді Қазақстанға қай бетiмiзбен шақырамыз?..» деп, Мағауиннің «екі қоянды бір оқпен атудағы» түпкі мақсат-мұратының шетін шығарып, тіпті, әріге сілтеді. «…Бiле бiлсек, Әкежан Қажыгелдиннiң, Мұхтар Әбләзовтiң, Марғұлан Сейсенбаевтың шетелге кетiп қалуынан гөрi Мұхтар Мағауиннiң шетелге кетiп қалуы – әлдеқайда сестi, әлдеқайда сұсты. Саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да. М.Мағауиннiң шетелге ың-шыңсыз, дау-дамайсыз, дабырасыз кеткенi де мәлiм. Соның өзiнде бүгiндерi шетелдiк журналистер мен шетелдiк саясаттанушылар «Қазақ әдебиетiнiң көзi тiрi көшбасшысы елiн тастап, жұртын тастап, неге Чехияда жүр?» деп сұрай бастапты. Мұхтар Мағауин – сұрауы жоқ адам емес. Және Мұхтар Мағауин – көптiң бiрi емес. Аса iрi қайраткер-жазушы. Iрiнiң сұрауы да iрi болуға тиiс. Сондықтан да бiз билiкке жақын жүретiн әдеби-мәдени қайраткерлерiмiздiң Мұхтар Мағауиндi дәл бiр кәмпитке өкпелеген жас балаға ұқсатып, «мiнез кiмде жоқ дейсiң… елге қайта ғой» деуiн мүлде қабылдай алмадық. Бiздiңше, шетелге кеткен Мұхтар Мағауиндi елге шақырудың жөнi бұдан бөлекшелеу болу керек сияқты» депті ол мақаласында. Оның ойынша, Қазақстан үкіметі Прагаға арнайы делегация жіберіп, Мағауиннің алдында бас ұрып, кешірім сұрап, астына көпшік қойып, ырғалтып-жырғалтып елге қайта алып келу керек екен, ал халық тайлы-таяғымен жиналып әуежайда жылап-сықтап қарсы алу керек екен…», — деп жазды.