Абайдың мерейтойына арналған шаралар қай кезде басталады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Мәдениет министрінің айтуынша, жыл соңына дейін Абай Құнанбайұлы туралы жаңа деректі фильм шығарылады

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым — Sputnik. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мерекелік шаралар үш айдан кейін басталады. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Абайдың мұрайжай үйінде және  Жидебайдағы Абай-Шәкәрім мемориалды кешенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар атқарылып жатыр. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығын толыққанды ғылыми-зерттеу орталығы етіп қайта құру тұжырымдамасы әзірленді.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы 18 нысанда тиісті жұмыс жүргізілуде. Абай шығармашылығын насихаттау мақсатында елде және шетелде оның еңбектері әлеменің 8 шет тіліне аударылып, басылып шығарылды. Прагада Абайдың мәдени-ақпараттық орталығы ашылған.

«Негізгі мерейтойлық шараларды қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысында өткізу жоспарланып отыр. Ал қазан айында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Абай мерейтойының халықаралық тұсаукесері өтеді», — деді Райымқұлова бүгін онлайн режимде өткен есеп беру кездесуінде.

Министр биылғы ұйымдастырылатын маңызды іс-шаралар барысында ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейтінін ерекше атап өтті. Жыл соңына дейін Абай Құнанбайұлы туралы жаңа деректі фильм шығарылады. Биыл пандемияға қарамастан, сценарийлер конкурсы ұйымдастырылды.

«Бірнеше сценарий ұсынылған болатын. Абайдың қара сөздеріне негізделген деректі фильмнің жобасы қолдау тапты. Одан жақсы кино шығады деп сенеміз. Фильм жылдың екінші жартысында шығады», — деп атап көрсетті Райымқұлова.

Оқи отырыңыз: Татарстан президенті Абай өлеңін қазақ тілінде оқыды

Айта кетейік, жыл басында Абайдың мерейтойы аясында үш деректі фильм және бір қысқаметражды кино түсіріледі деген жоспар болған. Сериал түсіруге қатысты ұсыныстар да жасалды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға республикалық бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінеді деген. Артынан пандемияға байланысты осы сома 2,36 миллиард теңгеге дейін қысқартылды.



sputniknews.kz