Абайдың 175 жылдығы: қанша ақша жұмсалатыны жарияланды

0

Бюджеттің ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильмнің қаражаты да бар. Бұдан бөлек, Парижде ЮНЕСКО аясында бірқатар шара ұйымдастырылады

НҰР-СҰЛТАН, 16 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлауға қанша қаржы жұмсалатынын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министр Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, мерейтой шараларына өткізуге қосымша қаржы қарастырылған. Алайда ол шаралардың басым бөлігі министрліктің жыл сайынғы бюджеті аясында атқарылады. Ал өнер ұжымдары өз жоспарын Абайдың мерейтойына қарай ыңғайластырады.

«Негізі, барлығы жылдық жоспар аясында өтеді. Осылайша, Абай бабамыздың 175 жылдығына арналған барлық шараларға 3 миллиардқа тарта ақша жұмсалады. Ол – жоспарлы қаражат. Мысалы, Абай атындағы опера театрының гастрольдік сапарларына бөлінетін қаржы болады. Олар сол қаржыны Абайдың мерейтойына арнап, Мәскеу, Түркия мен Қытайға барады. Басқа өнер ұжымдары да солай істеп отыр», — деді Дәуешов астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бюджеттің ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш деректі фильмнің қаражаты да бар. Бұдан бөлек, Парижде ЮНЕСКО аясында бірқатар шара ұйымдастырылады.

Жалпы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау жоспары 82 тармақтан тұрады. Соның ішінде ірі халықаралық жəне республикалық қоғамдық маңызды ғылыми-ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, поэтикалық жəне əдеби конкурстар, баспасөз турлары жəне өзге де іс-шаралар бар.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қанша Абай Құнанбайұлы бар

Сонымен қатар облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана əкімдіктері мерейтойды атап өтудің өңірлік жоспарларын əзірледі. Абайдың 175 жылдығының ресми салтанатты ашылу рəсімі 2020 жылы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.



sputniknews.kz