Абайда зорланған баланың ісі бойынша үкім шықты
Бірнеше айға созылған сот процесі Шымкентте жабық режимде өтті
ШЫМКЕНТ, 10 желтоқсан – Sputnik. Абай ауылында 7 жасар баланы зорлауға қатысты іс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
Сот алдына келген жалғыз айыпталушы — 2002 жылы туған жасөспірім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болады.
Сотталған баланың шешесі үкіммен келіспейді, ол сот шешімін аппеляцияға бермек. Ал жәбірленуші тараптың сот үкіміне көңілі толады.
©
Sputnik /
Судья Самидин Темірәлиев
Абай ауылындағы 7 жасар баланы зорлауға қатысты іс бойынша сот процесі Шымкентте қыркүйек айының соңында басталған болатын. Сот процесі жабық режимде өтті. Әуелде бұл іс бойынша төрт күдікті еді. Бірақ жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 14 жастан бастап қана жауапқа тартылады. Қылмыс жасалған сәтте тек біреуі ғана осы жаста болған. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-тармағы (кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық) бойынша сараланды. Қалғандарына қатысты 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Бүкіл елді дүрліктірген атышулы оқиға
Былтыр көктемде 7 жасар баланың зорланғаны туралы тараған ақпарат күнгей жұртшылығын ғана емес, бүкіл елді дүрліктірді. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы бес-алты ай бойы зорлап келген. Бала бұл жайт туралы отбасына 2017 жылы тамызда айтқан екен. Туған-туысқандары бірнеше мәрте полицияға барып, мекеменің табалдырығын тоздырса да, тәртіп сақшылары арызды тек қаңтар айында қабылдаған. Істің жүруіне аудандық білім бөлімі мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытқан.
Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін бірнеше шенеунік жауапқа тартылып, жұмыстан шеттетілді. Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық жайлы Қазақстан президенті де айтқан болатын.
«Іс ұзаққа созылып, туған-туысқандарын әуре-сарсаңға салды. Бәрібір ештеңе таба алмай, дәлелдей алмадық. Неге екенін білесіздер ме? Барлық жерде туысқандары отырған. Бұл іспен айналысқан полицейлер де – туыстары, жоғары органдарда да туыстар, одан жоғарыда да – туыстары, бәрі істі жабу үшін жасалған», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Бүлдіршіннің зорланған-зорланбағанын анықтау үшін халықаралық сарапшылар тартылды.
Зорланған баланың нағашы әжесі Sputnik Қазақстанға қазір баланың Алматыда анасымен бірге тұрып жатқанын айтты. Сол жақта мектепте оқиды.
«Тұрмыс жағдайымызға байланысты Алматыға барып тұруға мүмкіндігіміз жоқ. 4 айлық кезінен қолыма алып, өсірген балам ғой. Сағынамын», — дейді ол.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/