Home Жаңалықтар «Абай және Назарбаев»

«Абай және Назарбаев»

0
265

АБАЙ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ…

Жарияланым мерзімі: 12.03.2012

24-наурызда Жаңаөзендегі қырғынға жүз күн толады. Алматыдағы Абай ескерткішінің маңына әр ай сайын жиналып жатқан ағайын сол күні, сол жерде сағат 11:00 де құрбандардың рухына арнап Құран бағыштамақ… Ұлы ақын ескерткіші – Киевтегі Майдан, Мәскеудегі Болотный, Бішкектегі Манас алаңдары сияқты төңкерістік сезімнің жинақтаушы нүктесіне айнала ала ма? Абай есімі қазақ жүрегіндегі үрейді қашырып, жаңа күнге бастай ала ма?.. Бұл сауалдарға жауап іздемес бұрын қисынсыз салыстыру жасап, Абай мен… Назарбаевты салыстырдық…

Құнанбай әулеті де Шыңғыстауда жарты ғасырға жуық жеке-дара билік құрды. Аймақтың бар тізгін-шылбырын уысынан шығарған жоқ. Ұлы Абай, данышпан Абай – атасы мен әкесінен қалған билікті кеңпейілдікке салынып: «мә, халқым» деп көпке сыйға тартудың орнына өз «вертикалін» орнатумен айналысты…

Абай ғұмырын азды-көпті зерттеген адам ретінде ұлы бабамыздың «билікқұмарлығын» қазіргі Назарбаев режимімен еріксіз салыстырдым… Бір қарағанда, әрине, масштабтары мүлдем бөлек: біреуі аймақтың төбе биі, екіншісі тәуелсіз мемлекет басшысы. Ал астарлап үңілсеңіз: екеуі де билікті ұзақ уақыт уысынан шығармаған, мейлінше үздіксіз билік құрған «автократтар». Мәселен, Назарбаев өзіне қарсы шыққан ондаған жанды түрмеге тоғытса, Абай атам да Базаралы бастатқан 17 жігітекті Сібірге айдатқан; Назарбаев отбасының мүшелері «Форбс» тізіміне іліксе, Абайдың інісі Оспан да мыңды айдаған дегендей… Яғни ұқсас мысалдарды осылайша құрастыра беруге де болар. Алайда, бұлайша ұқсастыру – бір қарағанда, оразбайлық көбен қарағанда ғана. Ал «қос авторитаризмнің» бір бірінен қаншалықты алшақ, күн менен түн, от пенен су тәрізді керағар ұғымдар екенін, қос тұлғаның рухани әлемдегі ара қашықтықтары алты айшылық жол екенін Абайдың екі сөзіне жүгінсеңіз түсінесіз. Мінеки.

Әуелі, Абай атам: «Не болады өңшең нөл, билемесе бір кемел?» дейді. Ол жұртының «нөл» екенін білді, сезінді. Өзінің «кемел» екенін де анық көрді. «Қолымда закон қуаты бар болса, адам мінезін түзеп болмайды дегеннің тілін кесер ем»-нің авторы адамшылық пен парасат арқылы әділетті билік жүргізу – елді түзейді деп сенді.

Абай идеал билікті аңсады. Соған іс жүзінде ұмтылды. Іс жүзінде идеал билікке жақындады да. Оған мысал: өзіне қамшы сілтенген оқиғадан соң Арқадағы арғын-найманның бар биі жиналып айыптыларды 50 сүттайлақ құнға жықты. Кінәлілер ел назасына ұшырады. Осыдан соң ол барша билікті жұрттың алдынан өтіп қайта қолына алды, өмірінің соңғы сегіз жылында Шыңғыстаудағы дау атаулы Абай арқылы шешілді. Әділетін тапты. Бұқар айтатын «бір анадан туғандай» татулыққа жеткен екен аймақ жұрты. Шәкерім, Кәкітай, Мағауия, Көкбай сынды шәкірттері ел билігіне кірісіп, адамшылық, ар жолымен басшылық жасады. Білім ошақтарын салды. Рухани негізге ұмтылып, өнер екті.

Абай өмірінің (билігінің) соңғы жылдарындағы тағы бір аса ғибратты сәт – ақынның ғұмыр бойғы «оппоненті» Оразбай – Абай хәл үстінде жатқанда бақұлдасып, кешісті. Оспанның Оразбайды арбаның күпшегіне байлап Семейден әкелгенін еске алсақ, сол заманның өркеуде шонжарын соншалықты қорлықты кешіртіп сабырға келтірген – тағы да Абай кемелдігі, тағы да Абайдың рухани аясының қуаты.

Ал Абай шәкірттері Шәкерім мен Кәкітайды Алашорда үкіметі кейіннен алағай да бұлағай замандарда Семейде бас қазы етіп, сот билігін қолдарына берді. Бұл – ұлы ұстаздан қалған әділет сарқыншағын ел мүддесіне жұмсаған Алаш көсемдерінің көрегендігі болатын. Абайдың парасат мектебінің таралуы осыдан-ақ көрінеді.

Ал енді Назарбаев үшін де, әрине, «көптің нөл, өзінің кемел» екені анық. Мұны президенттің әрбір астамшыл сөзінен байқаймыз. Тек бұл «назарбаевтық кемелдік» «нөлдерге» тым қымбатқа түсетіні жаман…

Шын кемелдіктің дәлелі – Абай атамның өмірінің соңғы сегіз жылында оған, оның әділетті билігіне ұйыған жұрт болды. Қалың қауым, қазақ – аңыз қылды, құрмет етті. Әлихан Бөкейхан амандасуға жете алмай, қатты өкінді. Кітабы Петерборда басылды. Рухани сәулесі жалпыға жетті.

Мұндай «кемелдік» Әбіштің ұлында бар ма? Оның рухани сәулесі қазақтың жүрегін жылыта ма? Оның уәжі елді сендіре ме? Жыл сайынғы жолдаулары ұлтты ұйыта ала ма? Оның ізін басқан қара қылды қақ жарған, жаны таза, әділетті шәкірттері бар ма? Ертең Назарбаев дүниеден өткен соң оның артында қандай да бір парасат мұрасы қала ма?

Абай өлген жастан бір мүшел артық жасап отырса да Назарбаев өз ұлтын ұйыстырар ақсақалдық рухани тұғыр туралы ойлана ма екен?

Президент Назарбаевқа байланысты осындай сауалдарды өз-өзіңе қойған сәтте оның ел алдында ақтарыла сөйлеген кездерін есіңе түсіруге тырысасың… Бірақ (әлде мен тым күдікшіл, ниетім дұрыс емес жанмын ба?), есімізге Назарбаев айтқан өңшең бір қолайсыздау сөздер түсе береді. Қазақ университетінде немересімен жасты өндірдей ұл-қыздармен кездесіп тұрып «еркектік қуат» пен «оның әйелден алатыны» туралы айтқаны, отандық ғалымдарға «мәңгі өмір сүргізетін» дәрі ойлап табуға тапсырыс бергені, жәутеңкөз боп шеттен келген бауырға міндетсінгені…

Екінші, Абай атам айтады: «Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес» деп. Одан ары «Әділетті жүректің ғаділетін бұзыппын» дейді. Бұл дүниядағы барша өзі ұшыраған қателік атаулыға ең әуелі өзін жауапты етеді.

Абайға алғаш бойлап жүрген шақта, «Абай жолынан» басқа әдебиеттерге қызығып, оның өлеңдерін өзімше ой талқысына салған шақта осы өлеңге жолықсам, шынымды айтсам біртүрлі болатынмын. «Қулық пенен сұмдыққа құладындай ұшыппын» деген жеріне келгенде қанатын жарбаңдатқан сұмырай құс пен Абай атамды бір қалыпқа сыйдыра алмай сандалатынмын. «Дүниенің ең бір жамандықтарына ұмтылған болса, соған «құладын-құзғындай» төнген болса, әй, шамасы жас кезінде өте жаман адам болған ау» деп топшылаған да болармын. Ары қарай: «Аршып алып тастауға апандағы саз емес» деуі, «әлі де жаны тазармаған екен ғой пақырдың» деп топшылауға негіз болатындай.

Әуезов енгізген, мектеп оқулықтары шегелеген, ауыл-аймақ аңыздары бекіткен абыз образын ақын өзі келіп бұзатын осы өлеңмен…

Кейін келе, Абай өлеңінің түпкі мәнін өзімше тапқан болдым. Абай, рас ел биледі, ел басқарды. Қылмыстыны жазаға кесті, айыптыны құнға жықты. Дұшпанымен тіресті, достарымен топтасты. Өз заманының қырғиы болды. Бірақ, ақын ғұмырбаянына қанша тереңдеп үңілсем де оның «қулық пенен сұмдыққа құладындай ұшқанын» кезіктіре алмадым. «Әділетті жүректің ғаділетін бұзғаны» туралы деректі көрмедім. Керісінше, оның билігі қашанда әділетке жүгінген екен. Таң қалдым, онда неге бұлайша өзін өзі жазғырады?

Сөйтсем, Ұлы ақын жүрегінің әділет туралы өлшемі тым-тым зор, аса кіршіксіз, мейлінше пәк екен. Оның «қулық пенен сұмдыққа құладындай ұшуы» да, «ғаділетті жүректің әділетін бұзуы» да асқан адалдық, құдай алдындағы иман таразысының шексіз сезгірлігінен туған екен. Оған біздің өлшеммен қарау қиянат екен.

Абай атам әділеттілік жолын бас қазы ете отырып қашанда ең алдымен өзін жазғырады. «Бәрі болды өзімнен» дейді. Өзгені орға жығып, өзі тап таза қалудан аулақ.

Ал президент Назарбаев мемлекеттік билік аса ауыр қылмысқа батып, қолы өз бауырының қанына былғанған шақта бір сәтке болса да ар сотын шақырды ма екен? «Бәрі болды өзімнен» деп Абайша, Толстойша күңіренуге рухани сауат пен иман жетпес, ең болмаса құдайына жақындағанын егделенген жасы, ағарған шашы түйсігіне салды ма екен?

Ел көсемінің күштілігі деген не? Ол – мығым экономика, мызғымас армия, селт етпес жүйке ме? Қандай қылмысқа батса да мойындамай, безеріп отырып алу ма? Қылмыстыны сол, онсыз да зар шеккен жұрттан іздеп, одан ары бақытсыз елді қасіретке батыра түсу ме?

Мұншалықты ауыр салмақпен өмір сүру, немесе (ерте ме кеш пе анық дүние) сонша күнәні арқалап жүріп, мойындамастан өлу – ақсақал Назарбаев үшін қандай қиын боларын болжай да алмаймын…

«Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес. Аршып алып тастауға апандағы саз емес» деп арылып өткен, адал ғұмыр кешкен Абай атам қандай бақытты!

Қасым Аманжолұлы, 12.03.2012