«Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет пен мәдениет аясында» атты конференция өтті

0

20 қазан күні  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Орталық ғылыми кітапханасы» мен   М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай шығармашылығы әлемдік әдебиет пен мәдениет аясында» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференциясын өткізді.

Конференцияға еліміздегі абайтанушы ғалымдардан сырт, Түркия, Ресей және Өзбекстан әдебиетшілері қатысты. Екі жарым сағатқа созылған ғылыми талқы жиналысында ұлы Абайдың бұған дейін ашылмай келген қырлары туралы тұшымды баяндамалар жасалды. «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының меңгерушісі Қаймақбаева Қарлығаш Ескендірқызы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы сөз тізгінін ұстаған бұл шарада әлем таныған Абай төңірегінде тың тақырыптар қозғалды. Атап айтқанда, Өзбек елінен қатысып отырған профессор Юлдашев Қазақбай   «Абай: ойшыл, ақын, сопы»; Түркия Республикасынан  байланысқа шыққан Doc.Dr.Cemile Kinaci ханым «Абай және жастар»; У.Алиев атындағы Қарашай-Черкес мемлекеттік университетінен Сүйінова Нәсіпхан Хусинқызы «ХХ ғасырдағы ноғай әдебиеті және Қадрия поэзиясы» атты баяндамаларымен алыстағы  туыстас түркі жұртының ыстық сәлемдерін жеткізді. Ал Шығыс Қазақстаннан Аязбаева Гүлмира Мұратқызы мен Кашаку Гүлжан «Сирек басылымдардағы Абай» және «Абай мен Михаэлистің достығы» атты баяндамаларын жасады.

Орталық ғылыми кітапханасы Ғылыми-библиография бөлімінің бастығы Игиликова Сымбат Игиликқызы «Орталық ғылыми кітапхана қорындағы Абай Құнанбайұлының шығармалары» атты баяндамасында жұртқа Абай туралы қыруар материалдардың тізбесін көрсетті. Осы кітапхананың Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкері Әділет Ахметұлы «Қолжазбалардағы Шәкәрім мұраларының сыры» атты тақырыпта тыңнан түрен салды.

«Абай шығармаларындағы Риа мәселесі» атты тақырыпта баяндама жасаған  М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., доцент  Қыдыр Төрәлі Еділбайұлының «Абай шығармаларындағы Риа мәселесі» тыңғылықты зерттеулері тыңдарман қауымның алқауына бөленді. Серікқазы Сыбанбайұлы жақында ғана жарық көрген ұжымдық еңбек – Абайдың академиялық толық жинағы туралы айта келіп, келелі кеңесті қортындылады.

 

Дәрия Нұрмұхамбетова