Абай педагогикасы – тәрбиелеу ілімінің тұнығы 

0

Дана Абайдың  тәрбиелеу ілімін әділет-махаббат педагогикасы деп жүрміз.Абай атамыз тәрбие-леудің ілімдік жағынан көрі өнерлік жағына  көп мән берген ғұлама.Себебі жалпақ жұртқа ұрпағын толық адам болдыру үшін алдына қандай мұрат,мақсат қойып,нендей жол-жобалармен жүріп, қандай амал-тәсілдерді қолданып  жүзеге асыруға болатындығын түсінікті әрі асыл сөзбен айшықтап жеткізген.Абай заманында жұрттың барлығының көкірек көзі бүгінгідей  саңылаулы болған жоқ, Осыны дұрыс аңғармаған бірер педогог ғалымдарымыз Абай атамыз арнаулы педагоги-калық іспен айналыспаған,іргелі педагогикалық-психологиялық еңбек жазбаған деуге дейін барды.  Иманипедагогиканы жаратпайтын одан жиренетін советтік дәуірде,атамыздың педагогикалық-дидактикалық көзқарастарын таптық,материалистік сүзгіден өткізіп талдап, жұлмалап керектендік. Абайды зертеуші ғалымдар ұлы ақынды халық ұстазы деп біледі. Ақынның шығармашылық қызметі — халықтың рухани қазынасы. Ұстаздық, ойшыл ақынның пікірінше, жастарды ізгілікке, адамгершілікке үйретушілік. Абай халықтың болашағы жастарды адамгершіліктің игі қасиеттеріне тәрбиелеуші үлкендерден ұстаздық шеберлікке лайық қабілет болуын талап етті. Бұл ойын ақын: «Ұстаздық қылған жалықпас Үйретуден балаға…» — деп тұжырымдады.[3][4]
Абайдың педагогикалық көзқарасы қазақ жерінде патриархалдық-феодалдық қатынастар әлсіреп, капиталистік қатынастардың өмірге ене бастаған кезеңінде қалыптасты. Ақынның ағартушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы – ақын-ның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты. Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрлерін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті.Өскенбей шаңырағына бекем орнаған «Қарашаңырақ  мектебі»,Асыл әжелердің басшылығында жұмыс жасаған «Дана Аналар» мектебі,Білікті аталар арқылы бұл әулетте жүмыстаған «Дана Аталар» мектебі ауыл балаларымен бірге жас Абайды үкілеп өсірді, айтулы адам болдырды.Осы отбасы мектептерінің өзіндік педагогикасы  қашаннан бар болатын,Абай дана педагогикасында бұл дәстүр ұнасымды орын тауып,сабақтастықпен жалғасқан. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып білуіне себепші болды. Өмір заңдылықтарын түсінуге игі ықпал еткен әке тағылымы да ақын бойында ұстаздық қасиеттің қалыптасуына үлкен әсер етті. Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Ақынның жастарды білім алуға, ғылымға, адамгершілікке үндеген педагогикалық топшылаулары шығыстың атақты ғүламалары Әлішер Науаи, Ғ. Дауани, әл-Фараби т. б. ой-пікірлерімен сабақтас, өзектес келеді. Ол орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары мен көрнекті педагогтарының маңызды тәлім- тәрбиелік ой-толғаныстарын өзіндік құнды қағидалармен толықтырып, кейінгі ұрпаққа ағартушылық жаңа дәстүр қалдырды. Ұлы ағартушы өз айналасын қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе, жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау, еңбек сүйгіштік, жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты. Абай бар асыл ойын замана жастарына, келер ұрпаққа арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты — адам тәрбиесі. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық түрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат — «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Адам туралы,оның рухани жан дүниесі туралы ол былай деп жазады: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреу білсем екен демелік … мұның бәрі жан құмарлығы — білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [1, 154-156 бб.]. Білімнің қайнар көзі — қоршаған орта, адамның өзі. Оның ақыл ойының, сана сезімінің жоғары болуы өзіне байланысты. Адам барлық уақытта осы мақсатта өзін өзі жігерілендіріп, мұраткерлік танытып отыруы керек. Адам танымын Абай өте күрделі процесс деп қарайды. Адам ұдайы ақыл ойын, таным түсінігін, рухани жан дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап, күш қайратын, жігерін осы мақсатқа шоғырландыруы тиіс. Ғылымға ден қойған адам қоршаған ортаны, адамдардың бойындағы сапалық қасиеттер мен ерекшеліктерді бұрынғыдан да кеңірек танып біледі. Абайдың айтуынша, адамның өмірі мен оның бүгіні, болашағы үшін ең басты қажеттілік, адамның мақсатына, мұратына жетуі үшін өзін және қоршаған ортаны кеңірек танып, оның нәтижесін шындықты өтіріктен, әділеттілікті әділетсіздіктен, қайырымдылықты қатыгездіктен айыра білуі қажет. Абай заманында ұлттық сананың өміршеңдігін айқындаған бәсекелік пен прагматизм мейлінше әлсіреп кеткендігі ақиқат. Өйткені, бұларды биік деңгейде ұстап тұратын саяси факторлар – қазақ мемлекеті мен билігі тарих сахнасынан түсіп қалған еді. Олардың материалдық және рухани тіректері – жер мен тілдің бірі жат қолына көшсе, екіншісі ауыл арасы деңгейінде ғана жұмыс істей алды.Міне, осындай ортада ұлы ойшылдың халқын білім мен ғылымға шақыруы, тілі мен тарихын қорғауы, әсем ән мен тәтті күйдің талғампаз жанашыры, бірегей туындатушысы болуы ұлттық қауіпсіздікті күзеткені, рухани өмірдегі, салт-дәстүрдегі жаңашылдығы, сананы жаңғыртқаны еді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты,Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,Және хақ жолы осы деп әділетті.Осы үш сүю болады имани гүл,Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл,Ойландағы үшеуін таратып бақ,Басты байла жолыңа малың түгіл.Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,Осыларды бұзатын және үш іс бар:Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы.»   [2, 89 б.]. Абайдың сүйіспеншілігі, махаббаты, адамға құштарлығы тек адаммен шектелмейді. Бұл сүйіспеншілік аспанға, Құдайға дейін тарайды және құдайдан тарайды. Құдайдың өзі адамзатты махаббатпен жаратқан соң адамның бұл дүниені, адамзатты «бауырым» деп танымауына шара жоқ. Адамның адамды бауырым деп тануы — әділет жолы. Әділетті таңдаған адам адамзатқа сүйіспенілікпен қарайды, сүйсіне қарайды. Сөйтіп, Абай сүйіспеншілікті адамгершілік деңгейіне көтереді, сезімді ақылмен ұштастырады.Әлем шындығындыа Құдайдың өзі жаратқан  махаббат бесігіне бөленіп,сүйіспеншілік жөргегіне оранып, әділеттің алақанында тербеліп тұр.Адам осы ұяда өсіп-өніп,толық адам болып жетілуге тиіс.  Социалистік педагогикада интернацоналист тәрбие деген бар.   Ол,ұлы держевалық шовипист көзқарасты қаншама көлегейлеп жабуға ұмтылғанмен,адамдардың діни,нәсілдік ерекшелітерінің тігісін жатқызып,өзара ынтымак бірлікке шамасынша жанталасып кіріскенімен нәтиже шығара алмады.Осы бір қиюы қашқан ұран мен насихатты атамыз; «адамзаттың бәріп сүй бауырым»- деп қана өте терең мағынада,сырлы сөзбен сабақтаған.Абай педагогикасы тәрбиелеу ілімінің әрі  тереңі,әрі тұнығы.Ол бес баулудан тұрады.  1.Елдікке,ерлікке,Отаншылдыққа баулу.Бұл Арғы қазақтан келе жатқан ұласпалы дәстүр,текті де,тегуірінді қасиет.Мүны бар қазақ,еш адам, ешуақытта аттап кете алмайды,қанға сіңген қатал тәрбиелік ұстаным.Оны бойына сіңірген адам ғана,толық адам,нағыз қазақ бола алады. 2.Кісілігі мол кісі болдыру,адамшылыққа баулу.  3.Имандылыққа баулу.4. Өнер, білім-ғылымға баулу. 5. Өмірге дайындау,еңбекке баулу.Осы баулу мектептерінен өткен, адамшылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, өнер,білім-ғылымға көргенділікке қол  жеткізген, қоғамда өз орнын таба білу (өміртану)   ғылымын игеруші жанды атамыз,толық адам деген.Олай болса Дана Абай педагогикасы—заманауи толық адам қалыптастыру  ісінде тұғыр боларлық,Қазақстан білім жүйесінде,жастарға тәлім-тәрбие беруге ғылыми негіз боларлық ұлтанды ілім болып табылады. Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған этикалық қағидасы –бұл «Адам бол!» деген үндеуі – ол ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үндеуінің этикалық мәні адамның өмірдегі міндеті мен ролін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында ақыл ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн – аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер – таудың әшекейі, ал жердің сәні – адам. Абай үлкен мақтанышпен: «Адам деген даңқым бар!», — деп жар салады [2, 86 б.]. Абай дүниетанымы мен философиясындағы даналықтың қыр-сырын, бүге- шүгесіне дейін ашып көрсете білген профессор Т.Х. Рысқалиевтің пікірінше: «Абай даналыққа, даналықты білдіретін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән берді; ол даналықты танып, ажырата білді, жүзеге асыра білді. Даналық Абай ілімінде теориялық концепция болып қалған жоқ, өмір сүру тәсіліне айналды.» «…Абайдың түсінігі таң қалдырады. Оған дейінгі, одан кейінгі қазақ ойшылдары мен ғалымдарында кездеспейтін түсінік. Өткенді де, қазіргіні де, болашақты да қамти алған түсінік. Оқумен, тоқумен, тәжірибемен, ойланумен, толғанумен, терең бойлаумен келген түсінік. Адамды өсіретін, сонымен бірге кімнің кім екенін, ненің не екенін таразыға салып өлшеп беретін түсінік» [4, 44 б.].Сондықтан да,Абай педагогикасы да,таңқаларлық терең әлем!
Абай педагогикасында   бала тәрбиесінен бастап тұтас ұлттың, халықтың санасына ықпал ету мақсатындағы ойларын ортаға салды. Оның тәрбиелік бағыттағы ойлары кең ауқымдағы ағартушылық идеяларға ұласты. Бұл тұрғыда Абай ұлттың бір ғана белгілі тобының тілек-мүддесіне орай идеялық мақсат ұстанған жоқ, тұтас ұлттың, халықтың болашағы туралы, күнделікті мұң-мұқтажы, қажетті іс-әрекеті туралы ой қозғады. Халықтың бірде-бір тобын жекелеп алып қарамай, тұтас сөз қылды. Қазақ қоғамындағы әрбір әлеуметтік топ өкілдерінің мінез-құлқы мен қасиеттерін ашып көрсетуінің себебін ақын жиырма екінші қара сөзінде: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреуді бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі есті» [3, 129 б.],- деп түсіндіреді.Абай өз халқының бойындағы жаман мінез-құлықты, еңбексіздікті, ғылымнан мақрұмдықты сынады. Ол халқын еңбек етуге, ғылымды меңгеруге, адамгершілікті болуға үндеді  Білімнің негізі-еңбекте,талапта.Ой еңбегін атқарудың ерекшелігін игеруде талаптанып және оған  үнемі жаттығып, машықтанса, бұл саладағы қиындықтың  да болатындығына Абай дәл бағыт береді. «Пайда ойлама,ар ойла,Талап қыл артық білуге.Артық ғылым кітапта,Ерінбей оқып көруге.» Оқу мен білімді меңгеру тұрғысынан қарап : «Талап әр балада бар,-дейді ақын,-оған талас қылуға болмайды.Егер талапты ескеріп,күтіп тәрбиелей білсе,ол дамып,өрістеп жетіледі.Ал оған мән бермесе,өз-өзінен  жоғалып кеткенін адам байқамай қалады»,-деп, оның қалай жоғалып кеткенін айналасындағы жұртшылық та байқамай қалатынын айтады.  Абай не қажет,не залал-осының бәрін білімді адам толық біледі,өз өмірін жандандырады,өз халқына пайдасы тиеді деп ұғынды.Жастардың бірінші міндеті ғылымға, білімге, білуге талпыну деп білді.Абай ғылым үйрену деп мынадай талаптар қойды. Отыз екінші қара сөзінде:  «Білім –ғылымды үйренбекке талап керек.Талаптың өзінің біраз шарттары бар: әуелі білім-ғылым табылса,дүниенің бір қызықты нәрсесі керек болады деп іздемеске керек.Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар,ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет білсең,һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат  хұзур хасил болады.Сол  рахат білгеніңді берік ұстап,білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар,махаббат пайда болады.Сонда әрбір естігеніңді,көргеніңді көңілің жақсы ұғып,анық өз суретімен ішке жайғастырып алады» ,-дейді. Көреген Абай ғылымды үйренушілерді екі топқа бөледі.Бірі-сол ғылымды  ақиқат үшін,білу үшін үйренушілер де,екіншісі-бақас үшін,яғни  біреуден озу, біреуден жоғары болу мақсатын көздеушілер.Біріншісі-сөз жоқ,нағыз ғалым,ғылымға нағыз берілген адам. Ал екіншісі- ғылыми дәрежені  жеке басының пайдасына бір жолата бұратын,Абай заманынан бері келе жатқан,біздің  заманымызда да  кездесетін ғалымсымақтар.Абай ғылымды үйренуге тойымдық жасап,жеткілікті деп отырып қалмау жөнінде он екінші қара сөзінде былай дейді: «…үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей,үйрене берсе керек.Кімде-кім үйреніп жетпей жатып,үйренгенін қойса,оны Құдай ұрды,  ғибадат болмайды»,-дейді.Кемеңгер Абай ғылымды іздеп,тауып үйренген адамда енді бір мынандай қасиет керектігіне отыз екінші қара сөзінде былай мән береді: «Ғылымды,ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар.Сол  мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен,жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең,мінездің беріктігі бұзылады.Онан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қонарға  орны жоқ болған соң,оларды қайда сақтайсың?»,-дей келіп,алған мақсаттан таймайтын табанды болуды  талап етеді:Әсемпаз болма әрнеге,Өнерпаз болсаң арқалан.Сен де бір кірпіш дүниеге,Кетігін тап та бар қалан,-деп,ғылым қуған жастар әр нәрсеге көре желікпе,қызыққуғыш болмай, мақсатты болу,сол жолға өзін даярлау керектігін ескертеді.Абай ғылымды кімнен үйрену керек деген сұраққа шығармаларында толық жауап береді. Мысалы,ол  «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде мынандай пайымдаулар айтады: «Білгендердің сөзіне,Махаббатпен ерсеңіз.Ақыл сенбей сенбеңіз,Бір іске кез келсеңіз.Ақсақал айтты,бай айтты,Кім болса, мейлі,сол айтты,Ақылменен жеңсеңіз?,-деп,яғни өзіңнің көзің жетпей ештеңеге, ешкімге сенбе дейді.Мұны жазған кісінің,Атын білме,сөзін біл!Егер түзу көрінсе,Ойлап-ойлап,құлаққа іл.» Ал ғылымды кітап арқылы ғана игеруге болытынын және аңғартады. «Интернатта оқып жүр» деген еңбегінде:Артық ғылым кітапта,Ерінбей оқып көруге,-дейді. Білім-ғылымды көбейту үшін адам бойында ойласып, пікір алысатын, екінші, ол пікірді сақтап қорғайтын екі түрлі қуатты қасиет болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды. «…Мінезде арды, ақылды сақтарлық қайраты бар болсын. Бұл ақыл үшін, ар үшін болсын….»  «Ақылға кесел нәрселерден сақ болған жөн. Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар.Көкірегі байлаулы берік болу керек.Сол нәрсені естігенде я көргенде бірдемеге үлгі етіп, ұқсатып, бар ынтамен ұғу керек.Бірнеше рет қайталап, көңілге бекіту керек.Ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Ол кеселді нәрселер: салғырттық, уайымсыздық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, болмаса бір нәрсеге құмарлану, бұл төрт нәрсе ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер. (31-қара сөз) [1,173-174]Адам бойындағы кеселді нәрселердің ең жағымсызы, Абайдың пікірінше, ол – уайымсыз-салғырттық. Салғырттық – құдайдың да, елдің де, үлгінің де, ақылдың да, ардың да қас дұшпаны. Ол бар жерде бұлар болмайды, — дейді ғұлама Абай.   Абай білім алуды, ғылым үйренуді жастық ісі деп қарайды: Жасымда ғылым бар деп ескермедім,Пайдасын көре тұра-тексермедім.Ер жеткен соң,түспеді уысыма,Қолымда мезгілінен кеш сермедім.немесе:Жастықтың оты қайдсың,Жүректі түртіп қозғамай?Ғылымның біліп пайдасынДүниенің көркін болжамай.Абай жасөспірімдерден көп үміт күтті,халықтың ілгері дамуына,жаңа заманға  ие жастар  екенін  баса айтты. Жастар айналысар іс-өмірлік мұратпен сай келуі керектігін ескертті. «Дүниенің һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады»,- дейді Абай. Ақылды,білімді адамды құрмет тұтты: «Бақпен асқан патшадан,мимен асқан қара артық»,-деп жастардың білімді болып,ғылымды игеруі арқасында,ел-жұртына, заманына көп пайда келтіре алатынына кәміл сенеді. Оның білім, ғылымға, өнер үйренуге бағытталған  көзқарасы жалпы дүниетанымына, философиялық ойларына негізделеді, білім, ғылым ақын пікірі бойынша дүние, мал табудың көзі болуымен пайдалы. Абай “дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл берсеңіз” немесе “түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып білім алған” деген. Осы арқылы ол адамдарды, әсіресе, жастарды оқу, ғылымға қызықтырғысы келеді. Ол ғылым, өнердің мал тауып жақсы өмірге тұғыр болатынын “ниетің түзу болса сенің аппақ, ғылым, өнер, мал таппақ жұртқа жақпақ” дей келе, өнер туралы “әуелі өнер үйренелік қолдан келсе”, немесе “ұқпасын ба сөзді тез сөз өнері тұр таяу” деп өнер мен ғылымды адамның қабілетімен байланыстырады. Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесін көгертеді. Көсегесі көктеген ғылым ғана елдің еңсесін тіктейді. Өркениет әлеміне тікелей жол ашады. Ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттердің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері осыған меңзейді. Мұның бәрі бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан жастарымызға тікелей қатысты,ғибраты мол,өнегелі сөздер.

Жастарды адамгершілік рухында тәрбиелеп, оларға ғылым мен білімге бастар жолды көрсете отырып, ақын бұл мәселелердің шешімі еңбекте деп білді. Ол еңбектің адам мен қоғам өмірінде алатын қызметіне зор мән берді. Абай шығармалары олардың әр түрлі кәсіпті еркін меңгеруіне ықпал етіп, еңбекті тиімді ұйымдастыру жолдарына баулыды. Ақын жастарды бойындағы күш-қуатын пайдалы еңбекке жұмсауға шақырды. Өз заманындағы еңбекке салғырт көзқарастың зардабын дәлелдеп, адам бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуында еңбектің атқаратын шешуші қызметіне талдау жасады. Жастардың айналысар кәсібінің аясы тарлығына тоқталып, өзімен көршілес халықтардың егіншілік пен қолөнерін, сауда жасауды, түрлі кәсіпті үйренуге үндеді..Әр адам еңбекпен ғана өседі. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?» деген өлеңінде ол:«Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей,Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?» – дей келе, тағы бір жолдарында:«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел.Малың болса, сыйламай тұра алмас ел…Есек көтін жусаң да, мал тауып кел,  Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас…» – деп барлық адамды еңбек қылуға шақырады . Оның шығармаларынан «әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» немесе «тәуекелсіз, талапсыз мал таба алмаса, еңбек қылмас еріншек адам болмас» деген секілді адамды іске шақыратын жолдарды көптеп кездестіреміз. «Болмағын кекшіл,Болсайшы көпшіл,Жан аямай кәсіп қыл!Орынсыз ыржың,Болымсыз қылжаң,Бола ма дәулет, кәсіп бұл» – дейді. «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей». «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,Әуре етеді ішіне қулық сақтап,Өзіңе сен өзіңді алып шығар,Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп Абай еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы адамшылық шыңына шығуды өсиет етеді. Ақын кейбір жастардың бойындағы еңбекке икемсіздігін, құлықсыздығын, жалқау-лығын сынап, берекесіз адамның болашағы жоқтығын әрдайым еске салып отырады. Жастарға жеке басыңның қамын күйттеп кетпей, халқыңның жарқын болашағы үшін еңбек ет: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», — деген өсиет қалдырды. Абай қалың бұқараны адал еңбекке үндеді, қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен, ұрлық-зорлықпен, еңбексіз тапқан мал мен мүліктің: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...»- деп, ондай арзан дүниенің жұғымсыз екенін ұқтырды. Ол қалың қазақ жұртшылығын адал, қарапайым еңбекті қадірлей білуге, ерекше құрметтеуге және оны бағалай білуге үндеді. Жастардың әрбірінің айналысар кәсібі болуын, ол кәсіпке дағдылану машығының неғұрлым ертерек басталуын, жастық шақта еңбекке деген ұмтылыстық, икемділіктің тұрақты қасиетке ұласуын құптады. Еңбек етуге де өзіндік байлам, талаптылық пен берік табандылық сияқты қасиеттердің керектігін ескертті. Ақын әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жүзеге асатыны туралы терең педагогикалық тұжырым жасады. Ол жастардың еңбексіз жүріп, жаманшылыққа бой ұратынына қарсы болды. 1886 жылғы бір өлеңінде ол:«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,Шошимын кейінгі жас балаларданТерін сатпай, телміріп көзін сатып,Теп тегіс жұрттың бәрі болды аларман» [4,169],-деп, өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездерін қатаң сынға алды. Ондайлар туралы: «Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,Бәрі де шаруаға келеді олақ.Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,Бар өнері – қу борбай – сымпыс шолақ-деп, күйзеле жазады ұлы ақын.
Абайдың шығармалары–ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ қоғамының, қазақ ортасының әлеуметтік ақиқаты, бейнесі. Өмірдегі барлық зұлымдық атаулының негізгі себебін жалқаулық, надандық, өсекшілдік, парақорлық т.б. келеңсіздіктерден көрген ол, халықты күнделікті өмірде кездесетін жағымсыз әдеттермен күресуге шақырады. Өз заманының теңсіздікке негізделгенін де көре білген ақын саналы өмірінде жұртын мәдениет көшіне ілестіруге ұмтылды, жосықсыздықтарын түзетумен болды. Мал бағудың төңірегінен аспаған, ұрлық, барымта, ру аралық тартыстар жайлаған, отарлау әкімшілігі құлға айналдырған, күйкі тірлікпен ғана күнін өткізген елін ояту үшін көзі көрген кемшілігін, атқамінерлер мен түйсіксіз замандастарын сынайды. Жастарға үлгі боларлық жөн көрсетіп, «жанбай жатып сөнбей, ғылымға ден қойса, дүниенің де, малдың да өзі болатынын», надандыққа бой ұрмай, білім алуға шақырып, ақылын айтады. Әлеуметтік орта сұраныстарына жауап іздеген ақын насихат өлеңдерімен бұқараға ой тастап, санасын аршып, жалғандық атаулыдан жерітіп, пайдалы істерге ұмтылуға жол көрсетеді.  Әсіресе, «Қырық төртінші сөзі» бәсеке мен бәсекелік қабілеттің көздегенін, экономикалық, мәдени-имандық пайдасы мен зиянын, адамдық пен ақылға, сараңдық пен арамдыққа сынақ екенін жан-жақты ашқан. «Талап қылушылар да неше түрлі болады, – делінген мұнда. – Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі… Біреу мал қуып жатыр… Біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр». Осы талап пен таластың тағдырын шешетін құдіретті адамның болмысынан және таңдауынан тапты. Олар – қайрат, ақыл, жүрек. Бұлар «Бес дұшпанның» жағына шықса, жаманшылыққа жол басталады, «Бес асыл іске» бұрылса, жамандықтан жирену орнығып, адамның адамшылығы, жасампаз санасы салтанат құрады. «Қарасөзінде» адамзаттың санасы мен өнеріне кесапат әкелетін үш дұшпанды – надандықты, залымдықты, еріншектікті сынайды. Абай ұғымында талап пен талас, яғни, бәсекелік қабілет пен прагматизм – бір-бірінен ажырағысыз құбылыстар. Қазақ қоғамында талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым өзгелерден ұтымды дүние ұсынуға, мүмкіндіктерді нәтижелі пайдалануға іргетас әрі қозғаушы күш болуға жарайды, есесіне өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ елді құрдымға бастайды. Педагогика саласында  Абай даналығының бір қыры балаға адамгершілік тәлімін,адалдық пен имандылық тағылымдарын меңгертіп,сол негізде адамды  тәрбиелеу шәкірттің  өзі  үшін де,халық үшін де пайдалы екендігін айтады.
Демократиялық-ағартушылық дәстүрде жеке адам тәрбиеге көнетін кісі деген түсінік орнықты. Содан адамның түзелу шарттары – тобырдан тұлғаға өтуде, мінез тұйығынан рух шыңына көтерілуде, дәлірек айтқанда, жекеге де, көпшілікке лайықты қайырымды қайратқа деген сенім санаға ұялай түсті. Тұлға қайрымдылығы адамның рухани тұтастығы мен сенімін, халықтың бірлестігі мен серіктестігін нығайтады деген наным-сенім күшейді. Осы тұжырымнан «адам түзелмей, заман түзелмейді» деген дүниетанымдық қағида туындады. Сондай-ақ, байлық пен берекеде адам бола білу, адамның келбеті, жетілдіру – ең өткір де, жауапты мәселеге айналды. Абайдың ұйғарымынша, ағартушы-демократиялық дәстүр, біріншіден, туралыққа, тыныштыққа, татулыққа, тұтастыққа апаратын жол, екіншіден, ақиқатты, адалдықты, адамгершілікті халық сана-сезіміне енгізетін жүйелі іс-әрекет, үшіншіден, жан мен тән сымбатына және табиғи жарасымдылыққа деген сүйіспеншілікті жалғастырар қисын, төртіншіден, бостандық пен ерікке деген зәрулікті ұштай түсетін өрнек, ақыры, ерлікпен елдікке ұмтылдыратын, сол үшін күресуге ұйтқы болатын өтімді идея. Адамды да, заманды да түзейтін ізденіс пен іс-әрекет желісі Абайға қымбат болды, оның аңсарын аулады. Абай осы іспеттес адамзат құндылықтарын жүректің, ақыл-ойдың, ерік-жігердің мызғымас қорғаны және мұқалмас құралы ретінде қабылдады.Оның педагогикалық жүйеснің түзілу негізі осында. Сондықтан да,Абай педагогикасы-әділет-махаббат педагогикасы атанған. Абай да халқына өз қара сөздерінде: «еңсеңді көтер, көзіңді аш, еңбек ет, оқып білім ал, басқа халықтардан өнер білімге үйрен, жамандықтан без, жақсылықты бойыңа жина дейді. Жақсылықтың (яғни адамгершіліктің) өзі оқып-білгенде, сауатынды аш, надандықтан қаш, ақыл ой жинастыр, білімді-өнерлі бол, барлық жақсылықтың, байлықтың көзі сонда, малға да, жанға да бай, оған ақылы сай адам бол»,- дейді.
Абай педагогикасын  рухани әлем мен көңілдің ілімі немесе жүректің салтанаты деп қабылдайтын болсақ, оның негізгі бағыты кемел адам тәрбиелеу. Кемел адам, Абайша айтқанда, толық адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен жаратылыс негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Кемел адам – адасқандар үшін темірқазықтай жол көрсетуші, жолда қалғандар үшін – көпір, үміті үзілгендер үшін – ашылар есік. Оның ұстанымы – Мәуләна Жалаладдин Румидің сөзімен айтқанда, халық ішінде Хақ тағаламен бірге болу, яғни жүрегінде тақ құрған Жаратушыға деген махаббат сезімі мен хикмет-кеудесіне орнаған ізгілік нұрын айналасына төгіп, жұртшылықпен бірге қалыпты өмір кешу. Сондықтан кемел адам дүниені тек жүрегінен тәрк еткен адам. Өйткені Абайша айтқанда, «қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмалат жоқ». Абайда педагогиканың да, психологияның да ,дидактиканың да шымбайлы тұжырымы бар.Тек дұрыс  тани білу керек. Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы  абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өзтүсінігін табады…» — деп пайымдайды [4].Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын көрсетеді, ол мақсатқа жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек екенін, яғни болмыс  туралы білім береді. Ойшыл ілімі  бүкіл болмыс негіздерін түгел қамтиды,сондықтан ол толық білім болып табылады. Педагогикалық-психологиялық тұжырым-дардың тұнығын атамыздың өз аузынан естілік. «…Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын! (  отыз екінші қара сөз)»Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі — надандық , екінші — еріншектік, үшінші залымдылық деп білесің.   Надандық – білім-ғылымның жоқтығын, дүниеден еш нәрсені біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік-күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі осыдан шығады.Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хибасына қосылады.»Ол өзінің терең философиялық толғамдарға толы «Қара сөздерінде» де ілім-білімнің өмірдегі мән-маңызы туралы ой тербейді. Мысалы, «Ғылымды үйренгенде, ақиқатты білу мақсатымен үйрену керек, біліміңді біреумен керісіп, біреуді күндеу үшін пайдаланба. Білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен… Адамның білім-ғылымды көбейтуге екі қаруы бар, бірінші – ойласу, пікір алысу, екінші – барлық күшті жұмсау, алған білімін сақтау, қорғау» «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар.Әуелі көкірегі байлаулы,берік болмақ  керек.Екінші-сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратләну керек, көңілденіп,тұшынып,ынтамен ұғу керек.Үшінші-сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек.  Төртінші-кеселді ойлардан қашық болу керек. Ол кеселді нәрселер: салғырттық, уайымсыздық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, болмаса бір нәрсеге құмарлану, бұл төрт нәрсе ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер. (32-сөз),- деген» «Қашан бала ғылым, білімді махабатпен көксерлік болса, сонда ғана оның адам аты болады,  — деген (38-қара сөз) Абай іліміне сүйенсек: Адамның ішкі жан дүниесі – адамгершілігі мен ақылының, сабыры мен қайратының, мейірімі мен әділетінің рухани қайнар көзі – білім мен ғылым. Білімі мен ғылымы жоқ немесе білім-ғылымы шала адам рухани дағдарысқа тез ұшырары хақ. Оның арғы жағында – адами азғындық тұр. Себебі,атамыз, адамның адамдығы ғақыл (ақыл) ғылым деген нәрсе бірлән(38 қарасөз), -деген. Абай ғылымды Алланың ғылымы және адамның ғылымы деп екіге бөле отырып: «Адамның ғылымы, білімі, хақиқатқа, растыққа құмарлық болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады «,-дейді.
Абайдың негізгі ойы – адамды жетілдіру болған, яғни кемел адамға, толық адамға жеткізу еді. Ыстық қайрат пен нұрлы ақыл, жылы жүрек арқылы сол адамдықтың шыңына шығуға болады деп есептеген. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз:Адамзатқа не керек:Сүймек, сезбек, кейімек.Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. Оқырман екінші жолдан жүректі, үшінші жолдан қайратты, соңғы жолдан, өзі де айтып тұрғандай, ақылды оп-оңай аңғара алады. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей алмаймыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды. Ақыл,қайрат, жүрек үшеуінің «бір кеудеден табылып,одан толық адам туатын танымы» — ұлы ақынның зор табысы.Осылай  басталып,өмірінің соңына дейін жан-жақты талданған Абай дананың « Толық адам ілімінің» жетілу баспалдағын аттап көрелік.Толық адам  атану үшін «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық…» (2-т., 190-б.) баспалдақтарын басып өту керек. Сондай-ақ  жақсы адам дәрежесіне көтерілуге  нақтылы жағдай қажет,олар:   жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Адамшылық, адам табиғатына сай болу үш ғашықтықтан туады. Бірінші, дүниені, адамның өзін жаратқан Аллаға ғашықтық. Ғылым алланың бір сипаты болғандықтан, ғылымға ғашықтық.Алланың жолы хақиқат жолы болғандықтан, хақиқатқа, растыққа ғашықтық.Ал егер мал, мақтан, қадір, сый, құрмет, алланың рақымымен, адамды өзі іздеп тапса, ол адамды бұзбайды, керісінше адамдыққа көрік береді.Бұл – жақсылықтың өлшемдері.  Енді осы адамды жақсы кісі атандыратын үш мәселенің алғашқысына қысқаша тоқталайық. Алланы тану оған тек сену емес. Алланы тану оның кереметтерін тану, оны Жаратушы деп түсіну, мойындау. Жаратушыны танып-білуге тура жол жоқ, оны біз тек қана өз құдіретімен жаратқандары арқылы білмекпіз. Жаратушы не жаратты? Бар болмыстың бәрі Жаратушының кереметтері, яғни, Жаратушыны тану деген сөз – бүкіл жаратылысты тануға талпыныс. Ақын Алланың өзіне де, сөзіне де күмән келтірмейді. Мәселен, Алланың өзі кім, сөзі не, соны тану керек. Алланы танудың қиыншылығын, ол «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде ашық айтқан. Алланы сөзбен, ақылмен емес, жүрекпен сезу қажет, оның барлығын тану сезім арқылы болмақ. Және де Абай айтады, Алланың сөзі бар, ол да рас, сонымен бірге, адамның сөзі бар, бірақ оның растығында үнемі күмән бар. Неге олай? Жауапты тағы да отыз сегізінші сөзден табамыз. Абай айтады: «Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» (2-т., 193-б). Керемет шындық. Пайғамбарымыз біздің түсінігімізде сауатсыз болған. Ол қаріп танымаған. Пайғамбарымызға Жаратушыдан аят аян түрінде келген. Пайғамбар білімі – аян білімі, біздің білім – қаріп арқылы болатын білім. Абай «Әуелі аят, хәдис – сөздің басы» дейді. Аят – дүние көркі туралы сана. Аят сөз басы, бірақ ол адамның ойынан туған дүние емес, Мұхаммед пайғамбарымызға өлең кейпінде түскен аян. Алла Тағала Құранды адамдар иман етіп имандылық жасап, толық адам шыңына жетсін, деп, түсірген. Құранда «Негізінен иман етіп ізгі іс жасағандар, намазды толық орындап, зекет бергендерге Раббыларының жанында сыйлық бар» (Бақара, 2\277). Бұл аяттағы ізгі істер – имандылық. Аллаға мойынсұну – иман, ізгі істер жасау арқылы Ұлы Досқа жақындау – имандылық. Абай: «Иман деген – Алла табарака уа Тағаланың, шәриксіз (көмекшісіз, серіксіз, бір өзі деген мағына береді) ғайыпсыз бірлігіне, барлығына, уа әртүрлі бізге пайғамбарымыз саллаулаһу ғалайлаһи уәссәләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инамақ… Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақыл бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақыл дәлел – испат (нақтылау, дәлелдеу) қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен» (Он үшінші сөз).«Инамақ» – илану, яғни, сену. Байқағанымыздай, Абай да «иманды» сенім, Құдайға сену, деп түсіндіреді. Яғни, мұсылман болу үшін, ең алдымен сену керек екен. Құдайдың барлығына, бірлігіне, Мұхаммед пайғамбардың оның елшілігіне сену. Бұдан барып, нені болса де сеніп істеу, сол сенімнен күш алып істеу болғаны. Мал -мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы,екінші-ырысының тұрағы, үшінші-дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Жүрегінде иманы жоқ адам-бақылаусыз адам. «Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды» (Абай). Құдайдан қорықпаған, имансыз адамға сенім артуға болмайды.Ал иманды адамның жүрегінде әрбір әрекетін қадағалап,бақылап тұратын ішкі сенім бар.Абай:«Құдайдан- қорық, пендеден-ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма!» «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз.»«Құдайшылық- жүректе. Қалпыңды таза сақта.»-дейді. Ал,халық ше? Жиғаныңа сенбе-иманыңа сен.Иманды адам – арлы адам,Имансыз адам- сорлы адам. Үстіңнің кірін – сабын кетіреді,Жаныңның кірін – иман кетіреді.«Имандылық қастерлі қасиет.» «Имандылық – инабаттылық айнасы.«Имандылық – ізгілік негізі.»Абай:“Имансыз елден ұят қашады” деген Хз. Мұхаммед пайғамбардың хадисін келтіріп,«қазақтың хәлі осы-имансыздық”-дейді.Көп ішінде жалғыз қалып күңіренген, “Ішім толған у мен өрт, сыртым-дүрдей” деген Абайдың мұңы “…көкірегімді тесіңдер, қан мен мұңға толды әбден” деген Яссауидің жанайқайымен үндесіп жатыр. Абай осындай дертке шалдыққан елге дауа іздейді. Оның дауасы – «Құран», түгел сөз, адам бойына имандылық дарытатын ар түзейтін ғылым. Абайдың түзу сөзі-«әуелі аят, хадис-сөздің басы”,яғни, елді түзейтін сөз әрі қисынды, әрі өлеңмен (бәйіт-мысал) жазылған Алланың сөзі- «Құран. Сондықтан Абайда  имандылық — ауқымы аса кең үлкен пәлсапалық ой-толғамға ие, ерекше мәнді ұғым. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» (18-сөз)-дейді Абай. Бұл арадағы «ақыл»  ұлттық дәстүр мен тәрбие болса, «ғылым» дегені қазіргі заманның озық технологиясы, инновациясы, ал «ар» мен «мінез» адамға иман арқылы дарыған ізгі қасиеттер. Абай сол кездегі қазақ халқының ұлттық болмысының, менталитетінің, әдет-ғұрпының, ой өрісінің заманның өзгерісіне қаншалықты сәйкес келетіндігіне барынша назар аударып,мына жайды  байқаған. «Құран» –ақылды сөз бен терең ой, терең ғылымның көзі, сондай-ақ ынсап, ұят,ар, намыс, сабыр, талап сияқты адамдық құндылықтардың кені,бірақ, «елді түзейтін түзу сөзді табудың, танудың, тыңдатудың өзі оңай емес. Өйткені түзу сөзді айтушы да, түзу сөзді тыңдаушы да надан. Ал кейбірі түзу сөзді танымайды да. Өйткені олар Тәңірдің Бар және Бір екеніне, Құранның ақиқат екеніне, пайғамбарларға, періштелерге, тағдыр, қазаға, өлгеннен соң тірілуге сенбейді.Өңшең “кісімсінген-менмен, нәпсіқұмар, білімсіз, надан.», «…мақтанқұмар, малқұмар, арамдық, ұрлық, пайдакүнем, нені ұға алсын”-деп сол шақтағы қазақ жұртында имандылықтың қаншама әлсіреп,тозып бара жатқанын дұрыс сезініп, терең қорыта алған. Абай дана,қазақтың имансыздығын  жою үшін, олардың жүрегін иман нұрымен сәулелендіруді басты мақсат  тұтып, жалпақ жұртты имндылыққа баулудың сара жолын салып берді. Осы иман мен имандылыққа айырқша көңіл бөлген қазақ бұл екі ұғымды өміріне сіңірген. «Адамның пікірі қандай болса, зікірі сол», деген. Атам қазақтың «иманды адам, иманмен қаптап қойғандай, иман таразыға салды, иманы бетінде үзіліп тұр, иманы жолдас болсын» т.б. иманға байланысты сөз тіркестері оның терең иманды болғанының белгісін білдіреді. Қазақ иман мен имандылықты Пайғамбарымыздан үлгі алып,ежелгі сенімділігін ұлғайтқан жұрт. Пайғамбарымыз былай дейді: «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім», деу арқылы әлемдегі имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Сондықтан да,Пайғамбарымыз имандылықты жаю жолында өзі бірінші үлгі болған. Ол имандылық пен көркем мінезділікте алдына жан салмайтын теңдесіз жан болатын. Ол бірде «Мені Раббым тәрбиеледі. Әрі аса көркем түрде тәрбиеледі»,-деген  еді.Иман діни ұғым ретінде өз мазмұнында көптеген құрамдас бірліктерден тұрады; тотемге сену, шаманға сену, көк тәңірге сену, табиғат күштеріне сену, бұлардың ешбірі де иман емес, жай ғана сенім Имандылық, «иман» сөзіне қарағанда өте кең мағынаны бiлдiредi, дiн және дiни ахлақтың бәрi де имандылыққа жатады. Құран, хадис, тәпсір, ақида секілді исламтану пәндерінің түпкі мақсаты да адамды имандылыққа тәрбиелеу.Шынайы иманның жемісі – имандылық.Имандылық-адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі.Қазақ халқының ата-баба дәстүрінде имандылық тек діни сенім емес, ол сондай-ақ, ұлттық психологиялық салтқа, халықтық ерекшелікке айналған құбылыс. Атамыз қазақ алдымен сырт пен іштің бірлігін пір тұтқан, «иман» ұғымының жан тазалығынан бастау алуын қамдаған, көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін келген Пайғамбарымыздың ар тазалығына негізделген имани іліміне адал болған. Содан кейін барып ниет пен амалдың бірлігін өсиет еткен.  Қазақта имандылық сөзі,кісілік,ізгілік қасиеттерді білдіреді. Иман — жүректегі нұр, имандылық соның сыртқы пішіні.  Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық адами асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік т.б.) қамтитын түсініктер көрініс тапқан. Жағымды қасиеттердің адамның рухани, психикалық дамуына зор әсер ететіні белгілі. Солардың ішінде өз Отанын сүюшілік оны жан-тәнімен қорғау, халқына берілгендік–адамның өмірінде өшпейтін, имандылық қасиеттердің бірі.«Иманды» деп қазақ жүректегі «Құдай бір, пайғамбар хақ» деген берік сеніміне қоса терең адамшылық қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды ғана атаған. «Жүзінен иманы төгілген» деп жүректегі жылуы жүзінен танылатын нұр келбетті жандарға сүйсінген. Абай атамыздың толық адамы міне дәл сондай адам.  Мұндай адамның сыр-сипатын,тұлғасын Абай атамыз    өзінің толық адам ілімінде айқын  қөрсетті және оны айшықтайтын формуласын қорытты.Абай атамыздың бұл формуласын оның ізбасарлары мен шәкірттері еселей дамытып,ұлтты имандылыққа баулитын қазақ ілімі денгейіне дейін көтеріп,   тәрбиелеу қазақ  теориясы-Иманипедагогиканы өмірге әкелді.

Абайдың исламдық діни ортада өсуі, тәрбиеленуі оны жеке тұлғалық философиясына, діни сенімнен туындайтын      Құдай құбылысын пайымдауына, құндылықтар жүйесін қалыптастыруына айтарлықтай әсерін тигізді. Жалпы тарихта Құдаймен жоғары сакралды деңгейде байланысқа түскен адамды пайғамбар (пір,әулие т.б.) деп атайды, ондай рухани биіктегі тұлға адамдардың рухани дамуына, әлеуметтегі үйлесімді адами қарым-қатынасты  орнатуға, жалпы адамзат қоғамын дұрыс бағытқа жетелеуге тырысады. Сондықтан діннің өзегін аталған рухани құндылықтар   жүйесі құрауы қажет. Осы тұрғыдан Абайды қазақы өмірдің ислами дамуының реформаторы деуге болады. Абай түсінген дін мен  мәдениеттің және ғылым мен білімнің өзара астасуы, өзара байланысы адами жетілуге, толық адамды қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Негізгі мақсат – адамның қай ғасырда, қандай қоғамда   өмір сүрсе де Ақиқат заңына сәйкес өмір сүруіне талпынуының маңыздылығында болып отыр.Шындығында  қазақта пайғампар болмаса да,рухани ұстаз ғұлама ғалым,пір, әулиелер көп болды,Абай атамыз солардың ортасынлағы данасы ла,дарасы еді.Осы шақ қоғамы, адамы оларға зәру.Әсіресе,жалпақ жұртқа имандылық тәрбие беру ісінде  болмаса да,ұқсап баққан,данамыз табылмай-ақ жүр.Өзімізге де обал жоқ!Тұп-тұнық,мөп-мөлдір педагогикадан жалтара береміз,күні бүгінге дейін! Абай көксеген оқу мен білім алу жүйесі, негізінен, рухани-адамгершілік ұстанымдарға сүйеніп қалыптасуы тиіс. Қазіргі білім беру саласындағы  Абай дана педагогикасының шеттетілуі жарамсыз-ақ.Егер Абай дананың бүгінгі таңға жеткен жетілген толық адам педагогикасы Қазақстан  Республикасының білім беру жүйесіне толығынан тәрбиелеу,білім беру ісінде тұғыр етіп алынатын болса,ол осы жүйеге білім-ғылым-технологиялық революция әкелер еді.

Әдебиеттер

  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
    2. Абай. Қара сөздері. Алматы 2006 3.  3.Абай     Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. I -том.  2-том. Алматы, «Ғылым»-1977
    4.Қазақ ағартушыларының философиясы / Қазақ халқының философиялық мұрасы: 20 т. — 10-т. — Астана: Аударма, 2007.
    5.Әуезов. М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат»-1997.
    6,Абай «Қалың елім, қазағым», Алматы «Атамұра», 2002
    7. Абай «Өлең – сөздің патшасы» Халықаралық Абай клубы, 2006

 

Қобдабай  Қабдыразақұлы    12.03.2020