Абай облысындағы өртке байланысты Ильин, Сүлейменова және Ахметовтен жауап алынады

0

Мәжіліс алаңында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы өртке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында министрлер мен әкімдерден жауап алынатынын айтты.

Бас прокурор орынбасарының айтуынша, тергеу енді ғана басталғандықтан, шенеуніктердің әрекеті әлі сараланған жоқ.

«Қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде өз міндеттеріне, қызметіне адалдық танытпаған, жауапсыз қараған, соның салдарынан өз міндеттерін орындамаған, осындай қайғылы оқиғаларға және біздің азаматтарымыздың өліміне әкеп соққан жайтқа қатысты барлық лауазымды тұлғалардың шеңбері анықталды», — деді Өмірәлиев.

Журналистер Бас прокурордың орынбасарына экс-Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Экология министрі Зульфия Сүлейменова, сондай-ақ Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтен жауап алуға қатысты сауал қойды.

«Олардан жауап алынатыны сөзсіз. Басқа да тергеу әрекеттері қазір жедел-іздестіру сипатында жүргізілуде», — деп жауап берді Бас прокурордың орынбасары.