Абай облысында балалар үйінің басшылығы 6 миллион теңгені жымқырған

0

Абай облысы Үржар ауданының прокуратурасы Науалы балалар үйінің әкімшілігі қызметкерлерінің бюджет қаражатын 6 миллион теңгеден астам көлемде жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Балалар үйінің директоры мен бас бухгалтері өздеріне жоғары жалақы жазып отырған, артық сыйлықақылар мен іссапар шығындарын аударып алған. Жымқыру штат кестесі мен қазынашылық есептерді салыстыру барысында анықталды, онда тиісті жалақы мен нақты төленген жалақы арасындағы айырмашылық бар екені анықталды.

Сонымен қатар жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төлеген. Балалар үйі басшылығының заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке залал келтірілді.

Осы факті бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 2, 3-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғады. Істі сотқа дейінгі тергеу сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды.

Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады», — делінген хабарламада.

фото: kazpravda.kz