Абай облысы әкімдігі семейліктердің жылуға байланысты шағымына жауап берді

0

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Семей қаласында жылу маусымы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілген. Ал жекелеген тұрғын үйлерге жылу жетпесе, әкімдік сол үйлердегі пәтер иелері кооперативтері жылуды қабылдау үшін тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет деп хабарлайды. Облыс басшылығы қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны жөнінде мәлімет береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін Семей тұрғындары қаланың бір бөлігіне әлі күнге дейін жылу берілмегеніне шағымданған еді. Өткен түнде облыс орталығындағы температура +1 градусқа дейін төмендеген. Қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жергілікті тұрғындар жылудың жоқтығы туралы наразы пікірлерін жарыса жазған.

Десе де редакциямызға осы мәселе жөнінде жауап жолдаған Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі “Семей қаласында жылу жоқ” деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Ресми ақпаратқа сәйкес, биыл Семей қаласында жылу маусымы белгіленген кестеге сәйкес жүргізілген.

– 10 қазанда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Яғни, жылу ең алдымен, балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға және басқа да әлеуметтік нысандарға, сонымен қатар облыс орталығының оң жағалауындағы тұрғын үйлерге тұрақты түрде берілді. Ал 15 қазан күні барлық жылу көздері толығымен іске қосылды. Тұрғын үйлерге белгіленген кестеге сәйкес жылу кезең-кезеңімен берілді. Сондай-ақ,  қазандықтарды  және магистраль құбырларды жылыту, тұрғын үйлердің басқарушы органдарының (КСК, ПӘК) жылуды қабылдауға алғышарттары жасалды. Бүгін де Абай облысының орталығы Семей қаласында жағдай тұрақты. Қазіргі таңда тұрғын үйлер мен  әлеуметтік нысандар тегіс жылуға қосылды. Барлық қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – делінген жауапта.

Облыс әкімдігі жылу беру жүйесіне қосылу – бұл нақты алгоритімді қажет ететін күрделі технологиялық процес екенін хабарлай келе қысымның төмендеуін ескере отырып, тұрғын үйлер жылуға біртіндеп қосыла бастайтынын жеткізеді. Бұдан бөлек, тұрғын үйдің басқарушы органдары (ПИК, ОСИ) орталық жылу құбырындағы жылуды қабылдауда тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет деп ескертеді.

– Бұл да пәтерлерге жылудың жетуіне дейін біршама уақытты талап ететінін ескеру қажет. Биыл Семей қаласындағы 9 участокта жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын жылу құбырлары жаңадан ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жылу құбырларындағы апаттылық 15%-ға дейін төмендейді, – делінген әкімдік баспасөз қызметінің жауабында.