Абай ауылында 7 жасар баланы зорлау ісі: сот үкімі қайта қаралды
Бұдан бұрын іс бойынша жалғыз айыпталушы сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған
АСТАНА, 7 наурыз — Sputnik. Қоғам белсендісі Аружан Сайын Түркістан облысы Абай ауылында зорланған 7 жастағы баланың ісіне қатысты тың деректермен бөлісті. Ол бұл жайында Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазған.
Аружан Сайын жазғандай, 2019 жылдың 5 наурызында Түркістан облыстық сотында апелляциялық сот отырысы болған. Үкім өзгеріссіз қалыпты. Бұдан бөлек, сот коллегиясы бастапқы тергеу кезінде лауазымды тұлғалардың жәбірленуші құқығын бұзғаны туралы қаулы шығарады.
Қазір бала анасымен бірге Алматыда тұрып жатыр екен, мектепте оқитын көрінеді.
«Әжесі мен тәтесі Абай ауылында тұрып жатыр, пәтерді сатпай Алматыға көшпейміз деп отыр. Олар үйді қараусыз қалдырса, жарамсыз деп танып, кейін сата алмай қаламыз ба деп қорқады. Пәтерден түскен ақшаны Алматы шетінен баспана алу үшін ипотекаға жарна ретінде пайдаланбақ», — деп жазды Аружан Сайын.
Қоғам белсендісі баланың анасы мен туыстарының атынан отбасыға әділдік орнатуға көмектескен барлық жанға, лауазымды тұлғалар мен құзырлы органдарға алғыс білдірді.
«Түркістан облысы Қазығұрт ауылындағы баланы зорлау ісі де әділетті тергеледі деп сенеміз. Анасы сараптама жасатқызуға мәжбүр болған еді, қазір нәтижесі белгілі болды», — деп Аружан Сайын тағы бір жасөспірімнің ісі жөнінде айтып өтті.
Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық оқиға
Естеріңізге сала кетсек, былтыр көктемде 7 жасар баланың зорланғаны туралы тараған ақпарат күнгей жұртшылығын ғана емес, бүкіл елді дүрліктірді. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы бес-алты ай бойы зорлап келген. Бала бұл жайт туралы отбасына 2017 жылы тамызда айтқан екен. Туған-туысқандары бірнеше мәрте полицияға барып, мекеменің табалдырығын тоздырса да, тәртіп сақшылары арызды тек қаңтар айында қабылдаған. Істің жүруіне аудандық білім бөлімі мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытқан.
Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін бірнеше шенеунік жауапқа тартылып, жұмыстан шеттетілді. Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық жайлы Қазақстан президенті де айтқан болатын.
Баланы зорлау ісі қалай қаралды
Баланы зорлауға қатысты іс бойынша сот процесі Шымкентте қыркүйек айының соңында басталған болатын. Сот процесі жабық режимде өтті. Әуелде бұл іс бойынша төрт күдікті еді. Бірақ жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 14 жастан бастап қана жауапқа тартылады. Қылмыс жасалған сәтте тек біреуі ғана осы жаста болған. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-тармағы (кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық) бойынша сараланды. Қалғандарына қатысты 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Сот алдына келген жалғыз айыпталушы — 2002 жылы туған жасөспірім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болады.
sputniknews.kz