Абай атындағы университеттің басшылығы оқу корпустарын заңсыз сатып, оны қайтадан жалға алған

0

Сол сияқты оқу орнының стадионы да заңсыз сатылып кеткен

Абай атындағы ҚазҰПУ университетінің корпустары мен стадионы заңсыз сатылып кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, Абай атындағы ҚазҰПУ ұлттық университетіне оқу корпустары мен стадионын қайтарылды.

Медеу ауданының прокуратурасы «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің» мүлкін заңсыз сату фактілерін анықтады.

«Оқу және тұрғын үй алаңының жетіспеушілігіне қарамастан, университеттің бұрынғы басшылығы сауда-саттықты өткізбей және бағалаусыз жалпы ауданы 1500 шаршы метрден астам екі оқу корпусын жеке тұлғаларға заңсыз сатқан. Алайда ғимараттардың бірі кейіннен бірнеше жыл бойы университеттің өзіне жалға берілсе, ал екіншісінде ойын-сауық мекемесі ұйымдастырылған.

Сонымен қатар спортты бірлесіп дамытамыз деген көзбояушылықпен Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында орналасқан алаңы 5 гектардан асатын спорт стадионы 10 жылға үшінші тұлғаларға берілген. 5 жыл бойы футбол алаңы коммерциялық мақсатта пайдаланған, ал 16 мың студенттің дене шынықтырумен толық айналысуға және спорттық іс-шаралар өткізуге мүмкіндігі болмаған», — делінген прокуратура хабарламасында.

Медеу ауданы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша заңды күшіне енген сот шешімдерімен, мүлік объектілері ұлттық университетке қайтарылды.