Абаев: Жүздеген адамның наразылыққа шығуы

0

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 13 маусым күні мемлекеттік «Хабар» арнасына берген сұхбатында Қазақстанда президент сайлауы өткен 9 маусымнан бері болған наразылық акциялары туралы айтты.

Абаевтың сөзінше, «сайлау халық белсенділігін тудыратын науқан болғандықтан, азаматтардың көшеге шығуы таңсық дүние емес».

— Адамдар сайлау қорытындысына бей-жай қарай алмайды. Сайлау қорытындысы айтылған соң адамдар бойындағы энергия наразылық пен ереуілге ұласып жатады. Бұл бүкіл әлемде бар үрдіс. Кейбір елдерде [наразылар] полициямен қақтығысып қалады, адамдар ұсталады, жаппай тәртіпсіздікке ұласып жатады. Сондықтан жүздеген адамның Нұр-Сұлтан мен Алматыда көшеге шығуы таңсық жағдай сияқты қабылданбауы керек. Қалыпты нәрсе. Қорқынышты ештеңе болған жоқ, — дейді министр.

Абаев «азаматтар көшедегі тәртіпсіздіктен қорқып, сайлауға бармай қоймасы үшін құзырлы органдар бейбіт жиынға қатыспауға үндегенін» айтады.

— Алматыда бір топ жас қоғамдық тәртіпті бұзды. Ішкі істер министрлігінің call-орталығына жиналғандарды тарату туралы өтініш айтқан 1200-дей адам телефон соқты. Полиция кейбір жерде шектен шығып та кеткен шығар. Бірақ олар көшедегі тыныштықты сақтады. Бақылаушылардың бірі «Қазақстанда наразылық білдіру мәдениеті мен оған реакция білдіру мәдениетін қалыптастыру керек» деді, — дейді Дәурен Абаев.

Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте бірнеше күн бойы полиция азаматтарды ұстаумен болды. 9 маусымда елде кезектен тыс президенті сайлауы өтіп жатқанда, Алматыдағы Астана алаңына жүздеген адам жиналып, сайлауға қарсылық білдірді. 10 маусымда сайлаудың ресми қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы да көшеге шықты. Бұл күні де полиция Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жүзден астам адамды ұстап әкетті.

Билік наразылық шарасына қатысушыларды «арандатушылар» деп атап, азаматтарды «қажет болған соң» ұстаған полиция «кәсіби міндетіне сай» әрекет қылды деп мәлімдеді. Оқиғаға куә болғандар бұл күндері полиция бөлімшесіне митингіге еш қатысы жоқ азаматтарды да алып кеткенін айтады. Ұсталған адам саны ІІМ жариялаған деректен әлдеқайда көп деп санайтын құқық қорғаушылар полицияның іс-әрекетіне тәуелсіз зерттеу жүргізуді талап етті.

Елдің бас прокуратурасы 9-10 маусымда Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған 957 адам әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлады.

Қазақстан билігі елдегі митингіге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын (2009 жылдан бері шетелдегі тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған) айыптайды. Наразылыққа шыққандардың біразы ҚДТ қозғалысына қатыстары жоғын, елде өзгеріс болғанын қалайтындарын айтады.

Azattyq