Абаев: Журналистер митингі өтсе барамын

0

Қазақстан ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев іс-шараларға журналистерді қатыстыру ережесін күшейту ұсынысы жайлы тілшілер сұрағына жауап берді.

Ақпанның 13-күні жарияланған бұйрық жобасында министрліктің 2013 жылғы маусымдағы «журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы» №138 бұйрығына бірқатар толықтыру енгізу қарастырылған.

Абаев бұл бұйрық жобасын «журналистер сұрақтарын қойып, тілектерін жеткізуі үшін жариялағанын» айтты.

— [Журналистер] ұсынысының барлығын қараған соң, ережені қайта жариялаймыз. Жаңа ереже ортақ мәмілеге келгенде бір-ақ жарияланды. Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ, — деді министр.

Журналистер мен сарапшылар «бұйрық күшіне енсе, спикерге жағымсыз сұрақ қойған тілші «ішкі тәртіпті бұзды» деп айыпталуы мүмкін» деп қауіптенген. Бұған Абаев «Аккредитация туралы норманы оқып көріңіздер, онда артық сұрақ қоймау туралы ереже жоқ» деп жауап берді.

Оқи отырыңыз: Аккредитация алу ережесін өзгерту ұсынысы сынға ұшырады

Министрлік ұсынысынан кейін сын күшейіп, кейбір сарапшылар мұны «цензураны заңдастыру» деп атаған. Алматылық журналистер митинг өткізуге өтініш бергенін хабарлады.

— Митинг болса, барамын. Қазір айтқандарымды түсінбегендерге сонда барып түсіндіремін, — деді Абаев.

Мұнан соң министр «модератор енгізген ішкі тәртіпті сақтаймын» деп қол қою талабы туралы айтты. Абаевтың сөзінше, министрлік модераторлар жайлы ережені алып тастауы мүмкін.

Egov порталындағы ақпарат бойынша, Нормативтік құқықтық актілер электрондық базасында жарияланған «журналистерді аккредитациялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасына толықтырулар енгізу ұсынысын талқылау 27 ақпанға дейін созылады. Қазақстандықтар бұл ұсынысқа қатысты ойларын «Пікірлер» бөліміне жазып жатыр.

Азаттық