Абаев шетелдегі қазақстандықтардың мәселесіне тоқталды

0

Қазіргі жағдайда кейбір жоғары дамыған елдердің өзі шетел азаматтарын емдеуден бас тартып, медициналық сақтандыруды жойып жатқаны айтылды

АЛМАТЫ, 27 сәуір – Sputnik. Қазір шетелде Қазақстанның 175 мың азаматы бар. Оларды елге алып келу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жайында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазір шетелде Қазақстанның 175 мың азаматы бар. Олардың көпшілігі отанына оралғысы келеді. Президент айтқандай, мемлекет ешкімді қиындықта тастамайды. Сондықтан қайта оралғысы келетіндердің барлығын әкелеміз. Қазір сыртқы істер министрлігі осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Кейбір жоғары дамыған елдердің өзінде шетел азаматтарын емдеуден бас тартып, медициналық сақтандыруды жойып жатыр», — деді Абаев.

Сонымен қатар министр Америка құрама штаттарынан 179 қазақстандықтың елге оралатынын айтты.

«АҚШ-тан 179 азаматымызды әкелеміз, олар студенттер мен мектеп оқушылары. Польшадан 65, Израильден 28 азаматымызды әкелеміз. Ресейден мамыр айында 6 мыңнан аса азаматымыз елге оралады деп жоспарлап отырмыз «,- деді Абаев.

Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай 11 наурызға дейін созылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, елде инфекция жұқтырғандар саны 2 835 адамға жетті.

Тағы оқыңыз: «Қолдау көрсетеміз»: Тоқаев тағы бір тізімнің жасалып жатқанын айтты



sputniknews.kz