Абаев қазақстандықтарды Данэлия Төлешованы қолдауға шақырды — Ел жаңалықтары

0

Қазақстанның ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазақстандықтарды «Балалар Евровидениесі-2018» халықаралық байқауына қатысатын Данэлия Төлешоваға қолдау көрсетуге шақырды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министр үндеуін Facebook парақшасында жазды.

Айта кетейік, дауыс беру Астана уақыты бойынша 24 қарашаға қараған түні сағат 01.00-де ашылды және 25 қарашаға дейін жалғасады. 25 қарашада барлық қатысушы өнер көрсетіп болғаннан кейін дауыс беру 15 минутқа қайта ашылады.

Дауыс беру үшін vote.junioreurovision.tv сайтына кіріп, қатысушылардың өнер көрсетуінің қысқартылған видеосын көру керек. Осыдан кейін ғана дауыс беру парақшасы ашылады, 3-5 ұнаған қатысушыны таңдап, парақшаның төменгі жағындағы SUBMIT YOUR VOTES деген батырманы басу керек. Одан әрі сізге математикалық жеңіл есеп беріліп, жолаққа шешімін жазу ұсынылады және осыдан кейін ғана дауысыңыз қабылданады.

«Балалар Евровидениесі-2018» халықаралық байқауының гранд-финалы Минскіде 25 қарашада өтеді. Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де тікелей трансляция басталады, оны «Хабар 24» телеарнасы көрсетеді.

12 жастағы Данэлия Төлешова сахнаға үшінші болып шығады, оның алдында шығатындар — Украина мен Португалия әншілері. Ол «Өзіңе сен» әнін қазақ және ағылшын тілдерінде орындайды.

Қазақстан бұл байқауға тұңғыш рет қатысқалы отыр. Беларусь БАҚ мәліметтері бойынша, 12 жастағы Данэлия Төлешова ең мықты қатысушылардың бірі болып есептеледі. Ол 2015 жылы «Новая Волна» байқауына қатысып, осыдан кейін «Голос. Дети» шоуында жеңіске жетті.