Абаев Азаттық тілшілеріне жасалған кедергі туралы пікір білдірді

0

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Азаттық тілшілеріне жасалған кедергілерге қатысты пікір білдірді. Министр, журналистерге арыз жазуға кеңес берді.

«Бұл — таза құқықтық мәселе. Сол адамдарды (кедергі келтірген) тауып, сотқа беру үшін арыз жазыңыздар. Міндетті түрде әрқайсысын түбіне дейін жеткіземіз. Арыз жазыңызшы, мен өзім сол арызбен істі аяғына дейін қарастырамыз»,- деді министр Абаев.

6 шілде кешке Нұр-Сұлтандағы наразылық шарасынан тікелей эфирде ақпарат таратқан Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа белгісіз біреу шағын баллоннан газ шашып кеткен. Ол баллонды Азаттық тілшілеріне бағыттағанымен, сол жерде журналистер көп болғандықтан өзге де тілшілерге тиген.

Нұр-Сұлтанда журналистерге қызмет барысында қолшатырмен кедергі жасау оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Алайда газ шашып, жұмысқа бөгет жасау алғаш рет кездесіп отыр.

Бұдан алдын, биыл 9 маусымда Нұр-Сұлтанда наразылық шарасынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхаметовке де белгісіз біреу қолшатырмен кедергі келтірген. Қолшатыр ұстаған адам Азаттық операторының камерасын жапқан.

10 маусымда Шымкентте белгісіз адам Азаттық тілшісі Дилара Исаның камерасын қара қолшатырмен көлегейлеп, кедергі келтірді. Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі жасаған адам бетіне медициналық маска мен көзілдірік киген. Сол маңда жүрген полиция ол адамның әрекетін көрсе де, ешқандай шара қолданбады.

Ал мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтандағы шарадан хабар тарату кезінде белгісіз адамдар Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қолын қайырып, смартфонын тартып алған. Сол күні таңертең белгісіз адамдар Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін шағып кетсе, Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігігінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастаған.

22 наурызда да Қазақстан астанасындағы наразылықты түсіруге барған Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Тимур Айтмұханбетовке сол маңда жүрген, өздерін «студентпіз» деп таныстырған бір топ жас жұмыс істеуге кедергі келтірді. Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру сол күні Алматыда болған наразылық кезінде де байқалды. Бұған ұқсас оқиғалар Шымкентте де байқалған.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы» медиакорпорациясы осы компанияның журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация тілшілерге жасалған кедергіні «тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті» деп бағалаған.​

Azattyq