А. Варсимашвили, режиссер: Құрт лақтырып, қасіреттен құтқарған қазаққа ризамыз

0

Тбилисидегі А.С.Грибоедов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына «АЛЖИР» қойылымын тамашалауға барғанбыз. Бірақ онда грузин әртістерінің қазақ халқының мейірімділігі мен кеңпейілдігін айтып, сахнадан бас иетінін залдағы екі қазақ – құрбым екеуіміз күткен жоқ едік. Театрдың көркемдік жетекшісі, спектакль авторы әрі қоюшы-режиссері Автандил Варсимашвили деректі драманың идеясы Астанаға барған іссапарында пайда болғанын айтады.     

«Астанада болған кезде «АЛЖИР» мұражайын көру туралы ұсыныс түсті. Шыны керек, барғым келген жоқ, – дейді режиссер, – Өйткені, қасіретті жерлерді көру – әркез ауыр». Ол әйелімен  телефон арқылы сөйлескен кезде оның әжесі сол лагерьдің тұтқыны болғанын естиді. Ақыры ол топпен бірге 1938-1953 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің әйелдері отырған Ақмола концлагері туралы мұражайға барып, естелік тақтадан әжелерінің аты-жөнін табады. Бұған дейін ол мұндай орын туралы естімеген, ондағы жан түршігерлік жағдайдан мүлдем бейхабар болған.  Осы оқиғадан кейін ол қойылым жасауға шешім қабылдайды. «Басқалар да білуі тиіс. Нәубеттер қайталанбауы үшін көрсетуіміз керек. «30-шы жылдарғы репрессия тақырыбы ескірген, оны қайта-қайта қозғай берудің қажеті жоқ» деу дұрыс емес. Ештеңе ұмытылмайды», – дейді автор.


Варсимашвили өз туындысын «деректі драма» деп атайды, өйткені, ол шынайы дерек көздерін, оның ішінде Астана музейлерінен де мәліметтер пайдаланған. «Лагерьде отырған әртүрлі тұтқындардың оқиғаларын жинастырып, оларды әйелімнің әжесінің оқиғасымен ұштастырдым. Бір әйелдің тағдыры арқылы барлық жапа шеккен халықтар тарихын баяндағым келді», – деді режиссер.
Жалпы «АЛЖИР»-де 8 мыңға жуық әйел қамауда отырса, оның 300-ге жуығы грузин әйелдері болған. Варсимашвили олардың көзі тірі кейбіреуімен кездеседі. «Бірақ бәрі ортақ нәрсе – олар сол кезеңді еске түсіріп, айтқылары келмейді, – деп әңгімелейді режиссер, – Өйткені, олар бастан өткізген азапты ұмытқылары келеді. Басында бәрі бір ауыздан, келісіп алғандай көрінген. Артынан түсіндім, олар өз миларына ұмыттыруға бұйрық берген. Біздің әжеміз де қасіретті кезең туралы жақ ашпайтын».
Спектакльдің орта тұсында тұтқын әйелдерге жергілікті тұрғындардың аппақ «тастар» лақтырып, оның «кептірілген ірімшік» – құрт болып шығатынын, соны олардың талғажау еткендерін көрсетеді. Грузин «тұтқындары» қазақ халқының  көмегі мен қамқорлығын сахнадан айтып, бас иеді. «Бұл туралы бұрынғы тұтқындардан естідім. Қазақ әйелдері құрт қана емес, тамақ жасырып кеткен, жылы киімдер лақтырған. Біз қазақ жұртына алғысымызды білдіреміз. Спектакльде де осы туралы айтылады. Оларға тамақ тастап жүрген – малшылар. Елді мекен лагерьден алыс орналасқан. Оларға темір  шеңгелмен қоршалған лагерьге жақындауға рұқсат етілмеген», – деп баяндайды режиссер.
Шын мәнінде, спектакль көпшілік үшін қызықты. Біз барған кезекті қойылымда да зал халыққа толы болды. Сахнада декорация жиі өзгермесе де, сегіз әртіс әйелдің шынайы ойыны мен жан тебірентерлік монолог, диалогтары көрермендерді оны соңына дейін тапжылмай көруге мәжбүр етеді.  «Бұл спектакльге адамдар көп келеді. Өйткені, ол барды бағалауға үйретеді, жаңа өмірге құлшыныс береді.  Ондағы тұтқын әйелдер шіркеудегі иконаларда бейнеленген әулиелер сияқты қасиетті. Тіпті олардан көбірек азап көрген шығар. Себебі, бейкүнә жандар жазықсыз «тозаққа» түсті», – дейді режиссер. Ол «спектакль – сол кездегі азапталған, қиналған, құрбан болғандарға тағзым. Солардың арқасында біз бүгін еркін тыныстап, өз ойымызды ашық айтып, бейбіт өмір сүрудеміз», – деп есептейді.
«АЛЖИР»-ді қазақ көрермендеріне көрсету жоспарда болыпты. «Қазақстандық тарап шақыратын болып келіскен, одан кейін бұл мүмкін болмай қалса керек», – дейді режиссер. Бірақ бұл қойылым Грузияда ғана емес, басқа елдерде де қошаметке ие болған. Ресейде «Балтық үйі» сияқты театр фестивалінде Гран-при және басқа да халықаралық фестивальдерде жүлде алған. Украина да бірнеше мәрте көрсетілген. Ресейде, Еділ бойы аймағында тағы көрсету жоспарланған. Өйткені, бұл спектакль – тек грузиндер туралы ғана емес, – дейді режиссер, –  Сол нәубетті бастан өткен барлық елдерге ортақ».

Айжан Жеңісқызы

Дереккөз: Айқын