9 жасар қыздың президентке жолдаған эстафетасы

0

Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтпек

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңін жатқа оқып, үзінді оқу эстафетасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған 9 жасар Ләйлім Рысқали Sputnik Қазақстан тілшісіне эстафетаның қалай басталғанын және Абайдың қанша өлеңін жатқа білетінін айтып берді.

Абай өлеңдері

Ләйлім Рысқали Нұр-Сұлтан қаласындағы №73 физика-техникалық мектеп-лицейінінің 4-сынып оқушысы, Абайдың 68 өлеңін жатқа біледі. Қазақтың ұлы ақынының өлеңін алғаш рет екі жасында анасымен бірге жаттапты.

Ол Абайдың мерейтойына орай ақын өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын президентке қалай жолдағынын түсіндірді.

«Бұл эстафетаны бірінші Шынар Шәкен есімді апайым бастады. Кейін оны маған жолдады. Ал мен бірден «Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаймын» деп шешім қабылдадым. Бірақ бұған әке-шешем қарсы болды. Олар «президенттің жұмысы көп, эстафетаны қабыл алып, жауап бермеуі мүмкін» деді. Соған қарамастан мен тәуекел етіп, эстафетамды мемлекет басшысына жолдадым», — дейді 9 жасар оқушы.

Осы орайда оның сөзін анасы Жадыра Жұмакүлбай толықтырды. Ол Qazaq radiosy-ның журналисі екен. Жадыра ақынның өлеңіе оқу эстафетасының қалай басталғанын айтты. Оныі айтуынша, мемлекет басшысы Абайдың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту жөніндегі жарлыққа қол қойғаннан соң, мамырда эстафета басталып кетіпті.

Тағы оқыңыз: Тоқаев 9 жасар қыздан эстафета қабылдады — видео

«Эстафетаны Шынар Шәкен есімді журналист бастады. Ол – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Екеуміз Англиядағы бір университетте оқыдық. Кейін ол үзінді оқу эстафетасын Ләйлімге берді. Содан біз Ләйлімге «сен кімге бересің?» дедік. Ол «эстафетаны президентке беремін» деді. Содан әкесі екеуміз «президентке бермей-ақ қой» деп көндіруге тырыстық. Бірақ баламыз көнбеді. «Бұл эстафетаны берсем, тек қана президентке ғана беремін» деді. Баланың көңілін қалдырмауға тырысып, видеоға жазып, әлеуметтік желіге жүктедік», — дейді Ләйлімнің анасы.

Жауап бермейді деп ойладық

Ол мемлекет басшысы бұл эстафетаға жауап бермейді деп ойлаған екен.

«Президент бірден жауап берген жоқ. Үш аптадай уақыт өтті. Себебі, Арыста жойқын жарылыс болды ғой. Осыдан соң, президенттің жауап бере қойматынын түсіндік. Шыны керек, «мүлдем жауап бермейді» деп те ойладық. Алайда осыдан 1-2 күн бұрын кешкі сағат 19:00 шамасында, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында Ләйлімге жауап беріп, видео жариялады. Бұдан кейін мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл туралы жазды. Әрине, бұл жаңалықты естіп қуандық. Баламыздың қуанышында шек болған жоқ», — дейді Жадыра Жұмакүлбай.

Ләйлім Рысқали эстафетаны қабылдаған президентке алғыс білдірді.

«Эстафетаны қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды айтамын. Бұл жақсы жаңалықты естіп, қатты қуандым. Сондай-ақ, Абай атамның өлеңдерін оқуға, жаттауға деген құлшынысым арта түсті. Шабыт сыйлаған президентімізге алғысым шексіз. Президент эстафетаны қабылдаған соң, журналистер менен сұқбат алып жатыр. Ал мен эстафета осылай жалғасады деп ойлаған жоқпын», — дейді оқушы.

Сондай-ақ, ол Абай оқуларына қатысу да жоспарында бар екенін жеткізді. Ал анасы Жадыра Жұмакүлбай бұл оқуға тек 5-сыныптан қатыса алатынын, қыркүйекке дейін Ләйлім Абайдың тағы жиырмадан астам өлеңін жаттайтынын айтты.

Мәнерлеп сырғанау және Денис Тен

Әңгіме барысында оқушы мәнерлеп сырғанаумен шұғылданып жүргенін атап өтті.

«Бұл спорт түрімен айналысқаныма 3 жыл болды. Мәнерлеп сырғанауға 6 жасымда келдім. Оған дейін каратэ, айкидо, гимнастика үйірмесіне бардым. Бірақ оларды тастап кеттім. Сөйтіп, мәнерлеп сырғанауға таңдадым. Осыдан соң, мен youtube-ті ашып, тамынал мәнерлеп сырғанаушыларды іздеп, Денис Тенді таптым. Оның видеоларын көріп, қуандым. Осылайша мәнерлеп сырғанау спортына деген қызығушылығым оянды. Сондықтан осы спортты таңдадым», — дейді Ләйлім Рысқали.

Жаттығуға таңғы 6-да барады

Ләйлімнің анасының айтуынша, бұл спорт түрімен шұғылдану оңай емес.

Ләйлімнің отбасы

«Кәсіби деңгейде бұл спортқа балалар 4-5 жаста барады екен. Қызым мәнерлеп сырғанауға алты жарым жасында барды. Өйткені оған дейін басқа үйірмелерге қатысты. Мәнерлеп сырғанауға күнде барамыз. Дайындық таңғы сағат 06:00-де басталатын кездер болады. Қазір жаз болған соң, жаттығуымыз таңғы сағат 08:00-де басталып жүр. Ол екі жарым сағаттай болады. Сонымен қатар біз Англияда бір жыл тұрдық. Онда әлем чемпионы болған Юрий Бурейко, Марина Бурейко есімді спортшылардан сабақ алдық», — дейді Жадыра Жұмакүлбай.

Ол Ләйлімнің «Балапан» телеарнасында жүргізуші екенін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл жұмыс баланың сабағына кері әсерін тигізбейді. Себебі, ол телеарнада 30 минут қана бағдарлама жүргізеді.

Абайдың туған жеріне барамын

9 жастағы оқушы жазғы демалысын қалай өткізетінін айтты.

«Жазғы демалыста Абайдың өлеңдерін жаттаймын әрі кітап оқимын. Мәнерлеп сырғанаумен шұғылданамын. Әкем және сіңліммен шахмат ойнаймын. Құдай қаласа, ертең отбасымызбен бірге Абайдың туған жері Семей өңіріне аттанғалы отырмыз. Онда Абайдың Жидебайдағы мұражайына барамыз», — деп түйіндеді сөзін Ләйлім Рысқали.

Тағы оқыңыз: Димаш Тоқаевтан эстафета қабылдады — видео

Сөз соңында анасы Жадыра Жұмакүлбай журналист болса да, 4 баласының тәрбиесіне уақыт бөліп тұратынын, күйеуі танымал дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали да балаларының тәрбиесін назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.



sputniknews.kz