9 маусым: Қазақстанда президент сайлауы өтіп жатыр

0
50

Қазақстанның барлық өңірінде сайлау учаскелерінде тұрғындар дауыс беріп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қазақстанда таңғы сағат сегіздегі жағдай бойынша 9920 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Таңғы сағат 08:00-де еліміздің барлық өңірінде сайлау учаскелерінде дауыс беру басталды. Ол 9920 учаске», – деді Мұстафина Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Оның ішінде 15 шет мемлекетте 17 сайлау учаскесі жұмысын бастаған. Олар: Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Сингапур, Таиланд, Индонезия, Қырғызстан, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан.

Дауыс беруге келген елорда тұрғындары

«Аталған учаскелерде тізімге енгізілген сайлаушылар саны 11 миллион 947 мың 995 адамды құрайды. Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерінің саны – 35 мың 951. Осы есептен шығару куәлігімен сайлаушы кез келген басқа сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Ол үшін жеке куәлігі мен есептен шығару куәлігін көрсетуі керек», – деді ОСК хатшысы.

Айта кетсек, бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауыь өтіп жатыр. Дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы 07:00-де басталды. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беруге бір сағат қалғанда учаскелерді ашуға кірісті.

Президенттікке кандидаттар

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.


©
Sputnik /

Президентікке үміткер жеті кандидат

Дауыс беру кабинасына кім кіре алады

Сайлаушы бюллетеньді алдын ала бекітілген тізім бойынша алады. Учаскіге келген кезде ол жеке куәлігін немесе паспортын көрсетуі керек. Дауыс беру құпия болып саналады. Сондықтан кабинаға бөтен адамға кіруге болмайды. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар көмекшімен бірге кіре алады. Алайда ол орталық сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті немесе атқарушы органның лауазымды тұлғасы, кандидаттың немесе саяси партияның сенімді тұлғасы, БАҚ өкілі және орталық сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы болмауы тиіс.


©
Sputnik / Айгюзель Кадир

Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлау учаскесі



sputniknews.kz