869 млн теңге жымқырған: Елорда білім басқармасының басшылары күдікке ілінді
Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы сыбайлас жемқорлық әрекет жасады деген күдікке ілінді. Бүгінде сот алды тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті.
«Нұр-Сұлтан қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ш., «VSB TRADE & Advertising» ЖШС директоры О. «2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білімі мен ғылымын дамыту» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген жалпы сомасы 869 миллион теңгені құрайтын бюджет қаражатын ысырап етті деп күдіктелген. Олар Қазақстан Республикасы үкіметінің резерві есебінен ағымдағы қызметті жүзеге асырады», — деген ақпарат тарады. Бұл туралы stan.kz жазды.
Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында Олжас Бектеновке тілші оқиғаға қатысты пікір білдірсеңіз деп өз сауалын жолдады.
«Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының құрал-жабдықтарды жоғары бағамен сатып алу фактісі бойынша сот алды тергеудің тіркелгенін растаймын. Тиісті сараптама қорытындысы бар. Тергеу жұмысы жүріп жатыр, сондықтан оның нәтижесі туралы айтуға әлі ерте», — деп жауап берді Олжас Бектенов.