85 заң жобасы қабылданды | «Айқын» газеті
Мәжілістің биылғы соңғы жалпы отырысын өткізген Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталғаннан бергі төрт айда атқарылған жұмысты қорытындылады. Мәжіліс спикері депутаттық корпус өз жұмысында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессия ашылуында және биылғы Жолдауында берген тапсырмаларын басшылыққа алғанын атап өтті.
2018 жылғы қыркүйек айында Парламенттің IV сессияcын ашқан Мемлекет басшысы еліміздің одан ары орнықты экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз ету қажеттілігіне баса назар аударған болатын. Ел Президентінің тапсырмасын жүзеге асыра отырып, Мәжіліс депутаттары ағымдағы сессия басталғалы бері 82 заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Қазіргі кезде оның қырығы қаралып, мақұлданған. 21-не Елбасы қол қойып, олар заңдық күшіне енді.
– Бұл ретте депутаттар Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша бірінші кезекте, барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына баса мән берді, – деді Нұрлан Нығматулин.
Спикер төртінші сессияның алғашқы күнінен депутаттық корпустың қарқынды жұмыс жасағанын айтты. Сонымен бірге, ол алда парламентшілерді Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруды заңнамалық қамтамасыз ету бойынша анағұрлым ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанын нықтады.
– Осы сессиядағы жұмыс басталғалы палата 7 Үкімет сағаты, бір Парламент тыңдауы, Мәжіліс комитеттерінің 7 көшпелі отырысын, 3 халықаралық конференция өткізді. Бұған қоса, сайлаушылармен жұмыс істеу, тиімді кері байланыс орнату біз үшін өте маңызды, – деді Мәжіліс төрағасы.
Төртінші сессияның төрт айында қалаулылар құзырлы мемлекеттік органдарға 95 депутаттық сауал жолдаған екен. Сонымен қатар Нұрлан Зайроллаұлы Президенттің биылғы 5 қазандағы Жолдауы жария етілгеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халықпен кездесу үшін бірден өңірлерді аралауға шығып, осынау тарихи құжаттың басты міндеттерін жұртшылықпен бірге талқылағанын еске салды.
– Бүгінде Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құжаттардың барлығын сессия соңына дейін жан-жақты пысықтап, жоғары сапада қабылдауымыз қажет. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – басты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракция депутаты әдеттегідей бірлесіп, тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек, – деді палата спикері.
Сөз соңында Нұрлан Нығматулин әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызметі үшін алғысын білдіре келе, келесі жылы барлық фракцияның, барша қалаулының өзара үйлесімді әрі кәсіби жұмысы арқасында Мәжіліс Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдауды қамтамасыз етеріне сенім білдірді.
Тұтастай алғанда, төртінші сессия ашылғалы Мәжіліс депутаттары өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселелерін шешуге, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізуге, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты жаңа заң жобаларын мақұлдады. Бұдан бөлек, «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын құптады. «Кинематография туралы» тұңғыш салалық заң жобасы да қалаулылар тарапынан қолдау тапты. Депутаттар бекіткен еліміздің басты қаржылық құжаты – «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы Елбасы Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыруға жол ашады. Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин бұл құжатты талқылау барысында бөлінген бюджеттік қаржыларды тиімді игерудің маңызына, әрбір тиынның мақсатты түрде қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуі тиістігіне тоқталды.
Спикер әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу талқыға салынып, мұқият қаралып, халықтың игілігіне айналуы керектігін атап өтті. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік қызметтер көрсету, агроөнеркәсіптік кешенді реттеу және басқа да салаларға қатысты жаңа заң жобалары бойынша жұмыс істеуде.
2019 жылы депутаттардың заңшығарушылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарына да шоғырландырылады. Сонымен бірге, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу, туризм мәселелері де басты назарда болады.
Мәжіліс осы жылжабар отырысында тарихи тағы бір құжатты – «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы» конвенцияны ратификациялау туралы» заңының жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады.
Дереккөз: Айқын