«8 жылдан бері аузыммен демаламын». Қуат Хамитовтың денсаулығы сыр берді
Атышулы файтер Қуат Хамитов соңғы уақытта денсаулығының қатты сыр беріп жүргенін айтты.
Спортшы алда өзін үш ота күтіп тұрғанын бөлісті. Көп жылдан бері денсаулығының сыр беріп жүргенін жасырмады.
«Шамамен 8 жылға жуық уақыттан бері мұрынмен демалып жүрген жоқпын. Басым ауырып, жүрегім, тамақ пен құлағыма салмақ түсетінін сезінемін. Аузыммен демалатынымды біле тұра 5 раундқа созылатын жекпе-жектерге шықтым.
Енді денсаулығымды қалыпқа келтіріп, әрі қарай не болатынын көргім келеді. Соңғы кезде салмақ өлшеу рәсімінен дұрыс өте алмағанымды өздеріңіз де білесіздер. 2017 жылдан бері мазалап келе жатқан асқазанымды емдеуім керек. Сол себепті тың болып оралғым келеді», — деді «Найман».
Денсаулығының қатты нашарлап кеткеніне қарамастан, Қуат Хамитовтың 2021 жылға бағытталған жоспарлары тым көп. Ол жыл соңына дейін тағы 3-4 рет жекпе-жекке шыққысы келетінін айтты.